№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Төл басылымның тойы – елдің тойы

Төл басылымның тойы – елдің тойы

Тоқсан жылдық тарихы бар газеттің бүгінге дейін жүріп өткен жолы сарапқа салынған «Баспасөз – ұлт болмысының айнасы» деген тақырыпта өткен ғылыми-танымдық конференцияға зиялы қауым өкілдері, алыс-жақыннан келген қонақтар және оқырмандар қатысты.

Конференция жұмысын жүргізу тізгінін қолға алған аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовтың құттықтауын оқып берді. Алғысөз «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаевқа беріліп, ол «Жаңақорған тынысы» басылымы: кеше, бүгін және ертең» деген тақырыпта кең көлемде баяндап берді.
-Қазіргі ақпараттық әлемнің жоғары тех­нологиялық ортаға айналғаны сонша ақпарат­қа деген қолжетімділік дәл бүгінгідей жеңіл әрі жедел болған емес. Әлеуметтік желілер, месенджерлер және интернет платформалар адам өмірінің ажырағысыз бір бөлігіне айналды. Жасанды интеллект пен аналитика кең көлем­ді мәліметтердің өзін талдап, таразылауға көмектесіп отыр. Фейкжаңалықтар мен кибер­қорқытулар бүгінгі күннің назар аударуға тұрарлық маңызды мәселесіне айналды. Міне, осының барлығы ақпарат тұтынушылардың сыни ойлау дағдысын дамыту мен кибер қауіпсіздікті қамтамасыз етуі маңызды саналатын күрделі ортаны қалыптастырып отыр, – деді ол.
Осындай толассыз ақпарат тасқынына, онлайн-жаңалықтар мен әлеуметтік медиамен бәсекелестікке қарамастан ауданның тыныс-тіршілігі мен қайнаған мәдени-рухани ортасынан іс-шаралар легін ақпараттандыруда аудандық басылымдардың орны ерекше екеніне тоқталды. Сонымен қатар аудандық газет өз аймағында бұқара мен билікті байланыстырып тұрған бірден - бір көпір екеніне де ел назарын аударды.
Сондай мазмұны мен дизайны үйлескен салмақты да, сындарлы басылымдардың бірі – Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тыны­сы» газеті деп баға берген ол әрі қарай төл басылымның тарихына тоқталып, газетте әр жылда редакторлық еткен тұлғалар туралы айтып өтті.
Әр дәуір, әр кезең, әр уақыт газетке өз жаңалығын ала келді. Осы ретте атауымен қоса тақырыптық мазмұндық деңгейі де жаңарып отырған басылымның шежіресінен шынайы мысалдар келтірді.
– 1966 жылдың маусым айынан бастап газет «Коммунизм жолы» деген атпен шыға бастады. Осы жылдары газеттің редакторлығына облысқа танымал журналист Мырқы Исаев бекітілді – деді ол.
– Аудандық газет қоғамдық-саяси ақпараттық құрал ретінде өзі ғұмыр кешіп келе жатқан 90 жылдан бергі аралықта абыройлы болды. Оған дәлел-дәйектер жеткілікті. Соның бір ғана мысалы, республика бойынша аудандық және қалалық газеттер арасында жыл сайын өткізіліп келген конкурста 1975 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы» газеті жүлделі екінші орынды жеңіп алып, Қазақ­стан Журналистер Одағының сыйлығы табыс етілген. Бұл ретте «Коммунизм жолы» газеті журналистерінің өз басылымдарында аудан еңбеккерлерінің қой шаруашылығын өр­кендетудегі күресін жан-жақты ашып көрсет­кенін, еңбекші әйелдер мен жастардың ер­лігін тартым­ды баяндайтынын, әрі газеттің полиграфиялық безендірілуінің де тәуір екенін ҚазТАГ хабарлары 1975 жылдың мамыр айында республикалық газет бетінде жариялағанын айтты. Одан әрі газет­тің тоқсан жылдақ тарихында төл басылымда қызмет еткен қаламгерлер­дің есімдерін келтірді. Аудандық баспахананы басқарған азаматтар мен штаттан тыс тілшілердің аты-жөндерін атап өтті.
