№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Түгіскенде көкпар өтті дүрілдеп

Түгіскенде көкпар өтті дүрілдеп

Көкпар - қазақтың қанына сіңген қасиетті әрі дәстүрлі ұлттық ойындарының бірі. Көкпар ойынын ат үстінде мығым отыра білетін, жүректілер мен білектілер қыздырады. Көкпар - тақымы мықты жігіттің жігіті тартар, жылқының есті тұлпары сынға түсер ғажап сайыс! Көкпар, дәстүрлі ұлттық ойыны. Жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдылығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт түрі.
Түгіскендегі көкпар сайысын елдіме­кендерде бұқаралық спортты дамыта отырып, жастардың ұлттық ойынға деген қызығушылығын арттыру мақса­тында ұйымдастырылды. Асыл өнерді тамашалауға 5 мың халық жиналып, 150-ге тарта шабандоздар қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушыларға арналған жүлдеге жеті жарым миллион теңге, екі автокөлік, бір үйір жылқы, 8 өгіз тігіліп ерекше тартысты өтті. Осы бір қазақтың ұлттық өнерін асқақтатып, елден бата алу мақсатында көкпар ойынын ұйымдастырған туған жеріміздің мақтанышы белгілі әнші Серік Ибрагимов. Киелі сахна төрінде жүргеніне 10 жыл толуына орай ол өзінің туған ауылы – Аққорғанда ұлттық спорттан жарыс өткізіп, өзімен бірге, танымал өнер иелерін туған ауылына ертіп келді.
– Көкпар – қазақтың қанына сіңген өнер. Қалың ортаны қақ жарып ба­рып, дода ортасынан серкені суырып шыққан шабандозды көргенде жүрегі туламайтын қазақ бар ма?! Өзім бала күнімнен аттың құлағында ойнап, көк­парға жақын болып өсттім. Сол бала күнге қызығушылығым, көкпарға құмарлығым түрткі болып, осынау игі шараны өткізу­ді құп көрдім. Басы қайырусыз, аяғы жиюсыз жатқан қазақ елінің қанын қыздырып, жүрегіне от беріп, делебесін қоздырған ойын – көкпар заманына сай жаңғырып, жасарып қазақпен бірге жасап келеді. Осындай ұлттық өнерді ұлықтап, елге дастархан жайып ас беру азаматтық парызым деп есептеймін, – дейді ұйымдастырушы Серік Ибрагимов.
Әлемдік деңгейде мойындалған қа­зақтың көкпар ойынына жиналған елдің қарасы да қалың болды. Көнекөз қариялар ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, жастар арасында достық пен бірлікті нығайту мақсатында көкпар ойынының шығу және даму тарихы жайында жастарға ғибратты әңгімелерін айтты. Одан бөлек, елімізге белгілі өнер жұлдыздары Мейрамбек Беспаев, Нұржан Төлендиев, Әбдіжаппар Әлқо­жа, Заттыбек Көпбосынұлы, Ғазизхан Шекербеков, «Миллион» командасы, және өзге де өнер жұлдыздары келіп, көрермендерге керемет көңіл-күй сый­лады.
Дүбірлі дода тартысты, қызықты өтті. Жарыс болған соң, біреу ұтса, біреу ұтылады. Ол ақиқат. Сонымен, ақтық мәреде Шымкент қаласынан келген шабандоздар алға шықты. Көкпар соң­ында салым салған шабандоздармен қатар ойын барысында ептілігімен көзге түсіп, көпшіліктің ықыласына бөленген құрыш білекті жігіттер, бабы мен бағы қатар шапқан сәйгүлік аттар да ұйымдастырушылар тағайындаған арнайы номинацияларға ие болды.
Жұртшылықты дәстүрлі ойын мен ұлттық спортқа қызықтыру, бұқара­лық спортты жандандыру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатын­да ұлттық спорттың додасы ұлттық спортымыз жасай берсін!
Нағыз жігіт баршаға дәйім үлгі,
Жасырады қателік, айыбыңды!
Жігіттің жылқы деген жан досы бар,
Мінгенде ұмыттырар уайымыңды.
Атқа секір шабандоз, еншіңді ал,
Ақырында мына сенің еншің болар.
Ер қанаты – ат деген сөзді түсін,
Жылқы мінбей ер жігіт кемшін болар.
Жылқы мінген жігітпен жайна дала,
Басып алып күніңді сайла бала.
Ұлттық ойын дәстүрді ұлықтасаң,
Абыройың жетсінші айға дара, – деп ақын жырлағандай Түгіскен ауыл­ында өткен дүбірлі дода қаны бір қазақтың басын қосып, елдігін танытқан мазмұнымен де көпке дейін халық көңілінде сақталарына сеніміміз мол.
Біздің айтпағымыз, Серік сынды намысқой, тегі асыл, ұлтты шын сүйе білетін азаматтар қатары көп болғай!

Берік Атақожаев

08 қараша 2023 ж. 232 0