Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бірліктің жастары білімге құмар

Бірліктің жастары білімге құмар



«Көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан» - кітаптың кісінің рухани кемелдігін арттыруда пайдасы орасан. «Адам кітап оқуды тоқтатқан күні ойлауды да тоқтатады» - деген Дидроның сөзі бұл айтқанымызды айқындай түсетін сияқты. Әркімнің кітап оқудағы мақсаты әртүрлі. Бірі бос уақыттың тиімділігін мақсат етсе, бірі рухани дамуды алға тартады. Қос талаптың да кісіні адастырмасы анық.
Кітап – тұнған тәрбие, көркемдік, ғажайып қазына. Әдебиет арқылы әлемді қаратып, алға озатынымыз да айтылып жүр. Кітаптың қай кезде де құндылығы төмендемесі анық. Ақ қағаз бетіне тізілген маржандай таңбалар танымды қалыптастырады. Сондықтан көз майын тауысып, тірліктен артылмайтын тығыз уақыттың бір бөлігін кітап оқуға арнау ерік-жігерліге ғана тән.
Тереңіне түсіп, тұңғиығына бойлай білгенге берері мол кітапқа қызығушылар қатары азаюынан осыны көруге болады. Бұл сөзіміз «қазір ешкім кітап оқымайды» немесе, «кітапқа қызығушылар бұрынғыдай белсенді емес» дегенді білдірмейді. Керісінше, қай кезде болсын, қандай жерде жүрсеңіз де іздегеніңізді қолға ұстататын, әркімге қолжетімді жаңа технологияның мүмкіндігі кітапты да ұялы телефонға ендіріп берді. Керек десеңіз, аудио нұсқасы кітап мәтінін құлағыңызға құйып береді. Қазір дәстүрлі кітап оқу аясын кеңейту үшін республика көлемінде түрлі жобалар қолға алынып жатыр. Ізденісті жобаларымен кітапсүйер қауымның қатарын көбейтуге айтарлықтай үлес қосқан Данияр Жігітбекті білмейтін адам жоқтың қасы. «Кітап ал» клубының негізін қалаушы бүгінде инстаграм әлеуметтік желісі арқылы түрлі жобалар ұйымдастырып, оқырмандар көңілінен шығуда. Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыруды мақсат еткен «Кітап ал» клубы бүгінге дейін Астана, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Қызылорда қалаларында өз филиалын ашып үлгерді. «Не үшін үйлену керек?», «Лайфхактар», «Қаржы қағидалары» кітаптарының авторы Данияр Жігітбектің жетекшілігімен «Ауылға кітап» жобасы да іске қосылған болатын. Жоба аясында еліміздегі 100 ауыл мектебіне қазақ тіліндегі жаңа, сапалы кітаптар жеткізілді. Бастама негізінде ауданымызға қарасты Төменарық ауылындағы А.Д.Романов атындағы мектеп те заманауи кітаптармен толықтырылды. Мақаламызға тұздық болсын, ауданымыздағы кітап оқитын ауылдар жөнінде айрықша тоқтала кетейік.
                                                    БІРЛІКТІҢ ЖАСТАРЫ БІЛІМГЕ ҚҰШТАР
