Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кәсіптік бағдар – кемел болашақ кепілі

Кәсіптік бағдар – кемел болашақ кепілі


Жас өреннің тұлға болып қалыптасып, қоғамға белгілі бір деңгейде қызмет ете алуы, бірінші кезекте, оның таңдаған мамандығына байланысты екені рас. Осы тұрғыда жеткіншектерімізге кімдер және қандай бағыт-бағдар берген дұрыс? Бұл ретте алдымен ата-анасы, одан соң ұстаздары барынша мүдделілік танытатынын көріп жүрміз. Бірақ өмір тәжірибесі мамандық таңдауда әркімнің өз жүрек қалауы бәрінен маңызды екенін айқындауда. Сунақата ауылындағы №194 орта мектебінде өткен облыстық семинарға қатысушылар осы тақырып төңірегінде жан-жақты талқылау жасады.


Кәсіби бағдар берудің тәрбиелік мәнін ата-аналармен бірге талқылауға арналған шарада мамандық таңдауға бітіруші сыныпта емес, бесінші сыныптан бастап көңіл қоюдың маңыздылығы сөз болды. Бұл туралы аудандық білім бөлімі басшысы Бекжан Шахизатұлы облыс аудандарының барлығынан дерлік келіп бас қосқан мектеп директорлары бейінді орынбасарлары алдында өз ойымен бөлісті.
– Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында балалардың бірінші кезекте мамандық таңдауына үлкен көңіл бөліну қажеттігін айтып келеді. 2020 жылдан бастап әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты мамандықтар картасы жасалды. Осы схеманы дайындау барысында жүргізілген сауалнамада оқушы түлектердің 87 пайызы мамандық таңдауда қателескенін мойындаған. Шынында да, баланың білімі мен қарым-қабілетін екшеуден бұрын ата-ана таңдауы басым түсіп жатады. Мұғалімнің де әсер-ықпалы үлкен, – деген ауданның бас ұстазының пікірі құптарлық.
– Жаһандану жағдайында барлық сала автоматтандырылып жатыр. Адам­ның қол күшіне емес, сана мен зияткерлік әлеуетіне сүйенетін маман­дық түрлеріне сұраныс басым. Осыған орай білімгерлердің таңдауы да күр­деленіп, цифрландыру бағытына бет бұруы заңдылық. Міне, осыны болашақ көкірегіне бала жастан сіңіру міндет. Қазірде мектептерде оқушы жоғары сынып сатысына көшкен кезеңнен бастап кәсіби жұмыс жүйелі жүргізілуі керек. Жас кеуде еліктеуге бейім, бірақ оған жол-жоба көрсету ұстаздың да, ата-ананың да міндеті.
Кейде айлығы көп, жағдайы жақсы болады деп те баласының бейімін ескермей, болмысы үйлеспейтін ма­мандыққа телитін ата-ана ұл-қызының болашағына тек қиындық қана ту­дыратынын ұмытпауы керек, – деді ол.
Бас ұстаз соңғы кезде мемлекеттік гранттың тым қолжетімділігіне тоқталды. Яғни 51 балдан жоғары балл жинай алған кез келген түлек шекті балл 140 балл жинаған баламен бірдей санатта жоғары оқу орнында білім ала алады. Дегенмен білім айырмашылығы екі есеге жуық төменде тұрған тұлғаның 4 жыл уақыты текке кеткен жоқ па деген күдігін де жасырмады.
Семинарға қатысушылар алдында осы тақырыпта ой толғаған мектеп директоры Марат Торғаевтың бағыт-бағдарды өз өмірінен өрнектеп айту­ына да толық негіз бар. Тоқсан бесінші жылдары ұстаздыққа келген ол оқушыларға математика пәнінен дәріс берді. Ата-анасы математик еді. Мұны оқушы кезінде Алматыдағы Жәуті­ков атынадағы физика-математика мектебіне берген. Мектепті тәмамдап, әскер қатарына барып келген соң Сәтпаев атындағы политехникалық институтқа оқуға түскен. Бәрібір жүрек қалауымен газ-мұнай саласындағы қызметін тастап, Қорқыт атындағы уни­верситетте мұғалімдікті оқып, мек­тепке жолдама алыпты. Бірнеше жыл мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болып қызмет атқарды. Соңғы екі жыл көлемінде бір кездері әкесі басқарған білім ұясының басшылық тізгінін қолға алды.
