"Судай сіңіп, тастай бат" дейтіндер аз
Рыскүл ҰЛЫҚПАНОВА, “Арман” мәдениет үйінің мәдени қызметкері:
– Біз келін болып түскендегі отбасы, ошақ қасының күрделі бейнетін қазіргі жас келіндер көріп-білген емес. Қазіргідей техника дамыған заман емес, таң атысымен ерте тұрып, сиыр сауып, сүт пісіріп, есік алды мен үй-ішін тазалап, таңғы асын дайындап, бәріне үлгердік. Өнер адамымын деп көкірек кермей, екі жақты да тең ұстап, бала-шағалы болып, отбасының берекесін сақтадық. Мен келін болып түскенде үйде атам бар еді, молда кісі болғандықтан ерте тұрып, дәрет суын әзірлеп, намаз оқитын бөлмесін тазалап, жағдайын жасадым. Анамыз «Ата-енеңді сыйла, солардың қас-қабағын бақ, қандай ас әзірлеймін деп ата-енемен ақылдас. Ата-анасының сүйген асын баласы да ұнатады. Күйеудің бабын біл, жағасын кірлетпей ұста» деп құлаққа құйғандықтан келін атанған күннен бері атамның қалаған асын жасап, ақ көйлегіне дақ сіңдірмей, мұнтаздай таза болуын мойныма алдым. Анамның ақылын алып, ешқашан отбасындағы мәселелерді тысқа шығармадым. Өзара талқылап, өзіміз шештік. Қазір ойлап қарасам, қыз жатжұрттық болғандықтан отбасынан не көрсе, барған жерінде соны айна-қатесіз қайталайды екен. Жас күнімде анамыз «әкелерің келе жатыр» дегенде жылы суын дайындап, бет-қол сүртетін орамалын алып жүгіруші едік.
Сонда анамыз: «Әкелеріңнің сүлгісіне өздерің сүртінбеңдер» дейтін. Өзі әкеміздің киімін жоғары іліп, аяқ киімін тазалап, ертелі кеш жайын жасады. Енді ойлап қарасам, ер азаматтың басын төрге сүйреу деген осындай ілтипат пен тәлімді тәрбиеде жатыр екен. Әкеміз асын ішіп болғанша бөлмемізден шықпай, бала болсақ та әкеміздің қас-қабағын бағып үйрендік. Қазіргі әкелердің де жұмысы ауыр, бірақ жұмысынан қажып келген азаматтың алқымынан алатын әйелді, шулап жүйкесін тоздыратын баланы көргенде не деріңді білмейді екенсің. Сырттан шаршап келген еркектің жүйкесі жүндей түтіліп, сөйтіп болмашыдан дау туып, соңы ажырасуға ұласады. «Ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды» деп, қызының сөзін сөйлеп, жұбайлар өміріне араласып отыратын аналарды түсінбеймін. Қыз бала күйеуге емес, тұрмысқа шығады. Яғни ол өзінің ата-енеге, қайын жұрт пен бір әулетке аманат екенін сезінуі керек. Солардың бәрінің көңілін табу арқылы көркейіп, кеңге өркен жаяды.