№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Субсидияны шағын несие алмастырады

Субсидияны шағын несие алмастырады


Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына берілетін субсидия төңірегіндегі мәселелер азаяр емес. Әсіресе төрт түлікті төлдетіп, содан нәпақасын тауып отырған шаруаны қынжылтатын әділетсіздік көп. Мемлекеттің қаржысын кім көрінген талан-таражға салып, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатса қалай күйінбесін. Қазірде мал шаруашылығына берілетін субсидияның көлемі қысқарып келеді. Соған қарамастан мемлекеттің жеңілдігіне ие болуға ниеттілер аз емес. Дегенмен әркім-ақ судың да сұрауы барын, санда бар, бірақ санатта жоқ төрт түліктің қырсығы қырын келерін ұмытпаған жөн. Бұл жөнінде аймақ басшысы жиі ескертіп, нақты мәселе қойып келеді. Мемлекет басшысының кешегі Жолдауында да бұл тақырып тайға таңба басқандай көтеріліпті.


Алдымен Жолдауда айтылған мәселеге байланысты тоқтала кетейік. Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет. Рас, бірақ мемлекет емес, кәсіпкерлер мен банктер көбірек назар аудару керектігі айтылды. «Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Бұл салаға коммерциялық банктер­дің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қол­ға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек. Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жем­қорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады. Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет» деді Президент.
Яғни таяу жылдары агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау механизмі тоқтайды. Оның орнына жеңілдікпен несие беру тетігі енгізілмек. Аталған әдіс Президенттің тапсырмасы бойынша 2028 жылдың соңына дейін қолданысқа енуге тиіс. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешені тек қана мемлекет қаржысына сүйенбеу керек. Салаға коммерциялық банктер де тартылуы қажет. Алдағы уақытта агроөнеркәсіптің жайы не болмақ? Агроөнеркәсіп кешеніне мемлекет қамқорлығы жыл санап артып келеді. Енді бұған қаржы ұйымдары да несиелендіру арқылы атсалысуға тиіс. Субсидияның орнын несие басуға тиіс Агроөнеркәсіп кешеніне субсидия бергенді доғару керек. Оның орнына жеңілдетілген несие беруді енгізу қажет.
Жалпы субсидия дегеніміз – бұл мемлекет бюджетінен немесе қор қаражатынан бөлінетін қайтарылмайтын қаржылай көмек. Ол тек белгілі мақсаттарға беріліп, субсидия алушы шығынының бір бөлігін өтейді. Қайтарылмайтын қаржы болған соң екінің бірі жолын тауып қармап қалуға ықылас білдіріп келді. Байдың асын байғұс қызғаныпты болмасын, бірақ елге жаны ашиды деген азаматтардың өзі тойымсыздармен тайталасып жүріп тойып алғанын талай құлақ естіді. Бір бұқа сатып аласың, қасындағы 25 немесе 50 сиыры құжат бойынша тіркеуде тұрады. Тек құжат бойынша ғана. Тексерушілерге де сылтаудың түр-түрі көп екен.
– Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр. Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық, – деді Мемлекет басшысы.
Міне, Президент те осындай жал­ған ақпараттың абыройсыздығын мең­зеп, ашықтыққа, шындыққа бет бұру­ға шақыруда. Субсидия туралы Үкімет отырысында да талқыланып, алдағы меже айқындалып отыр.