Мектепте 454 оқушы, мектепалды даярлық сыныбында 38, барлығы 492 бала білім алуда екен.
Семинарда сөз алған облыстық оқу орталығының әдіскері Жанна Сыздықова ауыл мектебінде өткізіліп отырған шараның мазмұнына тоқталып, осыған ұйытқы болған мектеп басшылығына, мектеп директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары, бұдан бұрын өзін-өзі тану пәнінен республикалық деңгейде үздік танылған Мейрамкүл Аманбаеваның атына алғыс білдірді. Ауыл мектебі мен қала мектебі ара­сындағы алшақтықты жоюда осындай ізденісті жұмыстарды ғылымиландыра түсу мәселесінің өзектілігіне тоқталып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Семинар жұмысы әдістемелік бағытта секциялар бойынша жалғасты. «Мамандықты дұрыс таңдау – табысты өмір кілті» тақырыбында мектеп кі­тапханасында И.Абдуллаева, А.Бахра­мованың ұйымдастыруымен түрлі ма­мандық иелерімен кездесу өтті. Олардың қатарында ұлағатты ұстаз, ауылдағы бастауыш ардагерлер ұй­ымының төрағасы Қалмахан Тәженов, мектеп түлегі, «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет» ордендері иегері Әзия Қыстаубаева, мәдениет өнер саласы­ның өкілі, №242 орта мектебі ұста­зы Тұрсынбек Қалымбетов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкері Азамат Қорғанбай, аудандық полиция қызметкері Наурызбай Палахметұлы қатысты.
Білімгерлер «Мамандық таңдау жөніндегі көзқарасыныз қандай?», «Қиын не жеңіл мамандық деген бола ма?», «Мамандық таңдауда адам бойында қандай қасиеттер болу керек?» деген сауалдар төңірегінде ой-пікір алмасты.
Семинар барысында өткен «ҰБТ – басты қадам» тренингі тың идея­лар және тәсілдермен қызықтырды. «Оқушы­ларға кәсіптік бағдар берудің зама­науи мүмкіндіктері және инновация­лық бағыттарының формалары мен әдістемесі» деген тақырыпта №55 орта мектеп директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Рима Шоқыбаеваның ізденісі сарапқа салынды.
Әрі қарай іс-тәжірибе бойынша математика кабинетінде дәріскер И.Нұртіллаеваның «Мәтінді есептер шығару», А.Дариялованың география пәнінен «Planets» сабақтары өте тартымды өтті. Одан әрі №194 орта мектеп бейінді оқыту жөніндегі орынбасары М.Аманбаеваның «Кәсіптік бағдар берудің тәрбиелік мәні», К.Искендированың «Мамандықтар әле­мінде», мектеп директорының тәр­бие жөніндегі орынбасары А.Төрегел­диевтің «Біздің студияда» жеке автор­лық бағдарламалары ұстаздар­дың үлкен ізденісті еңбегін танытты. Бастауыш сыныптар бойынша ұстаз А.Торғаеваның «Мамандықтың барлығы жақсы», мектептің ғылыми әдістеме­лік жұмыстар жөніндегі орынбасары Г.Сәрсенбекованың «Өсімдік атаулары ұйытқы болған фразеологизмдер», ұстаз Ш.Қансейітованың «Құртқа­ның бойындағы ұлтқа үлгі боларлық құндылықтар» тақырыбында өткен сабақтары танымдық мазмұны жағынан бай, терең интеллектуалды әлеуетімен қатысушыларға үлкен әсер сыйлады. №239 орта мектеп бейінді орынбаса­ры Ж.Ибадуллаева «СТЕАМ – мектеп оқушыларын оқытудың жаңа әдістемесі және әлемдік білім берудің негізгі тренді» тақырыбында сыр тарқатты. Семинар жұмысын аудандық білім бөлімінің бас маманы Назерке Базарбаева қо­рытындылап, сертификаттар табыстады.

Баян ҮСЕЙІНОВА
20 сәуір 2024 ж. 461 0