№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Абай – дана, Абай – дара Қазақта

Абай – дана, Абай – дара Қазақта


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты еңбегінде жалпы Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің өміршеңдігіне тоқталып, бүгінгі буынды ақын шығармаларының мәні мен нәріне жеткілікті сусындатуда не істей аламыз деген сауалды зиялы қауыммен бірге талқылауды алдыға қойған болатын. Биыл ақынның туғанына 179 жыл толады. 10 тамыздың Абай күні деп белгіленуі де кемеңгер тұлғаның өлмес мұрасын жан-жақты зерделеп, жаңа қырынан тани түсуге жол ашады.
Жұма күні Адырбек Сопыбеков атындағы аудандық кітапханада өткен «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты кешке қатысушылар ақынды дәріптеп, оның «Толық адамды» тәрбиелеп шығару консепциясы тұрғысындағы тәлімі мен тағылымына тереңірек көз жеткізіп, өзара ой бөлісті, пікір алмасты. Ақынның дүниетанымына тәнті ете түсетін қасиетті мұраларын ойлы оқырман санасында қайта жаңғыртты. Қазргі таңда Әділетті қоғам құру үшін интеллектуалды ұлт боламыз дейміз. Ұлт табиғатын тап басып, тарихи танымын қалыптастырып, рухани өрісін өркендетуде дана Абай мұралары мәңгілік азық. Оның жаңа қоғамды жаңғыртуға үлесі туралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әбілқайыр Сыздықов жан-жақты баяндады.
Рухани кешті жүргізген кітапхана директоры Әсемкүл Манапқызы бірінші кезекте ғылымды игерудің маңызын бәрінен биік қойған ақын шығармаларына көптің назарын бұрып, осы бағытта тереңірек ой қамту үшін әдебиетші-ғалым Батырхан Жолановқа сөз берді.
– Абайды тану, Абайды білу әрбір қазақтың міндеті. Абай атамыздың айтып кеткен сөзі, жүріп өткен жолы бәрімізге үлгі. Күнделікті өмірде Абайдың бір ғана пәлсапасын пайдаланбайтын адам жоқ. Соның ішінде ол ғылымды игеруде нені ескеруді жөн дейді?, – деген сауалға өзінің жуабы төмендегіше өрілді:
– «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деген Абай Алланы тануды бірінші кезекке қойды. Алланың ең үлкен сипаты, ол – ғылым деп таныды. Адам баласы Алланың жаратқанын танып-біліп, көрген қалпында емес, соны зерделеуде ғылымға ден қою арқылы Аллаға бір табан жақындайды, – деді ол
. Осындай ойларымен бөліскен шешен мектеп бағдарламасында қамтылған ақынның «Ғылым таппай мақтанба», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Сегіз аяқ», «Болыс болдым, мінекей» деген өлеңдерін мысалға келтірді. Абайдың «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деген өлең жолдары бүгін де өзекті. Балам үлкен қызметтің құлағын ұстап, мансапты болсын, дөкей болсын деген тоғышар пейілмен жас өскіннің арманын кесіп, бас пайдасын ғана күйттейтін мінез-құлықтан аспау – бүгіннің де дерті болып отырғанын айтты. Кезінде ақын Абай сынды тұлғалар білім алған медресе жөнінде тоқталып, білім беру ауқымының әлдеқайда өрісті болғаны жөнінде тоқталды. Мәселен, медреселерде сауат ашумен қатар Алланың жаратылысы – адам мен табиғат және олардың арасындағы байланыс зерделенгені, ол бүгінгі жаратылыстану пәндеріне сәйкес келсе, екінші жағынан адам мен адам арасындағы қатынас – тіл білу мәселелері терең қамтылыпты.
