№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Наурызда өтетін мәдени шаралар

Наурызда өтетін мәдени шаралар


Биылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланады. Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Наурыз мейрамының төл мағынасын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуді айтқан болатын. Осы ретте биылғы жылы еліміз бойынша Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Ондағы мақсат – мереке туралы бұған дейін қалыптасқан түсінікті түбегейлі өзгерту емес, көне мерекенің бастапқы мәнін қайтарып, оның қыр-сырын толық ашу. Осылайша мазмұны жаңарған мерекенің қадір-қасиеті енді бұрынғыдан да арта түспек. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, рухани дамуды көздеген мерекелер аудан көлемінде қалай тойланатыны жөнінде аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов былай дейді:


– Жаңа тұжырымдамаға сәйкес ауданымызда 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі ұйымдастырылады. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналған. Бұл онкүндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ең жақсы адами қасиеттерді – ашықтықты, шынайылықты, жауаптылықты, қайырымдылықты ашуға бағытталған.
– Мерекені тойлау Көрісу күнінен бастау алып, әр күні қандай шаралар өтетінін айтсаңыз?
– Алдымен, 14 наурыз – «Көрісу күні – Амал мерекесі» аталып өтілді. Кенттегі «Шаңырақ» демалыс орнында қазыналы қариялар мен жас буынның басын қосып, өнер ұжымы керемет көңіл-күй сыйлады. 15 наурыз – Қайырымдылық күні деп аталып, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға «Жүрек жылуы», ««Игі істер» қайырымдылық марафоны өткізілді. Бұл бір күндік марафон емес, жалпы біздің ауданда қайырымдылық шарасы үздіксіз деуге болады. Айта кетерлігі, жақында аудан жастарының бастамасымен 12-інші баспананың іргетасы қаланды. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні деп белгіледік. Аудандық және кенттік мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда мәдениет, өнер және ұлттық құндылықтар насихатталып көрсетілетін қойылымдар болады. Сонымен бірге «Адал адам» мәдени-тәрбие орталықтарында «Кино TIME» айдарымен көрсетілімдер өтеді, – деді Бектас Балғабайұлы.
Тізімді төмендегіше тарқатып өтейік, 17 наурыз – Шаңырақ күні. Перзентханаларда жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз базарлық» естелік кәдесыйлары табысталады. «Шаңырақ» аллеясында білім беру ұйымдарының ұлттық, отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған шарасы өтеді екен. 18 наурыз – Ұлттық киім кию күні. Бұл күні аудан көлемінде «Ұлттық киім күні» челленджі өтеді. 19 наурыз – Жаңару күні. Аудандағы саябақтарда көктемгі ағаш егу дәстүрі қолға алынады. 20 наурыз – Ұлттық спорт күні деп бекітіліп, ұлттық спорт ойындарынан жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталады. 21 наурыз – Ынтымақ күні. Түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен «Татулық – достықтың киелі бесігі» атты мәдени-көпшілік шара өтеді. Ал, 22 наурыз – Жыл басы күнінде Прайм парк демалыс саябағында «Армысың, әз-Наурыз!» атты мәдени көпшілік шара болады. 23 наурыз – Тазару күні. Аудан көлемінде жалпыұлттық сенбіліктер, тарихи-мәдени ескерткіштер мен бюсттарды тазалау акциялары ұйымдастырылады.
Осылайша әр күнге жоспарланған ауқымды шаралар «Наурыз» мерекесін өнегелі бастамалар арқылы жалпыхалықтық мейрамға айналдыруда, халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтуға септігін тигізеді деп санаймыз.

Әлібек ТЕМІРБЕК
16 наурыз 2024 ж. 216 0