№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жүйелі жоспар дамудың тетігі

Жүйелі жоспар дамудың тетігі

2023 жылы Сыр өңірінің барлық саласында өсім байқалып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші көңіл қуантты. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі өндірісі керемет нәтижемен түйінделді. Мәселен, 2022 жылы 11-орынға тұрақтасақ, былтыр 1-орынға шығып, 10 жылда жетпеген жетістікке жеттік. Инвестиция саласында да жаңа жобалар, байыпты бастамалар бар. Осы және өзге де оң өзгерістер бойынша аймақ басшысы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында баяндады. Кешегі апта соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен депутаттар және басқарма басшылары, аудандар активінің қатысуымен сессия өткен болатын. Күн тәртібінде 11 мәселе қаралып, депутаттар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер жан-жақты талқыланды.Облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамовтың модераторлығымен өткен сессияда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев хабарлама жасады.
– Мемлекет басшысы мен Үкіметтің Сыр өңіріне деген ерекше қолдауының арқасында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. Экономиканың барлық негізгі салаларындағы өсімнің нәтижесінде жыл басынан бері 2 ай қатарынан еліміздің өңірлері арасында көшбасшы позициясында тұрмыз. Осы екі айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 7,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 40,3 пайызға, ауылшаруашылығының жалпы өнімі 2,2, инвестиция тарту 64,4, құрылыс жұмыстарының көлемі 46,6, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 4,1 және сауда кеөлемі 2,4 пайызға артты. Экономикалық тұрақтылықты сақтау оңай жұмыс емес. Бұл қарқынды одан әрі сақтап қалу үшін жүйелі жұмыс атқаратын боламыз. Бюджет қаржысын тиімді жоспарлау – өңір дамуының маңызды бағыты. Облыс бюджетінің басым бөлігін субвенция құрайды. Соған қарамастан жыл сайын өз кірістерінің оң динамикасы қалыптасуда, – деді өңір басшысы.
Өткен жылдың қорытындысымен жергілікті бюджет жоспары артығымен орындалған. Осындай оңды жағдай облыстық бюджет жоспарында да бар. Аймақтың салықтық әлеуетіне жүргізілген талдау бойынша жергілікті бюджет түсімінің негізгі үлесі ірі кәсіпорындар мен бюджеттік мекемелерге тиесілі екенін де атап өтті. Оның басым көпшілігі – әлеуметтік, жеке табыс, мүлік салығы. Барлық деңгейдегі әкімдерге, жергілікті атқарушы, кірістер, полиция органдарына салық базасын ұлғайту бойынша нақты міндеттер жүктелді. Бүгін сіздердің назарларыңызға 2024 жылға арналған облыстық бюджет кезекті нақтылауға ұсынылуда. Облыс үшін маңызды саналатын бірінші кезектегі мәселелерді қаржыландыруға назар аударылуда – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Осы тұста, Жаңақорған ауданының жергілікті бюджетінің өз кірістері бойынша тоқтала кетсек. 2023 жылы нақтыланған жоспар – 4 109 287 теңге болса, түсім – 4 884 032 теңге болып, 117 пайызға орындаған екенбіз. Бұл салыстырмалы түрде айтқанда, аудандар арасында көш бастадық деген сөз. Баяндамасында аймақ басшысы медицина саласына да ерекше тоқталды. Бірінші кезекте автокөлік мәселесі сөз болды. Тұрғындардың сұранысына сәйкес былтыр облыс­тық бюджеттен денсаулық сақтау ұйымдарына 25 санитарлық автокөлік сатып алынса, олардың жалпы құны – 512,5 млн теңге. Дегенмен, медициналық ұйымдардағы көліктердің 68,4 пайызының тозығы жеткен. Сондықтан жаңа санитарлық автокөліктермен қамтамасыз етуге мән берілді. Автокөлік паркін жаңарту үшін 200 санитарлық автокөлікті лизинг арқылы сатып алудың бастапқы жұмысына 100 млн теңге бағытталғаны қуантты.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Үкіметке төрт ауқымды инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыруды тапсырды. Олардың қатарында жұмыс істеп тұрған жылу орталықтарын жөндеу, инженерлік жүйелерді жаңғырту секілді өзекті мәселелер бар. Тозығы жеткен жылу желілерін азайтуға баса назар аударылуда. Осы ретте жаңғырту жобаларына жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге, мемлекеттік сараптамадан өткізуге 122,5 млн теңге қаралуда. Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 МВт болатын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ жылу желісін және қазандықтарын жаңғыртуға бағытталған рес­публикалық бюджеттен қаржысы бөлінген 6 жобаны қоса қаржыландыруға 1,1 млрд теңге жоспарлануда. Жақында ғана Үкіметте тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселелері қаралып, біздің облыстың оң тәжірибесін басқа өңірлерге тарату бойынша нақты тапсырмалар берілді. Қазір облыста бұл бағыттағы 8 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Облыс орталығын санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша халыққа қызмет көрсету жұмыстарына 1,3 млрд теңге бағытталуда, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төралиев өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен алдағы жобалар жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 183,4 млрд теңгеге жетті, алдыңғы жылмен салыстырғанда 140,4 пайызды құрады. Былтыр білім саласында құрылысы жүргізілген 36 нысанның 8-і ел игілігіне айналды. Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салу жоспарланып отыр. Олардың жалпы құны – 98 млрд теңге. Қазір 10 білім ошағының құрылысы басталды.
Елімізде жүзеге асып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 27 медициналық нысан салынады. Былтыр 16 емдеу орны елдің игілігіне айналып үлгерсе, қалғаны биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мәдениет саласы бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазірге дейін «Отбасы орталығы», «Өнер орталығы», 4 ауылдық клуб пайдалануға берілді. Облыстың барлық ауданында «Руханият орталығы» бой көтереді. Онда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері, тарихи-мәдени, рухани ұйымдар орналасады.
Сессия барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық экономика және қаржы басқар­масының басшысы Қамбарбек Мүбәраков, облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев, облыстық мәслихат депутаты Балжан Шәменова, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов баяндама жасады. Депутаттар тарапынан көтерілген мәселелер мен қойылған сауалдарға нақты жауап беріліп, сессия қорытындыланды.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
02 сәуір 2024 ж. 278 0