» » Техникалық жағынан күрделі тауарларға жаңа норма енгізілді

Техникалық жағынан күрделі тауарларға жаңа норма енгізілді



 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 27 желтоқсандағы № 87-VII Заңымен «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізілді.
Атап айтқанда қолданыстағы заңнамаға көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы техникасын, су және әуе кемелерін техникалық жағынан күрделі тауарларға жатқызатын жаңа норма енгізілді. Осыған сәйкес мынадай ұғым енгізілді: «өзін қосылыстың мәні айқындайтын мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік беретін бір тұтасты құрайтын көптеген конструкциялық және әртекті элементтерді қамтитын, техникалық жағынан күрделі ішкі құрылымы бар азық-түлік емес тауар, оған тек қана көлік құралдары, ауыл шаруашылығы техникасы, су және әуе кемелері жатады».
Осылайша техникалық жағынан күрделі тауарға және оның құрамдасына қатысты тұтынушы техникалық жағынан күрделі тауардың елеулі кемшілігі болған жағдайда ғана ұқсас маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыруды не сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (модельді, артикулді) дәл сондай тауарға ауыстыруды, не шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшаны қайтаруды талап етуге құқылы. Техникалық жағынан күрделі тауарға байланысты қалған жағдайларда тұтынушы тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды не айырманы тиісінше қайта есептей отырып, сатып алу бағасын мөлшерлес азайтуды талап етуге құқылы.
Бұл ретте заң шығарушы техникалық жағынан күрделі тауардың елеулі кемшілігін белгіледі, оған – техникалық жағынан күрделі тауардың жойылмайтын кемшілігі немесе мөлшерлес емес шығыстарсыз немесе қосалқы бөлшекті беруді күту уақытын қоса алғанда, заңда белгіленген мерзімнен асатын немесе тұтынушы үшін мұндай жоюдың өзектілігі жоғалатындай немесе тауарды нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға мүмкін етпейтіндей соншалықты созылатын уақыт шығындарынсыз жоюға келмейтін кемшілігі не тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтіруге алып келуі мүмкін кемшілік.
Сонымен қатар, заң шығарушы тұтынушының сатып алу-сату шартын бұзу және техникалық жағынан күрделі тауарларды ауыстыру туралы талаптарын орындау мерзіміне өзгерістер енгізді.Тұтынушы техникалық жағынан күрделі тауардың елеулі кемшілігін анықтаған және ол шартты бұзу және тауар үшін төленген ақшаны қайтару туралы талап қойған жағдайда, техникалық жағынан күрделі тауарды және оның құрамдасын сатушы (дайындаушы, орындаушы) осы талапты үш жұмыс күні ішінде қанағаттандыруға міндетті. Тұтынушы техникалық жағынан күрделі тауардың елеулі кемшілігін анықтаған және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, техникалық жағынан күрделі тауарды және оның құрамдасын сатушы (дайындаушы, орындаушы) осы талапты отыз жұмыс күні ішінде қанағаттандыруға міндетті. Бұл ретте сатушы тұтынушының қойған талаптарымен келіспеген кезде сәйкестікті растау жөніндегі органдарға не сынақ зертханаларына техникалық жағынан күрделі тауардың қауіпсіздігін және (немесе) сапасын қосымша тексеруге (сараптамаға) жіберген жағдайда, техникалық жағынан күрделі тауарды қайтару немесе айырбастау жөніндегі мерзім тексеру (сараптама) жүргізілген уақытқа тоқтатыла тұрады.
 
13 желтоқсан 2023 ж. 201 0