Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТРАКТОРШЫ ДАНИЯР ҚАЛАЙ ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ АТАНДЫ?

ТРАКТОРШЫ ДАНИЯР ҚАЛАЙ ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ АТАНДЫ?


Данияр – отбасында ата-анасының кенжесі. Бүгінде оның есімі жаңақорғандықтарға жақсы танымал. Жас кәсіпкер санатындағы жігітті көпке танымал еткен қайырымдылық істері. Құрылысшылық кәсіптің көзін жақсы білетін Даниярдың басшылығымен соғылған он төртінші үй баспанаға зәру, аз қамтылған, сондай-ақ ата-ата анасынан айрылған жетім отбасыларының еншісіне тиді.


Кәсіпкер азаматтардың жәрдеміне кіріптар болып бұлардың әрбір ісіне батагөй болып отыратын жанұя мүшелерін жаңа үйге кіргізіп, әрбірінің жүрегі жарылардай қуанышын көзбен көрген күні Даниярдың иығынан ауыр бір жүк түскендей алапат сезімді бастан кешетіні бар. Өзін қоярға жер таппай, жүректегі қордаланып қалған салмақ – аяу ма, есіркеу ме, өзіне де беймәлім сезімнің ауанынан арылу үшін ешкім көрмейтін оңаша жерді тауып рахаттанып отырып ағыл-тегіл жылап алады екен. Кісі қорыққанда бір, қуанғанда бір жылайтын еді, бұл жігіттің мына көз жасының сырын біреу бәлен деп түсіндіріп бере алмас еді. Сөйтсек, бұл шүкіршіліктің көз жасы екен. Жалғыз өзі ғана емес, көптеп-көмектеп жанында жүрген бауырлары, достары, жақын-жуығы болып, санаспай-есептеспей қолдан келгенімен жұмыла жәрдемдесіп, қаншама қолы қысқа, кемтар бауырдың басына бір - ақ күнде бақыт орнатып беріп жатыр. Бұған қалай жүрек шіркін тербелмесін, тебіренбесін. Тап-таза ниеттің игілігіне ел болып қуанып жатқанда соның сәулесі жұдырықтай жүректі ысытып-суытып, жанардан мөлдір жас болып төгіліп, тәубесін бекемдеп және бір жақсы іске тәуекел етіп барып жас жаны тыншыр еді.
Бұл бір өзі мінезділіктің де белгісі болса керек. Титтейінен біреуге көмектеспесе, болыспаса жаны жай таппайтын болмысын достары да жақсы біледі екен. Өзінің тұлға бітімі де зор, көп сөйлемейді, сөйте тұра жүрегі сонша жұмсақ. Әжесі Базаркүлдің қайырымдылық қадір-қасиеттері жөнінде көз көргендерден естіп-біогенінде жүрегін ерекше мақтаныш кернеген. Ал нағашы атасы Ысқақ беделі зор, «Би бол, би болмасаң да би түсетін үй бол» деген ұстаныммен өмір сүрген айналасына абыройы асқан ақсақал болып өткен екен өмірден. Солардың ұрпағы болып келетін Даниярдың «Аташ ауылының атаманы» деген лақап аты болыпты. Атаман деген атақ тегіннен берілмейді, қарауындағы сексен бала айтқанына тұрып, айдағанына жүрді деген сөз. Дегенмен бұзық болып біреудің басын жарып, мұрнын бұзып жатса бүгінгідей дәрежеге қалай қол жеткізуге болады?
