№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Білім сапасы: Жеке мектептің жайы қалай?

Білім сапасы: Жеке мектептің жайы қалай?



ХХІ ғасырда өсімнің 80 пайызы адами капиталға тәуелді. Ал, адами капиталдың көрсеткіші – білімде. Яғни, білімді қару етіп, еңбек майданында белсенділік таныту маңызды. Осы мақсатта білім саласында бәсекелестік орта қалыптастыруда – жекеменшік мектептер көбірек салына бастады. Дерек көздеріне қарағанда, Қазақстанда жекеменшік мектептер Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ құрыла бастапты. Біздің өңірде 5-6 жылдың көлемде алғашқы жеке мектеп ашылып, жыл өткен сайын саны артып келеді. Ауданда 43 мемлекеттік, 8 жеке мектеп бар әзірге. Әлбетте, жеке білім ордалары еліміздегі мектеп тапшылығын шешуге де оң ықпал етері анық. Бірақ, жеке мектепті кәсіптің көзіне айналдырып жіберген жоқпыз ба? Жекеменшік мектеп бізге қажет пе? Ондағы білім беру стандарты қандай? Жекеменшік мектепте оқитын оқушылар жайлы біз не білеміз? Ақы төлеп оқитын мектептің нендей артықшылығы бар? Осы сияқты сан қилы көкейде жүрген сұрақтарға жауап іздеуге тырыстық...
Жекеменшік мектептерге баратын кейбір балалар үшін мемлекет арнайы субсидия бөліп, мектеп ашамын деген кез келген жанға жағдай жасап отыр. Әлбетте, мемлекет үшін, бұл – бюджетке түсетін жүктемені төмендете отырып, білім ордаларындағы орын тапшылығын азайту әрі білім беру сапасын жақсарту, педагог мәртебесін арттыруды негізге алса керек. Бірақ, кейбір кәсіпкерлер үшін таптырмас табыс көзі болып тұр десек артық емес.
Бүгінде ауданда не көп, жеке мектеп көп, әлі алда ашылатыны тағы бар. Барлығы да бірінен-бірі өткен керемет, заманауи үлгіде, жаңа құралдармен жабдықталған. Әлбетте, жеке мектептердің ашылғаны дұрыс. Өйткені бәсекелестік бар жерде сапа да болады. Бірақ біздің ауданның білім көрсеткіші жылдан жылға нашарлап келеді. Неге десеңіз, білім сапасы бойынша облыста ең соңғы орыннан көрінуіміздің өзі осы сөзіміздің дәлелі болса керек. Үш жылдық білім сапасына мониторинг жасаған білім бөлімінің әдіскері Жанна Нұрмаханбетова әр мектептің әлеуетіне жекежеке тоқталды. Аудан бойынша 43 мемлекеттік мектеп, 8 жеке мектеп балаларға білім беріп, ұстаздар үздік атанып жатқанымен, білімпаз оқушылар деңгейі төмен. Жалпы 18465 бала білім алып жатса, оның 3490-ы үздік, 5244-і жақсы, 727 оқушы орташа екен. Ақпараттарға зер салсақ, ауданда соңғы үш жылда білім сапасы күрт төмендегені байқалады. Тарқата айтсақ, 2021- 2022 оқу жылында 4 мектеп, 2002-2023 оқу жылында 2 мектеп, 2023-2024 оқу жылының бірінші тоқсанында 9 мектептің көрсеткіші көңілді көншітпейді. Мұны әдіскер Жанна Нұрмағанбетова да мәлімдеді.

– Үш жылдағы білім сапасының мониторингі 16 мектептің көрсеткіші төмендегенін көрсетіп отыр. Бұл пән мұғалімдерінің әр баламен жұмыс жасауды жетілдіру керектігін білдіреді. Халықаралық стандарттар негізінде жүргізіліп отырған оқу процестеріне ілесу әрі нәтижелі дәріс берудің жолын қалыптастыру маңызды. Облыстағы үздік мектептердің оқытушы педагогтарымен тәжірибе алмасып, сабақ берудің тың тәсілдеріне мән беру керек-ақ, – деді әдіскер.

