Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Макроэкономика: Сыр өңірі көш бастады

Макроэкономика: Сыр өңірі көш бастады

Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жыл сайын жақсы көрсеткіш көрсетіп келеді. Биылғы жылдың алғашқы екі айының өзінде көрсеткен нәтижеміз көңіл қуантады. Бұл жөнінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында айтылды. Қаңтар-ақпан айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралған отырыста премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров есепті кезеңде атқарылған жұмыстарды, нәтижелерді саралады. Вице-премьердің айтуынша, Қызылорда облысы негізгі экономикалық макрокөрсеткіштер өсімі бойынша алдыңғы орынға жайғасты.

Иә, өндірісі өркендеп, өркениеті өрістеген өңір қазір индустриалды-аграрлы өлкеге айналды. Күріштің отаны саналатын облыс тек аграрлы салаға ғана емес, барлық салаға басымдық беріп, кешенді жоспарлар құрып, жарқын жобалар мен бірегей бастамаларды қолға алуда. Нәтижесінде аймақтар арасында көшіміз ілгеріледі. Отырыс­та үздіктер көшінің тізіміне енген өзге де аймақ­тар назардан тыс қалмады. Үкімет басшы­сы барлық негізгі макрокөрсеткіш Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай облысы мен Астана қаласында өскенін тілге тиек етті. Ең төмен көрсеткіштер Маңғыстау, Атырау, Ақмола облысы мен Алматы қаласында байқалды. Қазіргі таңда өсу қарқыны сақталып отырғанын, дегенмен динамиканы арттыра түсу қажет екенін айтты.
– Министрліктер мен өңірлердің бірінші басшылары жоспарды сапалы әрі уақытылы іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдауға тиіс. Үкімет жұмыла жұмыс істеп, экономиканың барлық саласын тиімді үйлестіруі керек, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр әрі қарай инфляциялық қысымды төмендету керектігіне назар аударды. Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция баяулап, 9,3%-ды құрады. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық Банктің алдында оны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр.
Мұнан бөлек, мәжілісте ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Сыр өңірі екі ай қорытындысымен жоғары даму көрсеткіштеріне қол жеткізгенін айтты. «Қаңтар-ақпан айларында ел экономикасы 4,2%-ға, барлық макрокөрсеткіштер Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүс­тік Қазақстан, Түркістан, Абай облыстары мен Астана қаласында өсті» – деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар атаулы жиында қатты тұр­мыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі қаралып, өзекті мәселелерді ортаға салды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын іске асыру барысын баяндады.
– Облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен 18 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Өткен жылы 166 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтың 45,7 мың тоннасы немесе 27,5 %-ы өңделді. Былтыр облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд 700 млн теңгеге қалдықтарды жинау, тасымалдау жұмыстарын атқаратын 49 арнайы техника алынды. Мемлекет басшысының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес, алдағы 2 жылда құны 36 млрд 400 млн теңгені құрайтын 9 жобаны іске асырамыз. Аталған жобалар аясында өңірдің барлық аудандары мен Қызылорда қаласы толық қамтылады. Бүгінде инвесторлар анықталды, – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласындағы 8 жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қаржыландыру меха­низмі арқылы іске асырылады, 1 жобаға облыстық бюджеттен 475 млн теңге қаралды.
Нұрлыбек Машбекұлы жобалар толық жү­зеге асқанда 498 тұрақты жұмыс орны ашы­латынын, жылына 380 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық сұрыптау және қайта өңдеуден өтетінін айтты. Одан құрылысқа қажетті брусчатка, кәріз люктері, қағаз, пластик және шыны шығарылатынын жеткізді.
Қазір Қызылорда қаласында құны 33 млрд теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – қолданыстағы полигонды жаңғырту жобасы. Қалдықтарды ұсақ­тау және өртеу қондыр­ғылары, 32 арнайы техника (мусоровоз, экскаватор, жүк тиегіш, жүк тасымалдаушы, өрт сөндіру, суару автокөлікте­рі), 3 мың евроконтейнер алы­нып, медициналық және құрылыс қалдықтары кәдеге жаратылатын болады. Осылайша полигонның қалдық қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 210 мың тоннаға ұлғаяды.
Бұдан бөлек, шыны ыдыстар өндіруде 1 жоба іске асырылады, жоба құны – 29 млрд.теңге, қуаттылығы жылына 220 млн шыны ыдыс. Зауытқа шикізат ретінде жиналған шыны қалдықтары қолданылатыны арқау болды.
Осындай ірі бастамаларға ден қойған Үкімет басшысы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Қызылорда облысының тәжірибесін басқа өңірлерге енгізуді тапсырды.
– Кәсіпорындардың көпшілігі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады. Ал қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарушылар аз. Қызылорда облысында әрбір аудан қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты өз жобаларын іске асыруда. Осындай оң тәжірибелер әр өңірде болуы керек. Жобалардың барлығын аяғына дейін жеткізу қажет. Ерлан Нұралыұлы, Қызылорда облысының оң тәжірибесін басқа өңірлерге тарату керек, – деді Премьер-министр.
Ал, Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар тапсырма беріп, қазіргі жоғары даму қарқынын сақтауды және бюджет қаражатын толық игеруді тапсырды.

Әлібек ТЕМІРБЕК
16 наурыз 2024 ж. 249 0