» » Жайлы мектеп – жаңа мүмкіндік

Жайлы мектеп – жаңа мүмкіндік

Фото: kras.mk.ru
Биыл халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына 250 жыл толып отыр. Даңқты баба есімін ұлықтау, ұрпақ жадында мәңгі сақтау мақсатында Қазалы ауданында түрлі іс-шаралар жоспары жасалып, атап өту қарекеті басталып кетті.
Қазалы ауданындағы баба атымен аталатын ауылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектеп құрылысы бой көтеруде, 300 орындық білім ошағы биыл пайдалануға беріледі, - деп жазды kyzylorda-news.kz тілшісі.

Қазір Жанқожа батыр ауылындағы құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр.
Білім ордасының құрылысы толық аяқталғаннан кейін «Жайлы мектеп» жаңа кабинеттермен жабдықталады деп жоспарланған.
Оқушылардың сапалы білім алуына, педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыруға барлық жағдай жасалмақ.
Ұлттық жобаға енгізілген мектептер құрылысының жер учаскелерін нақтылау және орналастыру «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ға жүктелген. Бұл ретте «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының ұлттық жоба және өңірлік даму жөніндегі орынбасары, басқарма мүшесі Амангелді Саттаров, ұлттық жоба және өңірлік даму департаменті құрылыс бөлімінің өңірлік жоба жетекшісі Ерік Қонақбаев, ұлттық жобаны іске асыру және өңірлік даму департаменті жобалау бөлімінің топ жетекшісі Әнуарбек Хами ауданға арнайы келіп, жұмыс барысын қадағалады.
Бүгінде құрылысы аяқталуға жақын нысан жайлы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бас мердігері «Асар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоба жетекшісі Бақытжан Құрұмбековпен сөйлескен едік.
– Құрылыс өткен жылдың тамыз айында басталған. Жоспарға сай биыл желтоқсан айында аяқтауға тиіспіз. Дегенмен барынша қызу еңбек етіп, қыркүйекте тапсырамыз деген талпынысымыз бар. Белгіленген учаскенің ауданы – 28546 гектар, ғимараттың жалпы ауданы – 6812,2 шаршы метр, екі қабатты, 300 орындық мектеп 6 блоктан құрылған. Арнайы асханасы, мәжіліс залы, лингофон кабинеттері бар. Әжетханасы ішінде орналасқан. Екі спорт залы бар. Жоғары және кіші сынып оқушылары бір-бірімен тоғыспайтын бөлек-бөлек есіктерден еніп, дербес блоктарда оқитын болады. Мәжіліс залы мен барлық арнайы кабинеттер заманауи жабдықтармен толықтырылады. Дауыс күшейткіш, проектор, интерактивті тақталар орналастырылады. Физика, математика, ағылшын тілі сынды пәндердің өзіндік кабинеттері қарастырылған. Сабақ арнайы сол пән сыныптарында өтеді.
Қазір ғимараттың қабырғалары көтеріліп, қыш қалау жұмыстары аяқталған. Ішкі сылақ толық бітті. Жылу жүйесі тартылуда, электр жүйесі жүргізілді. Бірінші және екінші қабаттың терезелері салынуда, – деп жауап берді ол.
«Жайлы мектеп» жобасы бойынша Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығында салынатын 600 орындық мектептің құрылысы жақында жүзеге асады деп межеленуде.
Жұмабек Табынбаев
06 маусым 2024 ж. 143 0