Иа, өңірімізде жапа-тармағай білім ошақтарын көбейтіп, өрендерге жол ашқанымен «қойшы көп болса, қой арам өледінің» кебін киіп отырғанымыз көңілге қаяу салары сөзсіз. Әйтпесе, Қызылорда облысының Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында бірде бір жеке мектеп жоқ. Тіпті, көршілес Шиелі ауданында 2 ғана жеке мектеп бар екен.
Осы тұста, елімізде жекеменшік мектептер орта білім беру саласын дамытуға үлкен үлес қосқанымен, соңғы жылдары мектеп ашуда ақша табу мақсатын ғана көздейтін кәсіпкерлер қатары көбейгенін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Хабар 24» арнасының «Бетпе-бет» бағдарламасында тілге тиек еткені орынды секілді. Министрдің айтуынша, соңғы кездері кей кәсіпкерлер жекеменшік мектеп салу ісін бизнеске айналдырып, оған білім беру ісі емес, табыс көзі ретінде қарай бастағанын ашына айтқан еді.

– Жалпы, жекеменшік мектептердің елдегі білім жүйесінің дамуына үлкен үлес қосқанын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, соңғы кездері кей кәсіпкерлер жекеменшік мектепті бизнеске айналдыра бастады да, ақша табу жағына кетіп қалды. Мектеп немесе білім саласындағы нысандар бизнес деп аталмауы керек. Ол – әлеуметтік сала. Ұйым жекеменшік болғанымен, бала жекеменшік емес қой. Сондықтан мемлекет мұны міндетті түрде бақылауда ұстауы керек. Жекеменшік мектептер іске кіріспес бұрын Оқу-ағарту министрлігінің сапаны қамтамасыз ету комитетінен лицензия алғаннан кейін мектептердің оқу бағдарламасы біздің бақылауымыздан тыс қалып келген. Өйткені кәсіпкерлік туралы кодекске байланысты мораторий жарияланып, тексеруге тыйым салынған. Бұл бағытта Прокуратураға және Ұлттық экономика министрлігіне тексеруді қайтадан жандандыру туралы ұсыныс бердік, – деп түйіндеді сөзін Ғани Бейсембаев.
Расында, жекеменшік мектеп ашуды ойлаған адам алдымен пайданы емес, өзге жекеменшік мектептерден қандай артықшылығым болады, оқушыға қандай білім бере аламын деген сұрақтың жауабын ойлауы керек. Себебі жекеменшік мектептер барлық елдерде қолданыстағы білім жүйесінің кемшілігін толықтырып тұратын үлкен күш. Қазіргі уақытта, елімізде ресми лицензия алған 632 жеке меншік мектеп бар. Онда 200 мыңнан астам бала білім алады. Мемлекеттен қосымша жан басына қаржыландыру шеңберінде әр оқушыға жылына орташа есеппен 722 мың теңге айналасында ақша төленеді. Бұдан тыс, егер ғимаратты реконструкциялап мектеп ашсаңыз әр балаға жылына 47 АЕК (162 мың теңге), ал, мектеп ғимаратын жаңадан салып мектеп ашсаңыз әр балаға жылына 96 АЕК (331 мың теңге ) ақша төленеді екен. Ең көп жекеменшік мектеп Алматы және Шымкент қалаларына орналасқан. Әрқайсысында 100-ден аса жеке меншік мектеп бар. Ең аз жеке меншік мектеп Ұлытау облысында. Онда бір ғана жеке меншік мектеп бар екен. Үлкен облыста бір мектеп болса, біздің ауданда 8 мектеп бар. Ойланарлық мәселе...
Осы тұста аудандық білім бөлімінің міндетін атқарушы Бекжан Есенбаевпен тілдесіп, жеке мектептердің жайын білген едік.

– Мектеп – тәрбие мен білімнің қазыналы ордасы ғой. Шәкірт 11 жыл уақытын мектепте өткізетін болса, тұлға тәрбиелеуде ұстаздарға жүктелер міндет те зор. Біздің басты мақсатымыз еліміздің ертеңгі ұландарын білімді, білікті, тәрбиелі, саналы адам етіп жетілдіру. Бұл тұрғыда ауданымыздағы мемлекеттік болсын, жеке мектептер болсын ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2015 жылғы 17 маусымдағы №391 «Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің аймақтардағы бақылау департаменттері білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының сәйкестігіне қарай лицензия беріледі. Еліміздегі барлық білім беру ұйымдарындағы ҚР білім беру министрлгі бекіткен талаппен жүзеге асады. Біз жеке мектептерді тексере алмаймыз, тек зерделеу жұмыстарын жүргіземіз. Аудандағы жеке мектептердің барлығы талапқа сай, ұстаздарын конкурстық негізде жұмысқа қабылдап, балаларға өз деңгейінде білім беріп жатыр деп есептеймін. Бұл жерде ата-ана баласының болашағына байыппен қара, өз таңдауын жасауы керек, – деді ол.

