№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тәуелсіз толқын. Солтүстік Американың ең биік шыңын бағындырған тұңғыш қазақ әйелі кім?

Тәуелсіз толқын. Солтүстік Американың ең биік шыңын бағындырған тұңғыш қазақ әйелі кім?

Фото:adyrna.kz
Семей өңірінің тумасы, 46 жастағы Индира Уивер (Сахаулова) Солтүстік Американың ең биік тауы Денали (Мак-Кинли) шыңын тұңғыш рет бағындырған этникалық қазақ әйелі. «Адырнаға» берген сұхбатында Индира өзінің тауға шығудағы тәжірибесімен, алғашқы әсерімен бөліседі.
Мак-Кинли - Солтүстік Америкадағы ең биік шың, Аляска жотасында орналасқан. АҚШ-тің 25 президенті Мак-Кинлидің атындағы шыңның атауы 2015 жылы жергілікті коюкон тіліндегі бұрынғы Денали атауына қайта ауыстырылды. Бұл аймақ Денали ұлттық саябағының бөлігі болып табылады. Шыңның биіктігі 6194 метрді құрайды. Дүниежүзі бойынша биіктігі жағынан Эверест пен Аконкагуадан кейін үшінші тұр. Индира Уивер аталмыш таудың ең биік нүктесіне еліміздің туын, Кәріпбек Күйіковтың картинасын және Абай Құнанбайұылының «Қара сөздерін» алып шыққанын мақтан тұтатынын жеткізді.
- Индира ханым, алдымен өзіңізді таныстыра кетсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз?
- Менің аты-жөнім Индира Уивер (Сахаулова). Бұрынғы Семей облысы, Бесқарағай ауданы, Сосновка (қазіргі аты Ерназар) деген жерде, 1977 жылы дүниеге келдім. Әкем колхозда қарапайым жүргізуші, анам терапевт болып жұмыс істеді. 1993 жылы 15 жасымда мектеп бітіріп, Алматы қаласындағы ИНЯЗ институтының (қазіргі Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті – жур.) француз тілі факультетіне оқуға түстім.
Кейін 2006 жылы ағылшын азаматына тұрмысқа шығып, Англияға көштік. Жолдасымның есімі – Саймон, 9 және 12 жастағы екі ұл тәрбиелеп отырмыз.
«БҰРЫН ТАУҒА ҚЫЗЫҚҚАН ЕМЕСПІН»
- Кім болуды армандадыңыз? Тауға деген сүйіспеншілігіңіз бала кезден болды ма?
- Кішкентай кезімде менің сан түрлі арманым болды. Мен печеньелерді жақсы көретіндіктен кондитерлік фабрикада жұмыс істеуді армандадым. Одан кейін полиция да болғым келді. Орта мектепте оқып жүргенімде жазғы тәжірибе кезіндефермада сиыр саууға көмектесетінмін.
Туып өскен ауылым Сосновкада бір жағында жазық дала, екінші жағында қалың қарағайлы орман болатын. Ауылдың атауы да сол себепті «Сосновка» деп аталатын.  Студенттік кезімде ғана тауларға мән бере бастадым. Шыны керек, кішкентайымда тауларға мүлдем қызыққан емеспін.
АЛАТАУДАН БАСТАЛҒАН АЛҒАШҚЫ САПАР
- Тауға шығуды, жалпы белсенді экспедицияны қашан бастадыңыз? Альпинизм сіз үшін хобби ме, әлде мамандық ретінде таңдадыңыз ба?
- Бұл менің хоббиім, жан қалауым. 2006 жылы шілдеде болашақ жарым Саймонның арқасында алғаш рет тауға саяхаттаған болатынмын. Ол ментұратын/жұмыс істейтін Алматы қаласына келіп, Алатаудағы Үлкен Алматы көліне апаруды өтінді. Мен ол жерде бұрын болған емеспін, тіпті менде кроссовка да болған жоқ. Бізге сол сапар өте қаттыұнады. Таудағы көрініс сондай ғажап болды! Қоңыр салқын ауа-райы жайлылық сыйлады. Мәселен, сонда қалада +42С көрсетіп тұрған еді. Сарқырап аққан тау бұлақтарының шуылы жанды тебірентті. Самал жел мен құстардың әсем үні керемет сезімге бөледі. Қайда қарасаң да сұлулық. Тауда өсіп тұрған өсімдіктерге дейін көркем жаратылыс екенін ұқтық. Сол сапардан шынайы ләззат алдым, шабыттандым.