Еліміз тәуелсіздігін алып, дамудың даңғыл жолына түскен алғашқы жылдары сындарлы кезеңді басынан кешірген аудандық төл басылым жағдайы туралы тоқталды.
1991 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жаңа­қорған тынысы» деген атаумен шығатын газет мазмұнында ел егемендігіне ие болған кезеңнен бастап кеңінен өріс алған өзгерістер де назардан тыс қалмады.

– 2014 жылы «Сыр медиа» ЖШС құрамына кіріп, газеттің екінші тынысы ашылды. Облыстық, республикалық газеттерде шыңдалған Қаны­бек Әбдуов басылымның көркемдік-дизайнер­лік келбетін жаңа биікке көтеріп, мазмұн­дық деңгейін арттыра түсті. Содан болар, Сыр өңіріндегі аудандық газеттердің арасында «Үздік газет» аталымы бойынша марапатталды, – деді ол.

– 2015-2016 жылдары басылымның тақырып­тық аясы кеңейіп, безендіру ісінің жаңа үлгісін көрсете алды. Оның бір дәлелі, дизайнер Ерлан Абдрасилов облыс бойынша «Үздік дизайнер» номинациясына ие болды.
Аудандық газетті елдің қоғамдық өмірінен, аудан халқының мақсат-мүддесінен, қуаныш-жетістіктерінен, мұң-мұқтажынан еш уақытта бөле қарауға болмайды. Ол өзінің танымдық, тағылымдық, рухани-ақпараттық құрал ретінде­гі міндетін әрдайым жоғары жауапкершілік пен талап деңгейінде атқарып келеді. Жақсы жаңалықтарды, озық іс-тәжірибелерді, адами ізгі қасиеттерді, ел мен жер тарихын, мәдениет пен өнерді, туған өңірдің тұлғаларын, ынтымақ пен достықты, бауырмалдық пен қайырымдылықты кеңінен насихаттап, жарқын беттердің жанашыры болумен қатар, орын алған кемшіліктер мен келеңсіздіктерді дер кезінде сын тезіне салып келеді. Ұрпақ тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл мен діл, дін мен имандылық, отбасы жарасымы, үлкен-кіші арасындағы сыйластық, ар-ождан тазалығы, адамгершілік асыл қасиет­тер басылымда қозғалар мәселелердің арқауы­на айналып, осы тақырыптарда оқырмандар арасында ғибратты ой-пікірлер қозғалып, ұсыныстар ортаға салынып, оң ықпал жасау тұрақты назарда тұрады. Бұл ретте журналистер, яғни шағын шығармашылық топты газеттің жүрегі десек, тұрақты авторлар мен штаттан тыс тілшілер, қалың оқырман қауым – сүйенер тірегі. Өмір көшінен қалмау, замана ағымына үндес болу, үздіксіз жаңаруға ұмтылу, жариялылық пен шынайы демократия принциптерінен ауыт­қымау – редакция журналистерінің алдына қой­ған негізгі ұстанымы екенін айтқан серіктестік басшысы бүгінгідей ақпараттар ағынында баспа газеттеріне артықшылық беретін жайттарды топтастырып көп назарына ұсынды. Олар:
Терең талдау: Газет қысқа мерзімде тара­латын жедел жаңалықтарға қарағанда сапа­лы материалдарды терең талдап, сараптама жасауға үлкен мүмкіндік береді.
Сенімділік пен бедел: Оқырмандардың кө­бісі бұрынғысынша газетке басылып таралған дүниеге сеніммен қарайды және беделді ақпарат көзі санайды.
Интернет жоқ кезде: дағдарыс кезінде бірден бір ақпарат көзі және шалғайдағы ауылдарға басылымдар арқылы ақпарат жетіп отыратын артықшылығы бар.
Аға буынның дәстүрлі ақпарат көзіне деген құрметі алабөтен екенін ескеру керек.
Архив немесе сақтау жағынан мерзімді басылымдардың орнын интернет алмастыра алмайды.
Дегенмен таралым мен кіріс төмендеп, материалдық қаржылай қиындықтармен бетпе бет келу және цифрлық дәуірде бәсекеге қабілетті болу үшін газеттердің онлайн – сайт нұсқасын дамыту – уақыт талабы.
