Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Балаға қамқорлық – болашаққа салынған инвестиция

Балаға қамқорлық – болашаққа салынған инвестиция


Соңғы кездері Жаңақорған ауданы білім саласында өркенді жаңалықтар көп. Бұл мемлекетіміз бойынша оқу-ағарту саласына жасалып отырған қамқорлықтың нақты көрінісі болса керек. Осы жетістіктерді көпшілік назарына ұсынуды жөн көріп, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекжан Шахизатұлымен арнайы сұхбаттасқан едік. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Бекжан Шахизатұлы, сіздің аудан білім саласының тізгінін қолға алғаныңызға тура жүз күн болыпты. Осы кезге дейінгі ойға түйгендеріңізбен бөліссеңіз. Аудандағы 43 мектептің жағдайын саралап көргенде  үлгі алар тұсымыз да, кенже қалған кемшіліктеріміз де кезіккен болар. Осы бағытта нақты бағыт-бағдар түзіп, көш бағытын қандай арнаға бұрған жөн?
– Бұған дейін де облыстық білім басқармасында қызмет атқарған кездегі аудандар білім саласын ұдайы сараптап отырған көзқарас бір басқа, осында басшылыққа келген күннен аудандағы 43 мектепті аралап көруім жаңаша жобаларға қанат бітіріп отыр.
Бүгінгі ұрпақ – елдің ертеңгі иелері, болашақ кілті солардың қолында. Сондықтан оларға жасалып жатқан барша қамқорлық – болашаққа салынған инвестиция деп бағалауға болады. Бұл орайда Үкіметіміз білім саласына ел бюджетінің басым бөлігін бағыттап отырғанын көріп отырмыз. Біздің міндетіміз – осы сенімді ақтау. Ұстаздар мәртебесінің ұлықталуы осы жауапкершілігімізді одан сайын биіктетіп, міндет жүгін еселей түскенін терең сезініп отырмыз.
Өткен жылға өкпеміз жоқ жақсы жетіс­тіктермен қорытындыладық.
Биылғы жылдың басында ауданымызда тағы бір жаңа білім ордасы білімгерлерге есігін айқара ашты. Бұл кенттің жаңадан соғылып жатқан шеткі көшелер тұрғындарының балалары үшін зор қуаныш болды.
Аудан бойынша43  мектепте жаңа оқу жылы басында 18 мың 241 бала партаға отырды. Жаңа44-інші  №289 мектепте МАИ елді мекенінен аудан орталығындағы №110, 125, 163 орта мектептеріне қатынап оқып келген 434 бала білім алатын болады. Жаңа білім ошағына кешеге дейін 250 шәкірт тізілді. Тағы да 500-600 бала оқытуға мүмкіндік бар.
Ауданда бұдан бөлек 8 жеке мектеп бар. Бұл оқу ошақтары да білім беру деңгейіне, зияткерлік әлеуетіне қарай әлеуметтің сенімін иеленіп келеді.
Мектепке дейінгі білім беруге келсек, 26 мемлекеттік балабақща, 82 жекеменшік бала­бақша, 7 шағын орталық бар. Ауданда жалпы 115 мектепке дейінгі мекеме бар.
Аудандағымектептерді аралап, материалдық-техникалық базасымен танысып шықтым. Жалпы  ауданымызда үш ауысымды  оқитын және апатты  жағдайдағы мектептер жоқ. Білім ошақтарының   басым көпшілігі  жаңадан пайдалануға  берілген және күрделі жөндеуден өткен мектептер.
Ендігі кезекте кенттің орталығындағы №163 орта мектепке «Ауыл-ел бесігі» бағдарла­ма­сы аясында күрделі жөндеу жүргізіледі жә­не матермалдық базасы жаңартылатын бола­ды. Сол сияқты аудан орталығындағы №51 орта мектептің пайдалануға берілгеніне жар­ты ғасырдай болған, оған да күрделі жөндеу жасалатын болады.
Аймағымызда 21 «Жайлы мектеп» салынатын болды. Соның екеуі біздің ауданға тиесілі. Бірі Саяжай мөлтек ауданында, екіншісі Жаңарық елді ме­кенінде салынып жатыр. Сол сияқты Байкенже ауылында жаңа мектеп пай­далануға беріледі.
Аймақ басшысының тапсырмасымен барлық аудандарда оқушылар үйі салы­натын болды. Біздің ауданда орталықтағы №286 орта мектеп жанынан Оқушылар үйі құрылысы басталды. Осы қатарда Өнер мектебі  де салынатын болды.  
– Мектептің жүрегі – мұғалім. Осы тұрғыдан келгенде басты капитал – алдымда отырған бала деп түсі­ніп, бар күшін, қажыр-қайратын со­ның жақсы білім алуына арнайтын ұстазды көріп жүрміз. Сонымен қатар 45 минуттық сабағын шала-шарпы бере салып, одан әрі жеке жұмысына асығып, өзге кәсіпті күйттеп жүре­тін мұғалімдерді де байқап қаламыз. Осы тұрғыда не айтасыз?
– Бар білімін, күшін балаға арнаған мұғалім маңдай терінің жемісін қара жерден терген диқан сынды алдындағы шәкірттерінен бақыт табады. Оқушыла­ры пәндік олимпиадаларда топ жарып, үздік танылуынан мұғалімнің санаты көтеріліп, жалақысы артуда. Осындай еңбегімен «Миллионер мұғалім» болған педагогтар мерейі қандай биік, беделі зор. Бұл жүректің қалауы, таза пейілді ынсап пен ықыластың көрінісі. Сондықтан әрбір мұғалімнің ар-ұяты, ішкі түйсігі, эрудициясы бұған таразы болса керек.
