№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Үлгілі елді мекен» атанды

«Үлгілі елді мекен» атанды


Ауылдарды дамыту – аймақ саясатының басты бағдары. Елді-мекендер заман талабына сай өркендеп, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне лайықты жағдайлар жасалуда. Ел үкіметінің де алға қойып отырған басты мақсаты – осы. Өңірімізде жыл сайын «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауы ұйымдастырылуы елеулі жетістіктерге екпін беріп келеді.


Өткен жұма күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттап, жүлделерін табыс етті. Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Парламент Сенатының, Мәжілісінің депутаттары арнайы келіп қатысты.
Өмір сүрген ортамызды абаттандыру, елді мекендерді дамыту, оның ішінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, оларға жайлы орта жасау бағытындағы жұмыстарды ынталандыру, бағалау мақсатында қолға алынған «Үлгілі елді мекен» облыстық конкур­сы жеңімпаздарын арнайы комиссия анықтады.
Биылғы жылдың нәтижесімен «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсында «Үлгілі ауыл» номинациясы бойын­ша екінші орынды өз ауданымыздан Қожакент ауылдық округі еншіледі. Озық ауылға жүлде ретінде жер қазатын трактор және тіркемесімен тиегіш – тракторы табысталды. Сондай-ақ, Өзгент ауылы «Үлгілі елді ме­кен» номинациясымен марапатталып, абаттандыру жұмыстарын қаржы­лан­дыру жобаларына 15 млн теңге жүлдені иеленді. Бұл – Жаңақорған ауданы үшін үлкен нәтиже.
Қожакент ауылының шаруашы­лықтан бөлек, мәдени өмірде де өнеге болатын істері аз емес. Әсіресе, спорт саласынд бір емес, екі бірдей спорт кешені бой көтеруде. Бұл да – ауыл жастарының болашағына салынып жатқан үлкен инвестиция.
Аудан бойынша күріш зауыты осы округте жұмыс істеп тұр. Алда тұқым шаруашылығы іске қосылмақ. Бұл жұмыс жыл аяғына дейін жүзеге асса, нұр үстіне нұр. Кәсіпкерлік саласында да серпін бар.
Ауыл мал басы жөнінен ауданда алдыңғы үштікте. Биыл ауылдағы ағайын 5921 гектарға егін егіп, ерте көктемнен тіршілігін түзеуде. Ауыл әкімі Елеусіз Жиенхожаевпен байланысып, ауыл тынысын таразыладық.
– Биыл күріштің көлемін 1917 гек­тарды құрады, оның ішінде бидайды 305 гектарға жеткізсек, жаңа жоңышқа көлемі 682 гектарға жетті. Ал негізгі дән ескі жоңышқаның биылғы аума­ғы 2465-ке жетті. Қалған гектарға мақсары, картоп, қауын мен қарбыз және көкөніс орналастырдық. Біз мал азығы мен күрішке көбірек басымдық береміз. Бұл дәстүрлі науқан, бұйырса күзде ойдағыдай өнім аламыз деген ниеттеміз. Алла сәтін салып, судан тарықпасақ, биыл да былтырғы межені қайталауға, тіпті артығымен орындауға барымызды салып жатырмыз. Барлы­ғы – елдің несібесі, егіншілердің адал еңбегінің нәтижесі. Бізде мал шаруашылығы жақсы дамыған, осыған орай бидай мен жоңышқаға сұраныс өте жоғары. Одан қалса, өзге ауылдар мен кент орталығы, тіпті көршілес облыстардың нарығына әсер етеміз. Бұл да ел әлеуетінің еселенуіне зор үлесін қосады, – деді ауыл әкімі.