Бұл ретте «Жаңақорған тынысы» газетінің сайт нұсқасының ақпараттық агенттік ретінде тіркелуі оның болашақта жаңа медиаға бәсекелес дамуына мүмкіндік беретініне, сондықтан өзі тілші, өзі SMM маманы, өзі мобилограф, өзі блогер, өзі видеоконтент жасаушы – конвергентті журналистиканы дамыту мақсатында арнайы серіктестік жанынан конвергентті журналистер қосынын құруды көздеп отырғанын айтты.
Газет – аудан халқының тарихы. Ол бүгін арқылы келешекке жалғасуға тиіс. Қалыптасқан бұл дәстүрді одан әрі заманауи бағытта жүйелі өрбітуге бүгінде торқалы 90 жылдығын атап өтіп отырған ата басылымның әлеуеті толық жетеді деген сенімін білдірді.
«Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Сақыпұлы одан әрі «Жаңақорған тынысы» газетінің ұжымына «Алғыс хатын» табыс етті. Шығармашылық ұжымға компьютер және цифрлық фотоаппаратты сыйлыққа табыстады.
Келесі кезекте «Басылымда Алаш қайраткерлерінің насихатталуы» тақырыбында жазушы-драматург, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер Жолтай Әлмашұлы баяндама жасады. Ол жергілікті жерден шыққан қоғамның озық ойлы тұлғалары, қоғам және мемлекет қайраткерлері туралы тоқталды. Қайраткер азаматтардың қай-қайсысы болсын саяси күрес жолын журналистикадан бастағанына шәк келтірмеді.
Мәселен, Садықбек Сапарбековтың негізгі ма­мандығы журналист болған, өлең жазған, Исатай Әбдікәрімов еңбек жолын «Екпінді» газетінде тілші болып бастаған, дей келе Жаңақорғанның Қандөз елді мекенінен шыққан Алаш ардақтысы Нәзір Төреқұлов жайында өзінің зерттеу еңбектері туралы әңгімеледі. Одан әрі Бегайдар Аралбаевтың саяси қызметіне тоқталды. Осы тұлғалардың барлығының елдік сөзін халыққа жеткізудегі насихат құралы болған аудандық газеттің роліне тоқталды. «Бесеудің хаты» авторларының бірі – Алтынбек Ембергенов туралы деректерді келтірді. Біздің ауданнан шыққан ақын-жазушылар Құлан Алдабергеновтен Манап Көкеновке дейін, шертпе күйдің негізін қалаған Әлшекеій мен Сүгір жайында әңгімеледі.
Шешен ссөзін қорытындылай келе, аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің қазақ әдебиеті­нің кесек тұлғаларын насихаттаудағы ролі туралы терең зерттеу қажеттігін көптің қаперіне салды. Екінші ұсынысы, тарихи деректерге сүйенсек, Қазақ мемлекеттігіне мың жыл, ал оның астанасы – Сығанақ қаласы жөнінде нақты тұжырымдалу керек, осыған көптің назарын бұрды.
Келесі кезекте Л.Гумилев атындағы ұлттық уни­верситетінің аға оқытушысы Гүлжазира Ертасо­ва­ның «Аудандық газеттегі тұлғатану материалдардың танымдық маңызы» деген тақырыпта баяндамасы тыңдалды.
– «Жаңақорған тынысында» жеке тұлғалар туралы материалдар «Қазақ қызы», «Еңбек адамы», «Тұлға» және т.б. айдармен мақала, очерк жанрында, сондай-ақ «Сенбілік сұхбат», «Шай үстіндегі әңгіме» сынды кейіпкерлермен сұхбат түрінде де беріліп, оқырманды көп ақпараттармен қанықтырып келеді. Тұлғатану материалдары жеке адамның өмірі мен болмысын ашу арқылы ол өмір сүрген қоғамның бет-бейнесін, айнала тіршіліктің де тынысын, саяси-қоғамдық өмірдің әлеуетін, қоғам мүшелерінің таным-табиғатын қоса қабат жеткізе алуымен ерекшеленеді. Бұл орайда журналистің кейіпкерін терең тануы немесе сұхбаттасының жан-дүниесін аша білуде онымен еркін әрі ашық пікірлесе алуы маңызды. Осы бағытта «Жаңақорған тынысындағы» журналистердің ізденісіне, кейіпкерлерін жаңылмай тауып, тың тақырыптарға түрен салып жүрген әлеуетіне тоқталды. Газетте жиі жарияланатын танымдық бағыттағы осындай материалдардың аудан тарихын қалыптастырудағы ролі туралы терең зерттеліп, оларды жинақтап, аудан өмірінен энциклопедиялық кітап басып шығарылса, ол ұрпақ игілігне жарар еді деген ойын айтты.
