«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Туризмді түлететін кез келді

Туризмді түлететін кез келді


Әлем назарын қарата білген көркем де көрікті жерлер бүгінде демалыс жайына айналып, туризм саласындағы ел еңсесін тіктеуге атсалысуда. Қазақстандағы саяхат туралы сөз басталғаннан-ақ ойға оралатын Көкшетаудың тұнған табиғаты мен Алматының аспанмен астасқан таулары еліміздің алдыңғы қатарлы демалыс орнына айналды. Мәдениет пен тарихқа бай Сыр елінің де келбеті келіскен жерлері аз емес. Осы ретте Жаңақорған ауданындағы туристік орталыққа айналып, көптің келуіне себеп болатын қандай жер барын тағы бір талдап алайық.


Тәуелсіз еліміздегі туризм ісі 1950 жылдардан басталып, жыл өткен сайын жандана түсті. Табиғаттың тылсымымен тұғырын тіктеген таулы өлкелердің етегіндегі жазира жасыл алқап та көз жауын алып, жанға тыныштық сыйлайтын құтты мекенге айнала бастады. Қазір еліміздің ішкі туристерінің саны 7 миллионға жақын. Алып та әсем туристік елдермен салыстыруға келмесе де араға жылдар сап өсу байқалып жатқанын да айта кетпеске болмас. Әлем алпауыттарымен туризмдегі тереземіз теңелмей тұруына не себеп? Басқа елдердің бізден қандай айырмашылғы бар? Алдымен осы сұрақтарға жауап беріп көрейік.
Жанға жайлы демалыс орнын іздеген саяхатшының сапаға мән беретінін ескерсек, салыстырудың да шарт екені көрініп тұр. Яғни, алдыңғы сапары мен бұл сапарындағы артықшылық пен кемшілікті саралап, кезекті саяхатында көргенінен де көркем жермен танысқысы келетіні белгілі. Ондайда туристік агенттіктің жан-жақты қолжетімділігі, ұйымдастырушы гид қызметкерінің жауапкершілігі, демалыс орнындағы тазалық пен сапалы қызмет көрсету негізгі бағалау тетіктеріне айналмақ. Біздегі ақсап тұрған бұл қызмет түрлері де саяхатшылардың саябырсуына себеп деген ойдамыз.

Брендке айналған шипалы батпақ

Жаңақорғанның жайдары табиғатында да демалыс орындары жетерлік екенін жоғарыда атап өттік. Шипалы батпағымызбен біразды бетбұрғызғанымыз белгілі. Отандық сауықтыру орындарының арасындағы көші ілгері келе жатқан Жаңақорған шипажайының жұмыс істеп тұрғанына биыл 105 жыл. Теріскен көлінің жағалауында орналасқан шипажайдың шипасы сол, көлдегі батпақ пен тұзды судың емдік қасиеті әлі күнге дейін сұранысқа ие. Аудан брендіне айналған балшық курортында 160 жатын орын, спорттық алаңдар мен жаттығуға арнайы жасақталған залдар, банкеттік залдар мен кітапхана сияқты демалушыға қажет жағдайлардың барлығы дерлік қолжетімді. Шипажайдың тарихына тоқтала кетсек, ХХ ғасырда теміржол жұмысшылары адамдардың көл батпағына емделіп жатқанын көреді. Ақмешіт қаласының дәрігерлеріне де жеткен бұл әңгімеден кейін аурухананың фельдшері Ф.Мартюков көлдің батпағын емдік бағытта пайдалану үшін екі бөлмелі үй салып, емшараны бастайды. Содан бері «Жаңақорған» шипажайы жұмыс жасай бастады. Бүгінде демалыс орнында жалпы емдік профилактикамен қоса жүйке жүйесі, тірек-қимыл жүйесі, асқорыту, тыныс алу жолдарына емдік шаралар жасалынады.
Қаратаудағы таңбалы тас пен Қатынқамал үңгірі
Сыр бойындағы бейнелеу өнерінің тарихы Қаратау сілемдеріндегі жартастар бетіне қашалып салынған адамдар мен жануарлардың тұрпатынан бастау алады. 400 шақырымға созылып жатқан қарт Қаратауда мал шаруашылығы мен егіншіліктің сол кезде мекендеген халықтың негізгі кәсібі болғанын көрсететін бейнелер көптен көп. Көрер көзге тарих парақтарынан үнсіз сыр шертетін Қаратаудың қатпарлы жоталары түрлі бейнелерден бөлек тарихи төбелер мен тас қамалдарға да бай. Табиғаттың көркем бейнесін тілсіз суреттейтін бұл таудың тасы да, суы да кие тұтқан халқының игілігіне жарап тұр.
Қойнауы тарихқа тұнған Қа­ратаудағы 50-ге тарта қамалдар мен төбелердің жартысынан көбі әлі күнге дейін зерттелмеген. Тарихи төбелерден басқа обалар қорымдары да Қаратаудан орын тапқан. Олардың бірша­масына тоқтала кетсек, Күйгентай обалар қорымы, Тұрғанбай қорымы, Мешіт, Қабыланды сынды обалар қорымының басым бөлігі тау етегіндегі ауылдардың маңында орналасқан.
Байтақ даламыздың басты байлығының бірі – Қатын қамал үңгірі. Аталмыш орын да өңіріміздегі тарихи демалыс орны десек қате болмас. Үңгір жайлы халық арасында тарихи әңгімелер көптеп тараған. Жоңғар шапқыншылығы кезінде әйелдер мен балаларды осы үңгірге жасырған көрінеді.. Қазақ жауынгерлері жеңіліске ұшыраған соң жоңғарлар үңгірді тауып алып, түгелдей адамдарды қырып тастаған. Содан бері бұл үңгірді «Қатын қамал» деп атай бастаған. Қатынқамал үңгірі талай тылсым сырды ішіне бүгіп жатқан құпиялы, ғажайып мекен. Тарихына терең бойлап, жер жаһанға жария етсек, талайды таң қалдыратын орын болары сөзсіз.