Мемлекеттік мектептер бола тұра, жылына жүз мыңдаған ақша төлеп, баласын жекеменшік мектепте оқытып жатқан ата-аналардың бірі – Әсем Дүйсенова. Оның айтуынша, мемлекеттік мектепте оқыған оқушының қосымша репетитор жалдауына тура келеді. Мұндайда бәрібір оқыту шығыны жекеменшік мектеппен бірдей болады. – Жекеменшік мектепте қосымша үйірмелер де, спорт секциялары да қамтылған. Бала таңертең мектепке кіргеннен 3 мезгіл тамағын ішіп, үй тапсырмаларын сонда орындап қайтады. Мектеп бағдарламасының ішінде шахмат, робототехника сияқты бөлімдер бар. Бір сыныпта 15-18 оқушыдан отырады, ал мемлекеттік мектепте – 25-30 оқушыдан. Сондықтан қай жағынан алып қарасақ та, бізге жекеменшік мектеп тиімді. Ал Саят Ержанов есімді азамат қызының жеке мектепке бергеніне өкінетінін айтады.

– Байқасам, соңғы уақытта ауданда көркі көз тартар білім ордаларының қатары көбейіпті. Меніңше, жалтыраған мектептер салу міндет емес. Бастысы, білім саласындағы кем-кетіктерді саралай, зерделей отырып, сол қомақты қаржыны мықты мұғалімдер даярлауға, сапалы білімге, технологияларға жұмсаған әлдеқайда тиімді болар еді. Өткен аптада ауа райының суытуына байланысты 1 апта сабақ онлайн режимге өтті. Менің үлкен қызым мемлекеттік мектепте, кішкентай қызым жеке мектепте оқуды. Себебі, қызым кішкентай болғандықтан жеке мектеп тиімді деп ойлағанбыз. Бірақ, онлайн оқу барысында жеке мектепке бергеніме өкіндім. Оқушыларда белгілі бір тәртіп, ұстазды сыйлау, айтқанын істеу деген ұғым жоқ екен. Апайлары ынтышынтысымен тапсыра беріп жатыр, мына жақта оқушылар небір қисық сөздерді айтып, бір-бірімен салғыласып отыр. Оған ұстаз шіркін бір қой демейдіау. Болмағасын өзім оқушыларға ұрсып, артық сөзді доғаруын талап еттім. Оған оқушылар пысқырып жатқан жоқ. Демек, мұғалім оқушысы мектептен кетіп қалмау қамын жасап отыр деген сөз. Қазақта тәрбие мен білім егіз демей ме? Меніңше, жеке мектептерде балаларды көтермелеп, жоғары баға қойып, ұрыспай, мақтап, мадақтап өсіріп жатыр десем өтірік айтпаған болар едім, – дейді.

Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Жапон азаматтарына қарасаңыз, үлкені де, кішісі де иіліп тұрады. Бәрі тәлімнен, кішкентайдан алған білімнен екені анық. Дегенмен, жекеменшік мектеп басшыларының айтуынша, мемлекеттік жалпы орта мектептерден бөлек өздерінің оқыту әдісінде біршама өзгерістер бар көрінеді. Яғни, мұнда пәндер бойынша қосымша сабақтар өткізіліп, білімді тек теория жүзінде ғана емес, тәжірибемен ұштастыруға көбірек мән беріледі екен. «Заңғар» интелектуалды мектебінің өкілі Әбдісамат Әбіштің айтуынша, жеке мектептердің артықшылығы бар.

– Жеке мектепте бала таңнан кешке дейін оқумен шүғылданып, 3 мезгіл ыстық тамақ ішіп, түстен кейін үй тапсырмаларын орындап, қосымша үйірмелерге қатысады. Ал, мемлекеттік мектепте түске дейін оқып, түстен кейін бала бос болады. Егер ата анасы жұмыста болса, бала қадағалаусыз қалады. Қазір оқу үрдісі бұрынғыдай емес, жаңартылған білім стандартымен оқытылады. Жасы үлкен ата-аналар оны түсіне бермейді. Осы жерде жеке мектептің артықшылығы баланың түсінбеген жерін түсіндіріп, баламен жеке жұмыс жасауға жол ашады. Бізде ауданда 8 жеке мектеп болса, оның әрқайсысының өз ұстанымы бар. Бірі балаға мемлекеттен бөлінетін субсидияға қызығып ашса, енді бірі кәсіп көзіне айналдырғысы келеді. Бізде “Заңғар” интелектуалды мектебінің алға қойған 5 жылдық жоспары бар. Сол бойынша жұмыс жасаймыз. Әр тоқсан сайын үлкен жиналыс болып, мектептегі 200 баланың білім үлгерімін жеке-жеке талқылап, баланың бойындағы ерекшелігіне қарай жұмыс жасаймыз. Интеллектуалдық мектеп болғандықтан, оқушының креативті, сыни ойлау қабілетін дамытуға күш саламыз. Телефоннан көріп жүрген роботтарды қолмен құрастыруға мүмкіндік беретін, бір данасы 250 мың тұратын арнайы алты техника алдық. Жаңақорғандағы жеке жеті мектептің ішінде біздің білім ордасында ғана мұндай мүмкіндік бар. Бұл бәсекелестікті арттырады. Бүгінде отыз оқушы робототехниканың қыр-сырын үйреніп жатыр, – дейді Әбдісамат Әбіш.