Субсидиялау механизмі жойылады

Үкімет отырысында Премьер-ми­нис­трдің орынбасары Серік Жұманғарин субсидия беруден несие беруге 4 жыл ішінде көшетінін мәлімдеді. Ол үшін нақты іс-шаралар қамтылған жол картасы бекітілді. Биыл көктемгі егіс науқанына арналған жеңілдетілген несие көлемі екі есе ұлғайды. Шаруаларға мемлекеттен 580 млрд теңге бөлінді. Келесі жылдан бастап салаға екінші деңгейлі банк­тер де тартылады. Осылайша егіс және орақ науқандарын қаржыландыру со­масын 1 трлн теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Ал Президент айтқандай санда бар, санатта жоқ мал басы қосалқы шаруашылықтарға тиесілі дейді вице-премьер.
– Жалпы экономиканы ырықтандыру туралы Жарлыққа сәйкес тауарлық-спецификалық субсидияларды жеңіл­детілген кредит беруге көшіру 2028 жылдың соңына дейін қамтамасыз етілетін болады. Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастама­сымен 2023 жылдың басынан бері 2 млн бас ірі қара мал, 3,2 млн бас қой мен ешкі, 3 млн тонна сүт есептен шығарылды. Есептен шығарылған мал басының негізгі үлесі қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Қосымша 2,5 млн тонна дәнді дақылдарды, 2 млн тоннаға дейін картопты және 300 мың тоннадан астам пиязды есептен шығару жоспарлануда, – деді премьер-министрдің орынбасары.
Егінге қарағанда мал шаруа­шы­лығына басшылықтың қабағы қатулы. Оның себебі де түсінікті, нақты түсіндіріп кетейік. Біріншісі, сол жалған құжатпен қаржылар есепсіз желге ұшты. Екін­шісі, субсидия мемлекетке, экономика мен әлеуметтік жағдайға ешқандай пайда әкелмей тұрғанын сарапшылар жеткізді. Қайтарымсыз қаржы алғандар тек жеке бастарын күйіттеп келді. Мемлекетке қайтарымы болмады, Мұ­рат Жолкелдіұлы ауданға әкім болып тұрғанда осы мәселемен күресті. «Біз субсидияны екі еселеп беруге дайынбыз. Осы әрекетке қарай шаруалар етті базар бағасынан 15-20 пайыз арзан етіп халыққа пұлдасын. Сонда әділеттік болады» деген болатын. Бұл құптарлық ұсыныс, нақты талап.

Субсидиялаудың тәртібі қандай?