Сыр өңіріндегі тәуап ету орындары

Туристік орындардың кезекті бір бағыты аңызға бай, әулиелі, тәуап етуге салынған кесене, күмбездер. Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб сияқты Түркістанның тірегі болған туристік тәуап орындары Жаңақорғанның Хорасан ата, Көккесене, Ақтас әулие сияқты орындарымен толығады. Хорасан ата кесенесі - өз заманының ақылгөйі, данышпан, емші, ислам дінін таратушы Әбдіжәлел бабтың жатқан жері. Мұнда зиярат етуге келушілер алдымен Хорасан атаның басына тоқтап, Құран бағыштайды. Тарихты тағлыммен ұштастырып, құрсақ көтергісі келген ананың, ұзақ жолға шығатын сапаршы мен игі іске бастама жасауға ниеттенген іскердің ата-баба разылығын көздеп келетін жеріне айнал­ған кереметтердің бірі – Көккесене. Көгілдір күмбезімен, әсемдігімен, шебер тұрғызылған кесене Алаша хан мен Жошы хан күмбезі секілді қыштан кілем өрнегіне ұқсатып қаланған.
Аталғандардан бөлек, Баршын­кент, кейінірек салынған Бақсайыс әу­лие, Қылауыз ата сияқты тәуап етуге арналған орындар да бар. Акаде­мик Ә.Марғұланның дерегі бойын­ша Баршынкент қаласын оғыз елін басқарған жеті данышпан қыздың бірі Баршынға арнап салғызған. Сонымен қатар бұл ескерткіштің өз заманында даңқы шығып, танымал болуының басты себебі, Қоңырат руының батыры Алпамыстың жары Гүлбаршынның есімімен байланысты болуы.

«Апанқақтың» емдік суы

Жаңақорған ауданынан 80 ша­қырым жерде Түгіскен массивінде орналасқан. Апанқақ шипалы суы 800 метр тереңдіктен 42 градустағы ыстықпен атқылап шығып жатыр. Облысымыздың түкпір-түкпірінен дер­тіне дауа іздеп келетін кісілердің қарасы да жыл санап көбеюде. Ақсақал ел абыздарының айтуынша, Апанқақ өңірі ертеде малшылардың қар, жаңбырдың қақ суын жинайтын, тақыр жерді бұталармен қоршап істеген науа іспетті болған. Шілде өтіп, күзгі жауын жауғанша суы пайдалануға жарайтын бұл апанды жұртшылық содан кейін «Апанқақ» деп атап кеткен.
«Бұл су өте таза, тұщы, ыстық және құрамында сынап пен йод бар. Сондықтанда бұл ыстық су түрлі тері ауруларына бірден-бір ем. Суға түскенде жұп түспей, тақ түседі. Шипалы ыстық суға жылына бір рет Алматыдан медицина қызметкерлері келіп, су құрамын тексеріп тұрады. Олардың айтуынша, су құрамында дертке шипа болар түрлі минералдар мен дәрулік элементтер бар.
Апанқақ суына барар жолдың кедірі мен бұдыры келушіні безер қылғанын айтуды жөн көрдік. Дертіне дауа іздеп, алыс жолдан келетін ағайынды әлекке түсіретін жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шипалы су басына қона жатып ем қабылдайтын орындар бой көтерсе берекелі судың берекеті артар, деген сенім мол. Әлеуеті көтеретін бай-бағландарға дайын бизнес болатыны да сөзсіз.
Тағы да айта кететін, Ақтас мешітін естімеген адам жоқтың қасы. Тарихы тереңде жатқан бұл өңірге баяғы кездердегі қажылық сапарға баруды ниет еткен адамдар алдымен осы орынға жиналған екен. Айқожа ишанның өсиетімен күйдірілген қыш­тан жасалған ғимарат Бесарық ауылынан оңтүстік-бастысқа қарай 11 шақырым жерде орналасқан. Мешіттің Ақтас аталу себебі 8 ғасырда Ақтас есімді әулие кісі араб сарбаздарымен келіп, шейіт болып осы өңірде жерле­ніп, сол кісінің аты берілген. Ақтас мешіті 1982 жылы республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштер қатарына еніп, мемлекет қорғауына алынған. Бүгінде бұл аймаққа да аяқ басушылар аз емес. Әртүрлі көлемдегі жазда отыруға арналған орындықтар­мен толықтырылып, үй-жайға қажет жабдықтар қойылған. Әлгінде айтқан Апанқақ суы секілді қолдан жасалған орын мұнда да бар. Жол сапасы да сын көтеретін бірден-бір тарихи өлке осы маңайға жақын орналасқан ауыл-аймақ тұрғындарының жиі баратын орнына айналған.
Міне, біз бергі жағындағы қолда бар қасиетті мекендерді тізбектедік. Сырын ішіне бүккен қаншама киелі орындар бар. Олардың құпиясы ашылса, біздің аудан нағыз туризм орталығына айналары сөзсіз...

Жәмила ЕРМАХАН
12 наурыз 2024 ж. 211 0