Осы ретте аудандағы білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Аллаберген Ахметовтың ойын білгенді жөн көрдік.

– Нарық заманында бәсекелестікті қалыптастырып жатыр ғой жеке мектептер. Оған кент орталығында мемлекеттік мектептерде бала санының сыйымдылығын төмендету мақсатында ашылып жатқан жеке білім ордаларын мысал етуге болады. Жеке мектептердің техникалық базасына, ұстаздардың біліктілігіне бақылау департаментінің жұмысы жүйелі болуы керек. Ол мектептерде білім сапасы жоғары болуы тиіс. Өйткені, мемлекеттік мектептерде 1 сыныпта 25-30 бала отырса, жеке мектептерде бала саны аз. Бұл жерде мектеп құрылтайшысы ұстаздың біліктілігіне, білім мазмұнына ерекше назар аудару керек. Өйткені, мықты мектептің негізі мықты мұғалімде деген қағида бар. Яғни, мұғалімнің біліктілік деңгейіне, білім сапасына талап қатаң болуы керек. Білуімше, мемлекеттік мектепте жұмыс істейтін ұстаздардың бірсыпырасы қосымша жеке мектептерде жұмыс істейді екен. Сол мұғалім қалтаның қамын ойламау керек. Оның алдында қазақ елінің болашағы, қазақ елінің ұрпағы отыр. Ертеңгі күні білімді, тәрбиелі ұландарды өсіріп отырғанын ойлауы керек. Мемлекеттік мектепте жұмыс істеп келіп, жеке мектепте әйтеуір уақытымды өткіздім деген мақсатта барса, онда ол мұғалімдер болашақ ұрпақ алдында жауапкершілігі төмен екенін көрсетіп қояды. Меніңше аудандық білім бөлімі тарапынан да жеке мектеп екен деп шеттетпей, ұдайы қадағалап, білім сапасына мониторинг жүргізіп, зерделеп отыру қажет. Өйткені, ол жерде білім алып жатқан өзіміздің балаларымыз. Меніңше, мемлекеттік мектепте білім деңгейі жоғары, талап деңгейі мықты, баланың оқуға деген құштарлығы артып жатса мемлекеттік мектептен ешқандай ата-ана баласын жеке мектепке алып кетпейді. Сондықтан, мемлекеттік мектептің ұстаздары сол талап деңгейінен шығуға жұмыс жасау керек. Мемлекеттік мекемеде білім сапасының дәрежесі әрқайытта жоғары болады, – дейді ардагер ұстаз.

Әлбетте, бәрі бала үшін жасалып жатқан игілікті іс. Осы тұста оқушының өзінен ойын білгенді жөн көрдік. Кент орталығындағы жеке мектептің 4 сынып оқушысы Айкөркем Қуанышқызы былай дейді.

– Мен бастауыш сыныпты мемлекеттік мектепте оқыдым. Ұстаздарым жақсы, барлығы да білімді. Тек, үйге берілген тапсырманы орындауға қиналатынмын. Ал, қазір жеке мектепте оқып жатырмын. Түске дейін сабақ оқысақ, түстен кейін үйге берілген тапсырманы орындаймыз. Бірақ, күні бойы сабақ оқу қиындық туғызады екен. Кешкісін үйге шаршап келемін. Бірақ, жеке мектепте сабақтан кешікпей немесе бұзықтық жасасақ апайлар қатты ұрыспайды, – дейді оқушы.


Қорытындылай келе, қазіргі кезде жекеменшік мектептерді ашу науқанға айналып кетуі мүмкін деген қауіп те жоқ еместігін байқадық. Білім беру үрдісіне қатысты тиісті мекемелерге бағынбайтын жекеменшік мектептердің ішкі мәселесі де қатаң бақылауда болуға тиіс. Сондықтан жекеменшік мектептер жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстарды іске асыру қажет-ақ. Білім беру ісі бизнес емес, елдің болашағы екенін қаперде ұстасақ екен.

Әсел РЗАЕВА

23 желтоқсан 2023 ж. 142 0