Бірлік ауылында соңғы жылдары кітап оқитын оқырмандар саны едәуір артты. Бұл туралы ауыл кітапханашысы Күләш Сұлтанбаева былай дейді: – Ауыл кітапханасында «Көшпелі тәрбие сағаты» жобасы аясында, түрлі іс-шаралар мен тәрбие сағаттары жүйелі өткізіледі. Жоба нәтижесінде оқушылар ғана емес, мұғалімдер мен ауыл тұрғындары да тұрақты оқырмандарымызға айналды. 2023 жылы Өтенов Дәулеттің жетекшілігімен «Ұшқын» кітап оқушылар клубы ашылды. Клуб мүшелері аптасына 1 кітапты талдап, ой бөлісіп, пікір алмасуды әдетке айналдырған. Топ мүшелері оқырмандармен бірге Д.Исабековтың «Гауһар тас», «Сүйекші», Т.Әбдіктің «Оң қол», «Әке», О.Бөкейдің «Қар қызы», С.Мұратбековтың «Жусан иісі», Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» сияқты туындыларын талқылап, қызу пікірталас өрбіді. Биылғы жылға 12 кітап таңдалып отыр. Қазір ауылдық кітапханамызда зейнеткер Әріпбек Асанов, Әметхан Әділханов ағайларымыз, ауылдағы 7-інші «Қызғалдақ» бөбекжайының ұжымы, мәдениет және спорт саласы өкілдері Н.Қыпшақбаева, М.Оспанов, М.Абдрахманов сынды азаматтар тұрақты оқырмандар қатарында. – «Ұшқын» кітап оқушылар клубын ұйымдастырған кәсіпкер-меценат Дәулет Өтенов руханият ордасына тәттілерін, кофе мен шайдың түр-түрін әкеліп, кітап оқырмандарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап отырады. Күн өткен сайын ерікті оқырмандар клубының жұмысы жандана түсуде. Студенттер тарапынан Санжар Керімбайдың, Аманжол Рысмендиевтің, Серікбол Бисекеевтің кітаптарына сұраныс түсті. Оқырман сұранысындағы жаңа кітаптарды Дәулеттің демеушілігімен алып отырамыз. Оның бұған дейін әкеліп берген кітаптары қолдан-қолға өтуде. Сәуір айында мектепке көшпелі кітап көрмесін апарамыз деген жоспарымыз бар. Ауыл кітапханашысы осылай дейді.
                                                       КІТАПҚҰМАР ҚОЖАКЕНТТЕ ДЕ КӨП
3600-ге тарта халқы бар ауылда кітапханамен тығыз байланыс жасап отыратын тұрақты оқырмандар қалыптасқан. Олардың қатарында зейнеткер аға буынның үлесі де едәуір. Әсіресе балабақша, мектеп ұжымы, денсаулық саласы мамандары кітап оқуды жүйелі әдетке айналдырған. 2022 жылы 403 оқырман саны 2023 жылы 580-ге көбейген. Қожакент ауылдық кітапханашысы Алмагүл Рүстемованың айтуынша, қазіргі кезде мотивациялық, психологиялық кітаптарға сұраныс басым. Халықтың кітап оқуын тұрақтандыру кітапханашы тарапынан мол жауапкершілік талап етіледі. Кітапхана ішіндегі жайлы атмосфера, жарық пен жылу да оқырман талабын қанағаттандыруы тиіс. – Жаңадан келген немесе алдағы уақытта келетін кітаптарды мүмкіндігінше алдын-ала хабарлап, оқырмандарды құлақтандырып отыруға тырысамыз. Жыл басынан бері 102 оқырман қызығушылық танытқан кітаптарын алып, кітапханамен байланыс жасауда. Бұлардың қатарында ардагер ұстаз Назым Рашидова, Назипа Алманова, Бибімариям Заменова, Бибіфатима Аблашова, Гүлнар Далаева сынды апайларымыз бар. Оқырмандар арасында мерзімді басылымды үзбей оқитындар қатары қалыптасқан. Бүгінде балдырғандарды кітап оқуға бейімдеу мақсатында, «Тыңда бала ертегі, ертегі сыр шертеді» деген арнайы жоба жасадық. Одан бөлек «Көкжиек» клубы поэзияға жақын оқырмандар басын біріктіріп отыр, – дейді ол. Ұлт ақыны ұлы Абай «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген екен. Кітап – білімге баулитын бағдаршам. Кітап оқуға күніне бір сағатын арнаған адамға білім де есігін ашады.
Жәмила ЕРМАХАН

09 наурыз 2024 ж. 223 0