№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » СЫРДЫҢ ОЗЫҚ ОН БІР ІСІ

СЫРДЫҢ ОЗЫҚ ОН БІР ІСІ


Сыр өңіріне сапарымыздың бір күні бос болмады. Аймақта облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың бастамасымен күн санап бір жаңашыл жаңалық қосылып жатты.
Түркі жұртының данасы Жүсіп Баласағұнның: “Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады”,- деген сөзі бар екен. Ал беріден қозғар болсақ Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қала-мемлекет – Сингапурды өркендеу жолына түсірген Ли Куан Ю "Сингапурды кімде-кім басқармасын, оның бойында қайсарлық және ізденімпаздық қасиеті болуы керек" деп пайымдаған екен. Рас, ел басқару ісінде адамға қажетті басты қасиеттер – осы!
Батылдық болмаса, жауапкершілік жүгін көтеру мүмкін емес, үнемі ізденіс болмаса ұлттық және өңірлік бағдарламаларды халықтың игілігіне айналдыру да қиын. Міне, Сыр өңірінің тетігін ұстап, облыс экономикасын әртараптандырып, халықтың өмір сүру деңгейін арттырып, білім беру мен ғылым, руханият пен мәдениет, медицина мен спорт саласын жетілдіруге бел буған Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың бойынан осындай лидерлік және іскерлік қасиеттерді көруге болады.
Нұрлыбек Машбекұлы істің көзін таба білетін іскерлігі, әріптестерін елдік іске жұмылдыра білетін талапшылдылығы, халықтың ұсыныс-тілегін біліп, көпке керекті бастаманы бастайтын елшілділігімен дараланатынын жақсы білеміз. Осындай қабілет-қасиеттерінің арқасында облыста әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени бағытта жүйелі жұмыстар бастап, іргелі істердің атқарылуына мұрындық болып келеді.
Рас, соңғы 2 жарым жылдың ішінде Қызылорда облысы орнықты даму индикаторлары бойынша жоғары көрсеткіштерге ие. Депутат әріптестерімізбен бірге аудандарды аралап, халықпен етене жақын тілдесіп, қарқын алған игілікті істерге куә болдық. Шыны керек, Сыр жұрты байыпты бастамаларды көзбен көріп, көңілмен түйіп, өздерінің жоғары бағасын беріп отыр. Біз осы бағыттағы бастамаларды облыстың он бір озық ісіне біріктіріп, талдағанды жөн көрдім.
Біріншіден, жол – экономиканың күретамыры, қауіпсіз қарым-қатынастың діңгегі. Тарихқа көз жүгіртсек, Еуропа мен Азияны жалғап, жүздеген қалалар мен мыңдаған керуен сарайлардың өркендеуіне негіз болған Ұлы Жібек жолы осындай ұлы міндеттерді атқарғанын жақсы білеміз. Қос құрылықты байланыстыратын "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық жолы теңіз жолына қарағанда 15-20 күн уақытты қысқартатын іргелі жоба болып табылады. Осы күрежолдың экономикалық потенциялын мейлінше пайдаланып, жол бойындағы сервистік орталықтарды дамыту маңызды міндеттің бірі. Бірақ, Қызылорда-Ақтөбе бағытындағы жолдың сапасы бұған толық жауап бере алмай келген-ді. Осы күрделі істің маңызы мен міндетін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев терең түсініп, оң шешуге бастамашыл болды. Сөйтіп, Қызылорда-Ақтөбе жолын 1-ші санатты жолға айналдыру жұмысы қолға алынды. Бұл – жол-көлік жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Бұл бастаманы облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы тиімді ұйымдастырып жатқанын көріп отырмыз.
Екіншіден, елдің саяси орталығы – Астана қаласымен жол арқылы жетудің қиындығы аз емес. Егер Түркістан, Жамбыл облыстары арқылы баратын болсақ, жолдың ұзындығы 1000 шақырымға дейін ұзарады. Ал, Ұлытау облысы арқылы жол азабын бір адамдай тартушы едік. Мұның бәрі ел орталығымен байланысты қиындатып келгені белгілі. Мемлекет басшысының пәрменімен бұл бастама да маңызды деп танылып, Қызылорда-Жезқазған автожолының облысқа қарайтын аумағында күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алды. Одан бөлек, облыстық бюджет есебінен ішкі жолдарды жөндеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Біз аудандарды аралағанда осыған куә болдық. Облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі cоңғы 2 жылда 82 пайыздан 87,5 пайызға жетуі соның дәлелі. Бұл ауыл тұрғындарының облыс орталығымен, одан әрі өзге өңірлермен қарым-қатынас байланысын жақсартары сөзсіз.