Ауылдағы ағайын ерте көктемнен кетпенін сайлап, егіс басында еңбекті ерттейді. Алты ай бойғы маңдай тердің өтеуін күзде көріп, жиын-терімді адал еңбектен табады. Қазір 94 шаруа қожалығы агросалаға серпін беріп келеді.
2024 жылды жүйелесек, қожакент­тік дала еңбеккерлері 6124 гектарға дән тастапты. Оның жартысынан көбі жоңышқаға арналған. Күріш 1194 гек­тарға егілсе, күздік бидай­дың көлемі 720 гектарға жеткен. Сол секілді мақсары, көкөніс, картоп және бақ­ша өнімдеріне де мән берген. Жалпы жиналған өнім көлемі көңіл қуантады.
Жыл сайын әртараптандыру бағы­тына бет бұрған диқан қауым бұйырса бақша көлемін еселеуді жоспарлап отыр. Жалпы ауылда 3500-ден аса тұрғын бар. Егіннен бөлек мал шаруашылығын да ширатып, бүгінде ауылда төрт түлік басы 10 мыңға жуықтаған. Бұл дегеніміз – әр тұрғынға 2-3 бас мал тиесілі деген сөз. Жұмыссыздық мәселесі жыл сайын реттеліп келеді.
Ең бастысы, ауылдағы ағайынның ауызбірлігі мықты. Қолы ашық, жо­март жандар қатарының көбі қуан­тады. Тек әлеуметтік көмек берумен ғана шектелмей, егінге техникамен де жәрдемші. Өйткені, ауылдың барлы­ғында техника түгел деуге келмейді.
– Ауыл шаруашылығы техникала­ры­ның саны 136-ны құрайды. Оның ішінде, шынжыр табанды трактор, доңғалақты трактор, комбайндар, соқа, дән сепкіш және трактор арбалары бар. Биыл комбайндар саны 37-ге жетті, бұл ертең күздің күні шаруалардың қажетін өтеуге аздық етеді. Дегенмен, елде болса ерінге тиетінін ұмытпаған жөн, – дейді ауыл әкімі.
Әкім сөзінің соңында биылғы жоспарды жүйелеп, атқарылатын мәсе­лелерге қысқаша тоқтала кетті. Ау­ылды көркейту-көгалдандыруға, жарық жөндеуге, жол салуға, жол ойығын реттеуге және көшелерді асфальттауға қаржы бөлініп, жыл соңына дейін жұ­мыс түйінделетінін жеткізді. Қожакент­тік ағайын егін саласында еңсесі биік, енді тек осы аптап ыстықтан өтіп, жиын-терімді аман есен жинап алсақ деп тілекші болып отыр.
Міне, Қожакент ауылы туралы қысқаша осылай тарқата алдық. Бұл ауыл туралы бұған дейін де жазылды. Құт қонған Қожакентте әлі де байыпты істердің берекесі мол. Ең бастысы, Жер-Анадан келетін ырыс-несібесі ор­таймасын, береке-бірлігі арта беруіне біз де тілектеспіз.
«Үлгілі елдімекен» номинациясын иеленген Өзгент ауылының халқы бақша өсіріп, төрт түлікті көбейтіп отыр. Әр шаңырақта қазан қайнап, дастарқаны жайнап тұрады. Үлкен азаматтардың игілікті істерін қазіргі уақытта жастар жалғастырып жатыр. Көптеген мере­келік шараларға ауызбірлікпен бірі­гіп жиналып, қаражатын жинап, атса­лысады. Сосын өздерінің ауылына деген тартуларын жасап тұрады.
Ауылдықтардың ауызбірлігі мен ынтымағының нәтижесінде арақ-шарап­тан бас тартқан бірден-бір ауыл. Бір-бірлеріне қол ұштарын созып, ауыл болып еңсесін тіктеп, биіктен танылуға тынбай еңбек етуде.
Тәуелсіз елімізде халық игілігі мен ел дамуы жолындағы жұмыстар алда да жалғасын таба беретініне сеніміміз мол.

Әсел РЗАЕВА
20 тамыз 2024 ж. 210 0