Англияға көшкеннен кейін біз бірге сондағы үшбиік нүктеге көтерілдік (Уэльс, Англия, Шотландия), содан кейін Мароккодағы Тубкалға (Батыс Атластың ең биік нүктесі), Франциядағы Монбланға (Батыс Еуропаның ең биік нүктесі), содан кейін Килиманджароға шықтық. Танзанияда (Африканың төбесі), Ресейдегі Эльбруста (Еуропадағы ең биік нүкте), сонымен қатар Гималайдағы Мера тауына дейінгі жолда 6200 метрге жеттік. Содан кейін жұбайым екеуміз балалы болдық. Ал осы былтыр 2023 жылы Оңтүстік Американың ең биік нүктесі Аконкагуаға көтерілдік.
ЕСТЕН КЕТПЕС ДЕНАЛИ
- Instagram желісінде Солтүстік Америкадағы Денали шыңына шыққаныңыз туралы бөліскен едіңіз. Деналиге шығу кезінде қандай қызықты және қауіпті оқиғалар болды? Шыңға шыққаныңызда қандай сезімде болдыңыз?
- Барлық нәрсе қызық болды. Бұл менің АҚШ-қа алғашқы сапарым болды. Ал Аляска штатының өзі табиғатымен және ашық кеңістіктерімен кез келген жанды таңғалдырады. Талкеетна ауылынан 2250 м базалық лагерьге дейін 6 орындық шағын ұшақпен ұшудың өзі ерекше сезім сыйлады. Ұшақ базалық лагерьден қонып, көтерілген сәтінде фотосуреттерден шассидің орнына шаңғыларды байқаған боларсыз. Тағы бір қызығы ауаның тазалығы және ешқандай иістің болмағаны. Өйткені айналаның бәрі аппақ қар. Ал мұнда қардан басқа ештеңе жоқ. Сондай-ақ, Аляскадағы ең ұзын мұздық, ұзындығы 70 шақырым болатын Калхитна бойымен серуендеу қызықты болды.
Ал қауіптісі – мұздықтардағы қардың астынан әлсін-әлсін көрінетін шытынаулар. Үздіксіз түрде бір-бірімізге байлаулы жүрдік. Тар жоталармен жүру қауіпті, тіпті оңға немесе солға қарау қорқынышты. Тек алдыңа ғана қарап, алдыңдағы адамның басқан ізін аңдисың.
Шынтуайтында, эмоциялар бірден пайда болмайды. Өйткені дәл шыңның үстінде қаттышаршағандықтан және қысымның қаттылығынан барлық жолды еңсергенің сезілмейді. Әлі де алаңдаулы әрі жинақы кейіпте боласың. Себебі дәл сондай жолды қайта жүріп өтіп, төменге аман-есен оралуың тиіс. Сондықтан нағыз эмоцияны базалық лагерьге жеткенде, тіпті жерге түскеніңде бір-ақ сезінесің. Алып тауды еңсергеніңді сонда ғана ұғынасың.
«МЕН КӘСІБИ АЛЬПИНИСТ ЕМЕСПІН»
- Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар, ендігі кезекте қай шыңды бағындырғыңыз келеді? Сондай-ақ, альпинизмнің денсаулыққа пайдасы жайлы айта кетсеңіз. Қызығушыларға қандай мотивация берер едіңіз?
- Қазіргі уақытта менде нақты жоспар жоқ.Деналиден демалып, ем қабылдап жүрмін. Жазғы демалыс басталғалы бері балаларға уақыт бөліп отырмын. Десе де, өз басым Непалға қайта барғым келеді.
Шыны керек, мен кәсіби альпинист емеспін. Сондықтан денсаулыққа пайдасы туралы нақты айта алмаймын. Мен өзімді «жиһанкез жан» дер едім. Мен тауларға тәжірибелі кәсіби гидтер басқаратын ұйымдасқан топтың, экспедицияның бір бөлігі ретінде ғана барамын.
Ал жеке тәжірибемнен айтарым, тауға шығу үшін жаттығу, диета, ұйқыңызды қадағалау, дене формасын сақтау маңызды. Жаттығулар айларға, тіпті жылдарға созылады. Әр тау әртүрлі. Мысалы, Денали физикалық тұрғыдан өте қиын тау, өйткені жүкті тасымалдауға көмектесетін жүк тасымалдаушылар, көмекшілер немесе тікұшақтар болмайды. Біз барлық жеке жүктерді және азық-түлікті, шатырларды, дәретхана шелектерін өзімізбен бірге алып жүрдік. Үлкен рюкзактарда шаналарымызды да сүйретіп жүрдік. Экспедиция 18 күнге созылды. Суға қол жетпейтін кездер болады, сәйкесінше жуына да алмайсың. Ал ауызсу үшін қарды ерітеміз. Үлкен жүрек пен төзімділік қажет деп білемін. Ал оқырмандарға сүйікті істерін табуға, спортқа арнайы уақыт бөлуге тілектеспін.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Дина Литпин
«Адырна» ұлттық порталы
22 шілде 2024 ж. 163 0