Осы ретте медреседе ғылымды меңгеріп, он бір тілді игеріп шыққан ӘлФараби, жан-жақты білімді Қожахмет Яссауи сынды ғұламаларға тоқталды. Абайдың да Ахмет Риза медресесінде білім алғанын еске салды. Медреседе тіпті музыка мен өнер дәрісі оқытылғанын айтты. Кісі пайдалы іс жасау арқылы ғана адамдарға жақындай түседі. Бұл іс-әрекеттердің ең басында садақа беру амалы тұр. Садақа беріп біреудің қажетін шығарумен бірге жан садақа – адамның рухын дамытудың маңыздылығына тоқталды. Бір адамның көкірек көзін ашу, білім беру– садақаның үлкені. Міне, осылайша Аллаға жақындауға болады. Осыған үндей білген Абайдың өзінің де ғылымға келуінің түпкі мәні осында. Ақын 10,32, 17, 38 қарасөзінде ғылымды меңгеруге үндейді, – деді ол.
«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деген өлеңінде: Адамзат бүгін адам, ертең топырақ, Бүгінгі өмір жарқылдап алдар, бірақ. Ертең өзің қайдасың, білемісің, Өлмеу үшін туғансың ойлан, шырақ» дейді. Өлмеу деген не дегенге келсек, оның да жауабын өзі береді. Жақсының аты өлмейді. Ғалымның хаты өлмейді. Кештің екінші бөлімінде аудан орталығындағы №169 орта мектеп оқушылары мектеп бағдарламасында өздері оқып келген Абайдың 45 қарасөзі ішінен ілімғылымға үндеген насихат жолдарын жатқа айтып, жас оқырманның зейінін ашты. Абай өлеңдеріне ең бірінші болып ғылыми түрде талдау жасаған Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлының мақалалары туралы кітапхананың белсенді оқырманы, Абай атындағы қазақтың педагогикалық университетінің түлегі Берден Абдулазиз төмендегіше баяндады.
– Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Қазақтың хас ақыны» деген мақаласында былай дейді:
– Бұрын-соңды одан асқан қазақ даласында ақын болған жоқ. Семей өңіріне бара қалсаң «Сен Абайды білмейсің бе?» деп таңырқайды. Абайдың көзі тірісінде кітабы шыққан жоқ. Тек бір жылдан соң өзінің баласы Тұрағұл Санкт Петербордан ақын өлеңдерінің жинағын шығарды. Осы кезде Әлихан Бөкейхан Абайдың 1 жылдығына арнап мақала шығарады. «Сөз жазатын адамның екі шарты бар» дейді Ахмет Байтұрсын. Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы бола білу керек. Сөздің шұрайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек. Мағыналы, маңызды, болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болды. Үшеуі тоғысып келген кезде қандай сөздер шығады? Осы бір «Қазақтың бас ақыны» дейтін мақалаға әдебиет факультетіндегі тілші мамандар синтаксистікморфологиялық талдау жасағанда басы артық бір сөз таба алмағанына да тоқталды. «Мен Абай жолын жазып жүргенде көште өшіп, өлімсіреп жатқан шоқты қайта үрлеген жолаушы сынды Абайды жарыққа келтіргендей болдым» деген Мұхтардың сөзін тірілткен ол Абайды замандас ретінде Ахметтің сынай да білген тұсынан дәлел келтірді. Ақын Абай өлеңдерінің кейде 4 бунақ болса, кейде 3 бунақ болатынын атап өткен. Бірақ бұл айта қаларлықтай кемшілік еместігін айтады.
Сондай-ақ, «Ақынның тілі ауыр, өлеңдерін түсінбейміз» дегендерге «Ол Абайдың кінәсі емес, Абайға ере алмаған оқырман кінәлі» деген сөзін мысалға келтірді «Жыл өткен сайын, уақыт өткен сайын, өмірлік тәжірибең артқан сайын сен Абаймен жаңадан қайтақайта таныса бересің» деу Абайды толық мойындаған жанның сөзі болса керек.

Баян ҮСЕЙІНОВА

06 тамыз 2024 ж. 219 0