Әрбір білім ошағының атмосферасына қарап мектеп басшысының деңгейіне баға беруге болады. Тәлім ордасының табалдырығынан енгеннен бастап сол мектептің тазалығы, пәндік кабинеттердің  жабдықталуы бірден көзге ұрып тұрады. Шалғайдағы  шағын мектептердің өзін мұнтаздай таза ұстап, жайлы жағдай қалыптастыру үлкен еңбектің нәтижесі.
Мектептерде бала қауіпсіздігіне бай­ланысты бейнебақылау болуы маң­ыз­ды. Бүгінде барлық мектепте 1-4 сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтыл­ған. Әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары үшін он бірінші сыныпқа дейін  тамақтандыру жолға қойылды.
– Педагог біліктілігін қалай сараптауға болады?
– Қазір мұғалімдер арасында  модера­тор, сарапшы, зерттеуші, шебер деген анықтамалықтар біліктілікті анықтайды.Ең жоғарғы санат педагог шебер деп аталады. Облысымыз бойынша отыз педагог шебер бар болса, соның үшеуі бізде. Бұлсан  2800 мұғалімге шаққан­да көңіл толтыратын көрсеткіш емес. Бұл санаттардың тағайындалуы мұғалім еңбегіне мотивация береді, әлеуметтік жағдайын да көтереді. Категорияларына байланысты үстемақысы тағы бар. Осы­ның барлығына ұстаз баланың жетістігі арқылы  қол жеткізеді. Өзінің де ғылыми-шығармашылық жұмыстары сараланады. Соңғы үш жылда педагог шеберді Оқу-ағарту  министрлігі береді. Сарапшы мен зерттеушіні  облыстық білім басқармасы, модераторды мектеп ұжымы таразылайды. Бұл мұғалімдер арасында бәсекелестік­ті арттырып, сапаға қол жеткізу тен­денциясын қалыптастырып отыр.
– Аудан мектептерінде білім беру сапасын арттыру үшін қандай қадамдар жасалып жатыр?
– Қарапайым мектептерден гөрі білім ошағына гимназия немесе лицей, дарынды мектеп статусын беру білім сапасын арттыруға жағдай жасар еді. Біздің ауданда Жайылма ауылындағы №195 мектеп гуманитарлық бағыттағы гимна­зия ретінде және аудан орталығындағы №110 мектеп математикалық және жара­тылыстану бағытында білім беруде. Бұл мектептерде соңғы кезде жоғары  оқу орындарымен байланыс үзіліп қалған екен. Осы дәстүрді қайта жолға қоймақпыз. Қызылорда қаласындағы үш оқу орнымен меморандумға отырып екі-жақты келісім­ге келіп, тиісті қаражаттары шешілуде. Алда­ғы уақытта университеттің математика, физика мамандары келіп, ашық сабақтар өтетін  болады. Одан әрі бұл оқу ошақтары магнит мектептер есебінде аудан білім ошақтарына үлгілік-тәжірибелік  жағымен танылатын болады. Бұл екі мектеп қана емес, келесі жылдың қыркүйек айынан бастап аудандағы материалдық базасы мықты, ұстаздар әлеуеті жоғары бірнеше мектепке осындай статус алып берсек деп жоспарлап отырмыз.
– Сіздің ойыңызша ұстаз бейнесі қандай болу керек?
– Ұстаз бойында баланың болмысын жүрегімен сезінетін жанашырлық бол­ғанда ол мұғалім балаға ата-анасынан да жа­қын болып кетер еді. Мұндай мұғалім бала тәрбиесінде ғажайып жетістікке қол жеткізеді.
Осы бағытта мектеп ата-аналар ко­митеті төрағаларының басын қосып, білім ордасы мен ата-ана арасында тығыз байланыс болса дейміз. Менің пікірімше, екіжақты терең түсіністік болған жерде нәтиже де болады.
Мұғалім еңбегін бағалау бәрінен маң­ызды. Бұл тұрғыда сараптау жасауда пәндік байқаулардың орны зор. Мек­тептерде негізгі он екі-он үш пән бар. Сол пәндер бойынша олимпиада ұйымдастырғалы отырмыз. Алдымен ма­тематика және физика пәні­нен мұға­лімдер арасында сайыс  өткізе­міз. Оларға демеушілер тарапынан ақша­лай сый­лық тағайындаймыз. Аудандық деңгейде ары қарай химия, биология пәнінен мұғалім­дер арасында бәсеке­ге жағдай жасамақ­пыз. Конкурс­тық комиссия жоғары оқу орындарынан тағайындалады. 
Жақында білімгерлеріміздің арасында пән олимпиадасы өтіп, 9, 10, 11 сынып оқушылары бақ сынады. Президент ауыл мен қала оқушылары арасында сайысты бөлек өткізуге тапсырма берді. Өйткені ол екеуінің білім айырмашылықтары көп. Зияткерлік мектептер мен инновациялық мектептер көп шоғырланған мегапо­лис оқушылары жүлденің көбін иеленіп кететіні заңды. Сондықтан биыл ауыл мектептерінде олимпиада бөлек өтті. Біздің ауданымыздан республикалық олимпиадаға 25-тей үміткер байқауға жолдама алды.  
– Сұхбатыңызға рахмет. Еңбек­теріңізге жеміс тілейміз!

Баян ҮСЕЙІНОВА
20 қаңтар 2024 ж. 349 0