№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ас атаулары ана тілінде жазылуы тиіс

Ас атаулары ана тілінде жазылуы тиіс


Алаш ағартушысы Ахмет Байтұрсынов «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», - деп кесіп айтқан. Демек ана тіліміз түп-тамырынан ажырамай, бізге ғасырлар бойы қызмет етуі үшін, біз оны көздің қарашығындай қоруымыз қажет. Тілдің ғұмыры мәңгілік болуы үшін өзгерісті өзімізден бастауымыз керек. Осыны ескерген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі аудан орталығындағы тамақтану орындары өкілдерінің басын қосып, «Ас мәзіріңіз қазақша ма?» атты семинар-тренинг өткізді. Шараға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, «Ас мәзіріңіз қазақша ма?» атты әдістемелік құрал кітапшасының авторы Аман Абасилов қатысты.
Бәтуалы басқосуға аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов модераторлық етіп, түгелге жуық қазақтар тұратын ауданда ас мәзірінің орысша берілуі немесе қате жазылуы адамдығымызға сын екенін тілге тиек етті. – Мемлекеттік тілдер саясатын жүзеге асыру қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі және бірегейі. Осы бағытта мемлекеттік деңгейде бағдарламалар қабылданып, тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Алайда, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бойынша қаншама ақпараттықтүсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, халыққа қызмет көрсетіп жатқан көптеген кәсіптік нысандарда «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңының талаптары әлі де өз деңгейінде орындалмай келеді.
Осы Заңның 21-бабында: «Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпараттар мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады» деп атап көрсетілген. Толықтай қазақы орта қалыптасқан біздің ауданда жарнаманы өзге тілде өрнектеудің қажеті шамалы. Сондықтан, барлық тамақтану орталықтарын да ас мәзірін қазақша жазылуы керек. Бұл біздің ана тілімізге деген құрметімізді білдіреді, – деді модератор.
Кент орталығындағы халыққа қызмет көрсететін тамақтану орындарына мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан зерделеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Соның ішінде дәмханаларда ас мәзірін қазақшалау бірінші кезекте тұр. Осы мәселе жөнінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әбілқайыр Сыздықов сөз алып, ана тілдің қадір-қасиетіне алдымен өзіміз атсалысуымыз керектігіне тоқталды.
– Көпшілік тамақтану орындарындағы тағам атауларының мемлекеттік тілде берілуінің маңыздылығы қай кезде де көкейтесті мәселе. Сырт қарағанда тағам атаулары ұсақ-түйек көрінгенімен оның өзінде мемлекеттік тілге деген құрметіміздің деңгейі көрініп тұрады. Тіл елдің біртұтас болмысын айғақтайтын құндылық. Ал біз мемлекеттік тілдің мәртебесін қаншалықты көтеріп отырмыз? Бұл – өте өзекті мәселе. Ас мәзірлерін мемлекеттік тілде ұсыну – әрбір кәсіптік нысан иесінің құзырындағы жауапкершілік. Өйткені, кез келген шетелдік қонақтарымыз қазақ топырағына табаны тиісімен көрнекі ақпараттарға, жарнамаларға, баға көрсеткіштеріне, ас мәзірлеріне назар салады және осыдан ел туралы пікір қалыптаса бастайды. Сондықтан, бұл мәселелерге қоғамдық-саяси, әлеуметтікэкономикалық жағдайға әсер ететін аса маңызды фактор ретінде қарауымыз керек, - деді Әбілқайыр Әбілпаттаұлы.
Иә, Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық тамақтандыру орындарындағы ас мәзірлерінің мемлекеттік тілдегі лингвистикалық базасын қалыптастыру» атты әлеуметтік жобасы аясында дайындалған бұл бастаманың арқалайтын жүгі ауыр. Елге қызмет көрсетудегі орны мен маңызы да ерекше. Оң өзгерістің біздің қоғам үшін берері мол. Біріншіден, елімізде қоғамдық тамақтану орындарында ас мәзірін мемлекеттік тілде ұсынуды қалыптастыруға жол ашады. Екіншіден, ас атаулары, ұлттық тағам табиғаты туралы мемлекеттік тілде ақпарат алуға мүмкіндік туады. Үшіншіден, ас атауларын қазақ тілінде ұсыну арқылы ел мәртебесін биіктетуге, ұлттық салт-дәстүрді дамытуға жол ашылады. Төртіншіден, ас мәзірін мемлекеттік тілде ұсыну арқылы қоғамдық тамақтану орындары тұтынушыға сапалы қызмет көрсетіп, кәсіби дамуға қол жеткізеді.
Бұл жөнінде «Ас мәзіріңіз қазақша ма?» атты әдістемелік құрал кітапшасының авторы Аман Мәделханұлы сөзін төмендегідей тарқатты:
– Қазақтың ұлттық тағамдары еліміздің өткенін, дамуын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, өмір сүру қалпын, тіпті, тарихы мен этнографиясын да танытатын болғандықтан тамақ атауларын мемлекеттік тілде беруге міндеттіміз. Себебі, тек тамақтандыру, тамақ өндірісі тұрғысынан ғана емес, халықаралық қатынаста, ел дамуының стратегиясында, ел экономикасының дамуында, қазақ елінің дамыған елдер қатарына қосылуында кез-келген жазбаны қазақша жазуымыз өте өзекті, – деді ол.
Профессордың айтуынша, бір тілден екінші тілге сөз ауысуы мүмкін. Бірақ дыбыс ауыспауы керек. Мәселен, орыстар қазақтың «әкім» сөзін алып, «аким» деп қолданып жүр. Бізде солай жасауымыз керек. Бізге өзге тілдің дыбыстары керек емес. Біздің тілдің орысшаланып кетуінің де басты себебі – өзге дыбыстың еніп кетуінде. Солардың қатарында «ь», «ъ» белгілері бар. Нақ осы дыбыстардың қажеті жоқ. Егер де өзге тілдің сөзін алып, оның қазақша баламасын таппасақ, өз тіліміз жеткенше пайдалансақ болады.Ал, өзге дыбыс кірген жағдайда тілдің жойылып кету қаупі туындауы мүмкін. – Біз Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы мен Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы мекемесінің тапсырысымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушылары, ғалымдары «Ас мәзіріңіз қазақша ма?» атты әдістемелік құрал әзірледік. Бұл әдістемелік құрал мейрамханалар мен дәмханалар, асханалар және т.б. жеке кәсіп иелеріне арналған қазақ тілінің түсіндірме сөздігі болып отыр. Сөздік орысша-қазақшаағылшынша тағамтану сөздігімен басқа да зерттеу материалдары және арнайы сайттардың көмегімен жасалып, орталық жанындағы ғылыми-әдістемелік кеңеспен мақұлданған, – дейді Аман Абасилов.
Жиын соңында қазақша ас мәзірін жасаудан «Тақия» дәмханасы үздік танылып, марапатталды. Шараға қатысушыларға қазақша әс мәзірінің жинағы ұсынылып, асхана иелеріне алдағы бір айда ас мәзірлерін толық қазақша қайта жазып шығуына тапсырма берілді.

Айсұлу АЛДАНАЗАР

30 шілде 2024 ж. 210 0