Кеше, жаңа жыл мерекесі қарсаңында Даниярдың есімі “Қазақстанның Алтын кітабы” энциклопедиясына енгізілгені туралы Жаңақор­ған ауданы әкімінің қорытынды марапаттау кешінде айтылып, медалі салтанатты түрде табыс етіліп еді, осы көрсетілген құрметке орай бірінші жұмыс күні кейіпкерімізбен жақынырақ сырласуды жөн көрдік. Ағынан жарылған депутаттың жан сырына құлақ түре отырып, осы тұсқа келгенде ашық сауалымыздың төбесі қылтиды. «Қазірде де көшенің топтары бар. Іздегендері төбелес. Мақсаттары не олардың? Тірліктері құптарлық па?».
«Қазіргілерді білмеймін, кезінде өзіміз әділеттіліктің жолында жүрдік. Біреуге біреу қиянат жасамау керек, өтірік айтпау керек, көшемізде біреуге қайырымдылық көмек керек пе, бәріміз жабылып атқарып тастайтынбыз. Екімыңыншы жылдардан кейінгі кезеңдер ғой, мешітке бас сұғып, ұстаздардың алдын көріп, кеңесін тыңдадық. Мүмкін сол кісілердің де тәрбиесінің арқасы шығар, ұстанымымыз мықты, жүрісіміз түзу, еңбегіміз адал болды. Жаңағы сексен бала күш жұмылдырып, өзіміз барып жүрген «Құмсахаба» мешітіне әжетхана салып бердік. Жаңа мешіт ғимараты соғылайын деп жатыр екен, ескісін бұзып, орнын да сақадай-сай дайындап бердік.
Жігіттің бойында тау қопарардай күштің болғаны аз, алға қойған мұратымыз да асқақ еді. Сол жылдардағы қиыншылық, тұрмыстың төмендігі, барлық саладағы тапшылық ады­мымызды кең аштырмады, арманымызға да қолымызды жеткізбеді, – дейді ол.
– Қандай арманың болып еді?
– Мен ұшқыш болуды армандадым. Бала жасымнан төбеде самолет көрсем қарасы үзілгенше қарап тұратынмын. Ол кезде Астанада ұшқыштар дайындайтын оқу орнына жылына 400 мың теңге төлеу керек, оған жанұямыздың мүмкіндігі болмады. Сөйтіп жағдаймен санасуға тура келді, - дейді.
Данияр жетінші сыныпта оқып жүргенінде трактор айдауды меңгерді. Әкесі «Қыран» КДСМ-да тракторшы еді, сол жылы инсульт алып, ауруханаға түсті. Реанимацияда қатер аузында үміт аз болды ма, үйдегілер үрейде, кішкентай Данияр тура әкесінің есігіне барып кірем деп тұрып алған. Жас кеуде жалын атып, жанарынан тарам-тарам жас ағып, Жаратқанға жалынып тұр. Аһ ұрған арман-тілек Алланың құлағына жетті ме, әкесі ажалдан аман қалды.
Ал бұл болса сабақтан сәл қалт етсе әке тракторын тақымына басып тапсырманы тыңғылықты орындап жүрді. Бала жастан көзі қанық кәсіппен етене болып кеткені сонша қаңтарылып тұрып қалған трактор атаулы Даниярдың қолы тисе болды жан бітіп, шаруаға жарап егелерін жарылқап тастайтын. Сондық­тан бұл жігітті жаңақорғандықтар ең бірінші Тракторшы Данияр деп жақсы таниды.

ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ – МІНЕЗДЕН

Отбасында үшеу еді, төртіншісі – өкіл балалары Дарханды өзі бауырына басып, іні етіп алыпты. Үйге алып келіп, ата-анасымен таныстырып еді, олар да қуана қош көрді. Дархан да тірлікке жарағаннан Даниярдың тәрбиесін алып, оң қолы болып, жанынан жарты елі қалмады. Бірге жүріп, бірге тұрып, кәсіптің қыр-сырын меңгерді. Қазір үйлі-баранды. Данияр оған үй салып берген. Бүгінде Дарханның өзінің жеке кәсіпшілігі бар екен. Міне, қазақтың әрбір баласы бір-біріне осындай қамқор болса тоқымдай жерімізде тоңған көңілге жылу сыйлау өзімізден де артылмас еді-ау дейсің.
– Өзіміз де мұқтаж отбасынан шықтық қой, - дейді Данияр. Көзімді ашқаннан көрген техниканың тілін білгенім мені тығырықтан алып шықты. Әкемнің қасында «Қыран» деген мекемеде тракторист болдым. Тауды тесіп, тасты қазып көліктерге салып береміз, оны арман қарай вагондарға тиейді. Айлығым жақсы болды, жалақымды түгелдей анама әкеп беретінмін.
2006 жылдары орта мектепті бітіріп Алматы мемлекеттік университетінің АӘД пәні мамандығына сырттай оқуға түстім. Ел жағдайының да ауыр кезі, алаңсыз оқуға жағдай көтермейді. Бір жағынан жұмыс істеп, қаражат тауып ата-анаға көмектесуді мұрат тұттым.
Әкемнің ағасы Рақым қарулы, балуан денелі кісі болған екен. Елдегі қиянаттан жәбір көргендердің есесін түгендеп беріп жүреді екен. Өз атам Ыбырайымның, нағашы атам Ысқақтың кезінде елде беделі биік, аузы дуалы, қадір-қасиеті биік кісілер болғаны жөнінде жиі естігендіктен менің де жақсы атым шығуы керек деген мұратты ұстандым, – дейді ол.
Бүгінде Данияр жары Назгүл екеуі төрт перзент тәрбиелеп отыр. 2014 жылы Мадияр есімді ұлы өмірге келгенде ол өз алдына «Мадияр» деген дара кәсіпкерлікті ашқанын айтты. КамАЗ айдайтын он әріптестің басын біріктіріп, Алматыдан Қытайға баратын жол құрылысының жұмысын қолға алды. Осында екі жылдай жұмыс жасап жүргенінде жеке екі-үш КамАЗ көлігін алуға қол жетті. 2019-20 жылдары Ауыл шаруашылығы қолдау қорынан 10 млн-ға жуық ақша алып, жаңа жүк көтергіш сатып алды. 2021 жылдан бастап бетон зауыты өндірісін қолға алып, қазір онда үздіксіз өнім шығарып, аудан құрылысын қамтамасыз етіп отыр. Зауытта 50 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кеше, жаңа жыл мерекесі қарсаңында қарамағындағы жақсы жұмыс атқарған азаматтың екеуіне көлік кілтін табыс етсе, бір азаматқа жаңа үйдің кілтін тарту еткенін естіп білдік.
«Covid-19» пандемиясының кезінде аурухана­ға бес дана ИВЛ аппаратын сатып алып бергенін де ел ұмыта қойған жоқ. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясына белсене қатысып, жасөспірімдерді қуантып келеді.
Биыл халықтың қалауымен аудандық мәслихаттың депутаты болған Даниярдың жұмысы бұрынғыдан да еселене түскен.
Жыл сайын «Жылу сыйлайық» Қайырымдылық акциясы аясында мұқтаж отбасыларға тонналап көмір таратуды дәстүрге айналдыруы қазақ­тың жылу жинау дәстүрінің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуының айқын дәлелі десек болады.
Ол әлеуметтік мәселелерді шешудегі баста­машылық ұйымдастырушылық қаси­ет­­те­рінің арқасында жас та болса көпте­ген марапаттарға ие болды.
Да­нияр Асайынұлының есімі әріптестерінің, ұжымның, қоғамның алдында үлкен құрмет пен беделге ие. Оның ең басты қасиеті – танымдық көкжие­гінің кеңдігі. Тәжірибелік шаралардың басы-қасында жүретін белсенді азамат аудандағы “Жаңарған Жаңақорған Жастары” қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі. Уақытының тығыздығына қарамастан ол үнемі жастарды қолдап отырады. Оның бойындағы тағы бір ең басты қасиеті биік парасаттылығы деуге болады. Адамдарға сүйінпеншілікпен, құрметпен қарай білетін ол көпке үлгі.

Баян ҮСЕЙІНОВА
04 қаңтар 2024 ж. 264 0