Үшіншіден, биылдан бастап Қызылорда қаласында ыстық су қысы-жазы берілетін болды. Бағалай білсек, бұл – Қызылорда қаласының тарихындағы ең іргелі істің бірі.
Бұл – қала тұрғындарының денсаулығына оң әсер етіп, жайлы өмір сыйлайтын жақсы бастаманың бірі деп білемін.
Құрметті қызылордалықтар, Сіздерді игілікті іспен шын жүректен құттықтаймыз!
Түтініміз түзу, өміріміз шуақты, суымыз жылы бола берсін!
Төртіншіден, аймақ басшысы өзінің мәмілегерлік қабілетімен де ерекшеленді. Шет елдердің ірі компаниялары Қызылорда облысына инвестиция салуға ынталы екенін көрсетуде. Мәселен, Түркияның қатысуымен Жылу электр станциясы салынады. Бұл – өз кезегінде облысты толық электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, тіпті, артығын сыртқа шығаруға жол ашады. Бастысы, өткен ғасырдың 70-80 жылдары тартылған электр желілері кезең-кезеңімен жөндеуден өтіп, нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 66 пайыздан 62 пайызға төмендеді.
Бесіншіден, кез келген мемлекетке немесе қалаға баратын негізгі төрт қақпа болады. Бірінші – әуе жолы, екінші – автожол, үшінші – темір жол, төртінші – су жолы. Біздің облыста алғашқы үшеуі арқылы қонақтарды қабылдау үдерісі жақсара түседі. Өздеріңіз білетіндей, «Қорқыт ата» халықаралық әуежай жаңа терминалының құрылысы аяқталып, 8-10 мың адамды қабылдайтын заманауи автобекет бой көтеріп, темір жол вокзалы жөнделді. Соның салдарынан сапалы коммуникациялық желілері дамып, облысқа келіп-кететін қонақтар саны арттып, туристік орталықтардың танымал бола бастайтыны белгілі.
Облыс көлемінде газдандыру және орталық ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізіліп жатқанын көріп, біліп отырмыз. Бұл бастамалар ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты қысқартып, жергілікті халыққа жайлы өмір салтын қамтамасыз ететін болады.
Алтыншыдан, мұнай қорлары сарқылуына байланысты алдымызда оның жаңа көздерін іздестіру және шағын және орта бизнесті дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру міндеті тұрғаны анық. Сөзбен айтқанда оңай көрінгенімен, үлкен ізденісті, қажырлы еңбекті қажет ететінін түсінуіміз керек. Бұл бағытта да мақтанарлық жобалар аз емес екен. Облыс бойынша өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу өнеркәсібі тұрақты даму динамикасына ие. Тіпті өңірлер арасындағы 11-ші позициядан алдыңғы қатарға көтерілуі бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды дәйектейді. Әсіресе, шағын және орта бизнес қарқынды даму жолын тапты. Оған осы салаға екі жылда 127 млрд. 500 млн. теңге қаржы тартылуы дәлел болады.
Жетіншіден, әрбір адамның бір арманы – баспаналы болу. Баспанасы бар адам өз-өзіне сенімді болады, әрі сапасы жұмыс істейді. Сондықтан озық елдер елдің әл-ауқатын арттырудың бір өлшемшарты ретінде инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға басымдық береді. Осы тұрғыдан алатын болсақ, біздің облыс құрылыс алаңына айналды десек те болады. Мәселен, соңғы 2 жылда Қызылорда қаласын да 13 шағын аудан бой көтеріп, сол жағалаудағы құрылыс жұмыстары қарқын алды. Өңір бойынша 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Қадірлі жерлестер, біле білсек, бұл – үлкен жетістік, зор табыс!
Сегізіншіден, экономикалық серпілістің артында рухани-мәдени игіліктер тұратынын жақсы білеміз. Мәдениетті, білімді, бәсекеге қабілетті адамдар ғана келешек тудырған міндеттерді танып, біліп, сезіп, соған сай еңбек етеді. Осыдан-ақ рухани-мәдени салаға дем берудің маңызын түсінуге болады. Биыл облыс көлемінде "Руханият" жылы деп жарияланып, осы саланың дамуына ерекше серпін беріліп отыр. Оған облыс орталығында Өнер орталығы, Анаға тазғым және Отбасы орталығы ашылуы дәлел болады. Оған Жыраулар үйі, музыкалық колледж, Оқушылар сарайын және облыстық тарихи-өлкетану музейін қосыңыз. Басқа облыстардан ерекшелейтін «Шығармашылық академиясы» да біздің руханият-мәдениет саласындағы бір артықшылығымыз болғалы тұр. "Жастар театры" қайта құрылып, "Арман" инклюзивті театры үйірмесі іске қосылып, әдебиет, өнер саласының қызметкерінің еңбегін бағалап, мерейін арттыратын "Тұран" сыйлығы көпті қуанта бастады.