Алдымен егін шаруашылығынан бастасақ. Бұл сауалдар бойынша бізге аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімі нақты жауап берді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 30 наурыздағы «Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» №107 бұйрығы негізінде жүргізіледі. Нақты сатып алынған элиталық тұқымдарына жұмсалған шығындарын ішінара (70%) өтеуге, 15%-дан аспайтын алаңға; нақты сатып алынған бірінші репродук­ция тұқымдарына жұмсалған шығында­рын ішінара (50%) өтеуге, 20%-дан аспайтын алаңға және субсидияланатын жеміс-жидек ағаштарының көшеттеріне 50 пайызын субсидиялайды.
Тыңайтқыштар құнын субсидия­лау. Ауыл шаруашылығы дақылдарына қажетті минералды тыңайтқыштарды шаруашылық құрылымдары (отандық, шетелдік тыңайтқыштар) толық құнымен сатып алады. Содан кейін мемлекет 50 пайызын өтеп береді. Мәселен, сульфат аммония – 55 000 теңге, аммиак селит­ра – 65 000, карбамид – 89 286 және аммофос – 92 812 теңгені құрайды.
Гербицидтер құнын субсидиялау. Бұл да сол тәртіппен бекітілген. Тең жартысы төленеді. Сондай-ақ, басым дақылдар, оның ішінде мақсары тоннасына – 31 262 теңге, дәндік жүгері тоннасына – 20 021 теңге, жылытылатын өнеркәсіптік жылыжай кешендеріне гектарына – 9 281 263 теңге, фермерлік жылыжайлар гектарына – 1 673 176 теңге субсидия беріледі. Соңғысы су жеткізу қызметін қаржыландыру. Күріш дақылының суына төленген сома­ның 50%-ы, өзге дақылдарға 60%-ы төленеді. «Жаңақорғансушар» өндірістік учаскесіне су жеткізіп беру қызметіне төленген чек, квитанция, акт құжаттары субсидия алуға арналған негізгі құжаттар болып табылады екен.
Сол секілді балық шаруашылығын субсидиялау да әжептеуір көңілге демеу болады.
Енді мал шаруашылығы жөнінде сараласақ. Алдымен мүйізді ірі қараға тоқталсақ. Етті бағыттағы тұқымдардың отандық асыл тұқымдық бұқасын және аналық басын сатып алу 1 басқа 150 000 теңге, шет елден сатып алынған асыл тұқымды мүйізді ірі қараның 1 басына 225 000 теңге, сүтті бағыттағы отандық ірі қара малдың асыл тұқымды аналық басын сатып алуға 1 басқа 200 000 теңге қаралған. Селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізу үшін ірі қара малдың тауарлық аналық басы 10 000 теңге, асыл тұқымды аналық басы 15 000 теңге, олардың азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату бойынша әр аналық басқа 30 000 теңге беріледі. 1000 бас болатын бордақылау алаңдарына бордақылау үшін немесе сою қуаты тәулігіне 50 бас болатын ет өңдеуші кәсіпорындарына өткізілген бұқашықтардың құнын арзандату бойынша тірілей салмағына 200 теңге қарастырылған.
Отандық асыл тұқымды қойлар сатып алу 1 басқа – 15 000 теңге, асыл тұқымды аналық 1 басқа – 4000 теңге, тауарлық аналықтың әр басына – 2500 теңге беріледі. Олардың азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату (жем-шөпке) бойынша әр аналық басқа тағы 5 000 теңге қарастырылған. Бірақ бұл жеңілдік 300 бастан жоғары аналығы бар шаруа қожалықтарға ғана беріледі екен. Осылай кете береді, жылқы мен түйеге де әжептеуір жеңілдіктер бар. Мәселен, өнімді бағыттағы асыл тұқымды тұқымдық айғырлар сатып алу үшін 1 басқа – 100 000 теңге беріледі. Олардың азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату бойынша әр аналық басқа – 20 000 теңге көзделген. Өтінім беру plem.kz веб-портал САЖ-да тауар өндірушілер ЭЦҚ-сы арқылы облыстық басқармаға жолдайды.
– Ауданның Сыр беткейі мал мен егін шаруасымен күнелтіп отырса, тау беткейдегі халық төрт түлікпен тіршілігін түзеп келеді. Сондықтан мал тіршілігіне икемді ауылдарға субсидия керек-ақ, дегенмен көпшіліктің реніші де орынды. Дәл қазір базар бағасына шектеу болмай тұр, мұны да түсінуге болады, – деп шаруалар қысқа қайырды.
Жөн пікір, қазір халық ет бағасының тым шарықтап бара жатқанына наразы. Тек еттің ғана емес, жалпы күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы құбылып тұр. Өзімізден шығатын өнімнің өзі қазір ырыққа көнбей тұрғаны ақиқат. Осыны реттеу үшін мемлекет осы уақытқа дейін субсидия беріп келді, енді басқа әдіске көшуге ниетті.
Сыр өңірі шаруаларының ағымда­ғы жылдың 8 айында алған субсидия­ларын саралап көрейік. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына сәйкес субсидиялауға өтінімдер тізімінде 1001 адам тіркелген. Соның 374-і Жаңақорған ауданына тиесілі. Ол түсінікті, себебі аймақта мал басы жөнінен біздің аудан алдыңғы орында. Сондықтан өңір субсидиясының 30 пайыздан астамын біздің шаруалар алады. Нәтижесінде аудан әлеуеті артып келеді, бірақ кемшін тұстары да жетерлік. Оны уақыт саралайды
Қорыта айтқанда, аграрлы сала қолдаусыз қалмайды, тек мемлекет басқа механизмге көшуге ниетті. Оның нәтижесін алдағы уақытта көретін боламыз. Ең бастысы, тіршілігі осы саламен тіктеліп отырған шаруаларға қолдау тоқтап қалмайтыны анық. Тек дұрыс бағытқа жұмсай алсақ болғаны. Ауылшаруашылығы ел әлеуетін еңсеріп, экономикаға үлкен ықпал ете алатын сала.

Әлібек ТЕМІРБЕК
10 қыркүйек 2024 ж. 338 0