№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Балдырған суға кетті. Кім жауапты?

Балдырған суға кетті. Кім жауапты?

Жаңақорған ауданында жыл сайын тұрғындардың суға кету дерегі тіркеледі. Оның ішінде балалардың жиі жазым болуы жанымызға батады. Статистикалық мәлімет бойынша, соңғы 5 жылда аудан аумағында су айдындарында 21 адам қаза болса, соның 10-ы жасөспірім екен. Биылдың өзінде бір дерек анықталды. Бірер ай бұрын Қожамберді ауылынан екі шақырым жердегі егістікке су жіберетін арыққа аяғы тайып құлап кеткен балдырған оқиға орнында мерт болған. Бұған кім кінәлі?
Үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов осы жылдың басынан 45 адам, ал 1 маусымнан бері 27 адам суға кеткенін мәлім етті. Министр құтқару бөлімшелерін жабдықтауға қатысты мәселелер бар екенін, қолдағы барының көбі жарамсыз екенін айтты. – Қазіргі уақытта заманауи катерлер, жүзу құралдарын және дрондарды жоспарлы түрде сатып алудамыз. Суға кету жағдайының 95% тыйым салынған орындарда тіркелетінін ескере келе, әкімдіктермен бірлесіп, суға шомылу мен демалуға рұқсат етілген орындарды жылдан-жылға ұлғайтудамыз. Бала өлімінің басты себебі – ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы. Осыған байланысты кең көлемде нұсқаулықтар таратылып, насихат жұмысы жүруде, – деді министр.
Біз бұл мәселе бойынша алдымен аудандық төтенше жағдайлар бөліміне тікелей байланысқа шықтық. Бөлім қызметкерлері суға түсу маусымы басталысымен өңіріміздегі көл-тоған, канал және дария жағалауларына рейд жүргізіп, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді екен. Жасөспірім ұл мен қызға ата-ана жауапты екені ақиқат. Әрине, ойын баласын үнемі бақылауда ұстау да оңай емес. Біздің буын Сыр өзенінің бір тармағы болған көл-каналдарда шомылып өстік.
Жаз болды дегенше Жаңақорғанның жартысы су айдындарын жағалайтынбыз. Көпшілік болғасын көзден таса етпей ме, қайғылы жағдай бола бермейтін. Қазір су жағалаулары тып-типыл. Анда-санда қашып-пысып барғандар қырсыққа ұшырап жатады. Жауапты мамандар жұмыла жұмыс істеп жатырмыз деп дабыл қағуда.
– Су айдындарында, әсіресе Сырдария өзені мен каналдарда жыл сайын азаматтардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырауы, оның ішінде суға шомылу маусымында адам қазасының көбеюі өзекті мәселеге айналды. Бес жылда болған төтенше жағдайлардың үшеуі Сырдария өзенінде, екеуі Көктөбе ауылы маңындағы Келінтөбе магистралды каналында, тағы екі жағдай Төменарықтағы Сунақата шаруашылық аралық каналында, қалғандары егістікке су апаратын каналдарда, ауыл ішіндегі арықтарда, көлдерде және Жаңақорған кенті ішіндегі каналдарда орын алды. Өкінішке орай, биыл да тағы бір жағдай тіркелді. Суға кетудің негізгі себептері: азаматтардың тыйым салынған жерлерде суға шомылуы, су жағалауларына ішімдік ішіп барып шомылуы, балалардың ересектердің бақылауынсыз су айдындарына баруынан, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Берікбай Омаров.
Қазір заман талабына сәйкес тұрғын үйлердің ауласына қаңқалы бассейндер орнатып, балалардың суға түсуі жиіледі. Базар нарығында балалар бассейніне сұраныс өте жоғары. Бұл канал мен көлдерге қарағанда әлдеқайда қауіпсіз. Алайда аңдамаса ол да қатер, жақында бір жасөспірім осы есік алындағы бассейнге тұншығып, аудандық ауруханаға түскен.
– Шыны керек, балалардың кент ішіндегі каналдар мен көлдерге жиі баратынын естіп алаңдап отырамыз. Баланы үнемі бақылауда ұстап отыру жөн бе, жөн емес пе, кейде мүмкіндік те болмай қалады. Бірақ барынша қадағалап, ақыл-өсиетімізді айтып отырамыз. Пешенеге жазғаннан ешкім қашып құтыла алмайды ғой, сонда да сақтық шараларына аса мән бергеніміз дұрыс, – дейді көпбалалы Айханым апай. Баланың күнұзақта қайда болатынынан беймағлұм ата-анаға айыппұл салынып, қатаң шара көру талабы күшейтілгенін білдік. – Жаңақорған ауданының азаматтық қорғау органы және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері биылғы жылдың 15 мамырынан бастап күнделікті сағат 14.00-ден – 21.00-ге дейінгі аралықта Сырдария өзені мен кент ішіндегі су айдындарына рейдке шығуда. Рейд барысында су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған, белгіленбеген орындарға суға шомылған азаматтарға Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412 бабы бойынша 2 жеке тұлғаға 25844 теңге айыппұл салынса, 364 бабының 1 бөлігімен 7 жеке тұлға «Ескерту» түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді сала басшысы.
Сөз соңында айтарымыз, төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері Сырдария өзені мен каналдардың, су қоймалары және аудан аумағындағы көлдер жағалауында арнайы талаптарға сай суға түсу орындары болмауына байланысты су айдындарына суға түсуге болмайтындығын ескертеді. Ата-аналар жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытында, су айдындарына бармауына бақылау жасап, қадағалауы тиіс.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

13 шілде 2024 ж. 163 0