Аудан орталықтарында неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйін біріктіретін "Руханият" орталықтары тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге, ұрпақтар сабақтастығын жалғауда септігі тиетіні анық. Біз мұндай заманауи орталықтарды Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінен көріп, таңғалғанымыз рас! Осындай ауқымды, жүйелі жұмыстардан кейін, Түрксой сыйлығымен арнайы марапатталған Сыр елі – түркі мәдениетінің алтын қазығы ретінде әйгіленіп, дәстүрлі және заманауи өнер түрлері қарқынды дами беретін болады.
Руханият, мәдениет саласындағы бастамаларды атқарудың негізгі себебі – облыс басшысы өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихы мен өнерін бағалап, сосын әлемдік мәдениетке қосқан үлесін бағдарлайды деген парасатты ұстанғандықтан деп білемін.
Тоғызыншы, біз әруақтарды сыйлап, киелі жерлерді құрмет тұтқан халықпыз. Бұған "Әруақ сыйлаған ел азбайды" деген аталы сөз дәлел. Облыс аумағындағы киелі орындар – Марал ишан, Қорқыт ата, Хорасан ата мазаратының аумағын жаңғырту жұмыстары қолға алынып, қасиетті орындарға келіп зиярат ететін адамдарға ыңғайлы жағдайлар қалыптастырылуда. Сыр өңіріндегі тарихи орындар – ортағасырлық қалаларды зерттеу, зерделеу жағы да ұмыт қалмай, археологтардың жұмысына көңіл бөлінуде.
Оныншы, облыста білім беру, бұқаралық спорт, медицина бағытында тың жобалар қолға алынып жатыр. Мысалы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектептің, «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы мектеп-интернатының құрылысы жүруде. Одан бөлек, білім ордаларын күрделі жөндеу және қосымша ғимараттардың құрылысы жүргізілуде.
Халықаралық стандарттарға сай 10 мың орынды Орталық стадион және жабық бассейні бар көп салалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Үстел теннисі орталығы қаланың сәулеттік келбетін жаңғыртумен бірге, бұқарылық спорт түрлерін дамытатын бірегей жобалар деп білемін.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 27 медициналық нысан бой көтеріп, биыл 11 дәрігерлік амбулатория есігін ашады. Қалада көпбейінді аурухананың құрылысы қарқын алды. Сондай-ақ Қан орталығы пайдалануға беріледі. Бұл бастамалар денсаулық сақтау саласының сапасын арттыратыны анық.
Он бірінші, әрі ең бастысы, облыс бюджетінің көлемі артты. 2022 жылы облыс бюджеті 364 миллиард теңгені құраса, 2024 жылы 733 миллиард теңгеге жетті. Қызылорда облысында қарқын алған байыпты бастамалар жалғасын тауып, алдағы бірнеше жылда триллион теңгелік бюджетке жететініне сенемін. Бұл – тұтастай Сыр өңірінің қарқынды дамуын көрсететін көрсеткіш.
Сыр жұртшылығы осы игіліктердің барлығын Мемлекет басшысының тікелей қамқорлығы мен қолдауы деп бағалайды.
Құрметті жерлестер, осындай ұлы мақсаттар аясында тізе қосып, бірлесе өнімді еңбек ете берейік.
Алдағы уақытта елімізді мол игіліктер күтіп тұрғанына сенімдімін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өтпелі кезеңде елде орын алған саяси-экономикалық дағдарыстардың себебін талдап, салдарын саралаумен қатар, алдымызға нақты міндеттер қойды. Ауқымды бастамалар қоғамда әділеттілік принциптері жүзеге асып, халықтың әлеуметтік жағдайы оңалуынан көрінетін болады.
Конституциялық реформаларға сай саяси реформалар кезең-кезеңімен іске аса бастады. Мұның көрінісін көп партиялы Парламент жасақталғанынан көруге болады. Сондай-ақ Үкіметтің өкілеттігі кеңейе түсті. Енді Президент Әкімшілігі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты стратегиялық бағыттарға жауап бермейді, саяси штаб ретінде жұмыс істейді. Яғни түрлі салаға қатысты шешімдерді қабылдау құқығы Үкіметке өтті. Аймақтардың бюджетке қатысты дербестігі арта түсті. Республика көлемінде бұл міндетті Қызылорда облысынан асыра орындаған ешбір өңір жоқ.
Құрметті Сыр елінің азаматтары!
Сіздерге сенім үдесінен шығып, өркендеудің өрісті жолында табысты еңбек етуді тілеймін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Сыр өңірі қарқынды өркендей берсін!
28 тамыз 2024 ж. 93 0