Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қаламгермен кездесу

Қаламгермен кездесу


Алдыңғы толқын аға-апаларымыздың жүрген сара жолы, жеткен жетістігі мен белгілі бір салаға сіңірген ерен еңбегі бізге өнеге болумен қатар,өз жолымызды таңдауға, оң-солымызды танып, тұлға боп қалыптасуымызға септігін тигізбек.
Ауданымыздағы Мұхамеджан Қаратаев атындағы №51 мектеп ұжымы осы аптаны ауқымды іс-шарамен бастады. Білім ордасындағы әдебиетті сүйетін жоғарғы сынып оқушылары мектептегі «Коворкинг» орталығында тағылымды кештің куәсі болды. Кеш қонағы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер-журналист Баян Алаудинқызы. Кездесу ашық сырласу форматында өтті. Сырлы сұхбат пен астарлы әңгіме аясында қаламгердің «Қос мұңлық», «Үзілмеген үміт» сынды шығармалары талданып, әдебиетке жаны жақын оқушылармен еркін пікір алмасу болды.


Әдебиет әлеміне есік ашқан өрімдей кезінде жазған тырнақалды туындысы «Үзілмеген үміт», «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген соң оның өз-өзіне сенімі артып, қиын да жұмбақ әлемге тереңдей түсіпті. Талапты жас тағдырдың бұл тартуына еңбекқорлығы мен табандылығын таяныш етті. Ең алғашқы әңгімесін «Үзілмеген үміт» деп атауының сырын жазушы былай түсіндірді: «Адам үмітпен өмір сүреді және соған орай Жаратқан иеден лайықты сыйын да иелене­ді. Тіпті кейде адам өмірінде ойламаған жерден күтпеген ғажайыптар орын алып жатады. Бұл әңгімеде ерлі-зайыпты қарт пен кейуана Азат есімді жалғыз ұлын соғысқа жіберіп, көз жазып қалады. Ұлынан соңғы хатты алғалы 17 қыс пен көңілсіз күзді артқа тастайды. Көңіл жадыратар көктемнің бір күнінде күйбең тіршілікпен жүрген кейуана мен қарт баяғы соғысқа аттандырған Азатының жап-жас бозбала қалпында қақпадан кіріп келе жатқанын байқайды. Кеудені кернеген сағыныш оттай қарып, өз бойларын әрең тежеген қос мұңлық көктен түскендей жарқ ете қалған жасындарына құшағын жая ұмтылады. Сөйтсе, соғысқа аттанған Азат майданда жүріп медбике қызбен көңіл жарастырған екен. Азат өзі оққа ұшып, іште қалған ұрпағына Жалғас деп есім беріп, мәпелеп өсірген жары ұлы азамат болған шағында ата-әжесін табуға өсиет еткен екен. Осылайша үкілеген үміті үзілмеген қос қария телегей-теңіз қуанышқа бөленеді.
Алғаш Оралхан Бөкеевтің "Өз отыңды өшірме" романын оқып, әдебиетке аңсары ауған жастың бұл туындысы оқырманның ыстық ықыласына бөленіпті. "Аға мен сізге еліктеп осындай шығарма жаздым" – деп қуана хабарлап, әңгімесін “Қазақ әдебиеті” газеті редакциясына жолдап, ол кісінің де ақ батасын алады. Ол кезде Оралхан Бөкеев "Қазақ әдебиеті"газетінің бас редакторы болатын.
Бүгінде ауданымыздың төл басылымы "Жаңа­қорған тынысы" газетінің күнделікті сан­дарында түрлі тақырыпта қалам тербеп жүрген журналист апайымыздың жастар, мектеп түлектері арасында да оқырмандары көп екенін білдік.
Әр шығармасындағы астарлы мазмұн, қоңыр мұң мен сырды бүкпесіз бөліскен қарымды қалам иесі мектеп оқушыларына апалық ақыл-кеңесін айтып, ізгі тілектерін бөлісті. Мектеп директорының міндетін атқарушы Темірхан Оспанов «Әр саланың біз білмейтін қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Жастар болашаққа жол бастайтын үміт пен се­нім жүгін сезінуі керек және сол жолдың қызығы мен қиындығына байсалды қарауы керек. Мек­теп оқушыларының болашаққа бағыт алып, дұрыс жол таңдауына алдыңғы буын аға-әпкелер­дің үлесі мол. Білімнің қарашаңырағына келіп өрендермен бүкпесіз сыр бөліскеніңізге рақмет, оқушыларымызға сіздің жолыңызды берсін» – деп жылы лебізін білдірді. Ал, білім ордасының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қарлығаш Аюпова «Балалар үшін әр саланың нағыз майталманынан алар өнегенің орны бір төбе. Әдебиетке жа­қын шығармашыл түлектеріміздің сіздің ақыл-кеңесіңізді алғанына қуаныштымыз. Мектеп жа­сындағы балалар бір бөлек, өзіміз де телегей теңіз әсерге бөлендік. Сізден аларымыз көп екенін ұқтырдыңыз. Оқушыларды тек білім алуға ғана емес, жалпы тұлға боп қалыптасуға үндеуде, кітап оқуға бағыттауда бұл кештің әсері өте мол болды деп сенемін”, – деді.
«Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, көргені көп, берер өнегесі мол үлгі тұтарлық тұлғаны көрсек, аз да болса ақылын тыңдап, рухани азық алуға тырысқанымыз абзал. Белсенді мектеп жастары мен болашақ журналист болам деуші жас жеткіншектердің ынта-ықыласы шараның бояуын кіргізіп, келбетін көркейте түсті.

Жәмила Ермахан
20 қаңтар 2024 ж. 342 0