Гүлжазира Құдайбергенқызы Лев Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлттық университетінің Журналисти­ка және саясаттану факультетінің деканы, профес­сор, алаштанушы-ғалым Қайрат Сақтың «Жаңақорған тынысы» газеті ұжымына жолдаған құттықтауын оқып берді.
Мұнан әрі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, баспа ісінің магистрі Аягөз Әбдразақова «Жаңақорған тынысы» газетіндегі әлеуметтік мәселенің көріну деңгейі» деген тақырыпта әңгімеледі.
Ол мерзімді басылымдардың өзге бұқаралық ақпарат құралдарынан өзгешелігіне тоқтала келе сөзін былай сабақтады:
– Қоғамда «газет заманы өлді» деген пікірдің бары да рас. Бірақ біз бұл ойды дамыған Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, жоққа шығарғымыз келеді. Себебі газет қазіргі заман ағымына бейімделді, интернет ұсынатын бүкіл озық технологияны газет тілшілері де меңгеруді бастады. Яғни ізденіс, жаңашылдық бар жерде сұраныс міндетті түрде қанағаттандырылатын болады.
Аудандық газет – шеберлік бастауы. Қолына қалам ұстаған қаламгер алдымен жазу шеберлігін мерзімді баспасөз, оның ішінде аудандық газеттен бастайтыны да сондықтан болар.
«Жаңақорған тынысы» газеті 1933 жылдың 1 қыркүйегінен бері аудан өмірімен бірге жасасып келеді. Осы уақыт ішінде аудандық басылым сан алуан соқпақты жолдардан өтті, шыңдалды, асуларды артқа тастады. Өткен жылдар жылнамасына көз жүгіртсек, аудандық газеттің әр бетінен қоғамның қарқынды даму жолына түскендігін, талай дүрбелең жылдар болғандығын айқын аңғарамыз. Яғни басылым – өз тарихымен, қалыптасқан дәстүрімен, қиындықтары­мен және проблемаларымен бүгінге дейін аудан тұрғындарының өмірін бейнелейтін және объективті ақпарат айнасына айнала алды деген пікірдеміз.
Газет аудан өмірінің шежіресі екенінде дау жоқ. Оның таралымының бірде кеміп, бірде өсуінен аудан халқының әлеуметтік жағдайын, рухани әлемге деген көзқарасының, газеттің әр кезеңдегі ықпалы мен мазмұндық сапасын аңғаруға болады. Айталық алғашқы 1933 жылы газет небәрі 200 данамен тараса, 1935 жылы 300-ге жеткен, Бүгінде басылымның таралымы – 6500 дананы құрайды.
Әлеуметтік мәселе деп – қоғамдағы кейбір сала­лардың дамуына кедергі келтіретін немесе белгілі бір деңгейде шектеу жасайтын қиындықтарды айтуға болады. Әлеуметтік мәселелердің шешімін табу біріншіден, проблеманың шығу себебін білу; екіншіден, сол әлеуметтік проб­леманың қоғамға және жеке адамның өміріне ықпалы қандай деген сұраққа жауап беру; үшіншіден, әлеуметтік проблеманы реттеудің тиімді мүмкіндіктерін қарастыру мәселесіне аудандық газеттің қандай үлес қосып отырғандығын тарқатамыз.
Қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көретін туындыларды сараптағанымызда әлеумет­тік мәселелерге арналған тақырыптар 70 пайызды құрайтындығына көз жеткіздік. Сол себепті де бүгінде әлеуметтік журналистикаға деген қоғамның сұранысы жоғары.

Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде әлеуметтік мәселелер төңірегіндегі көтерілген өзекті тақырыптар қоғамдық пікірді тез қалыптастыра алады. «Әлеумет­тік журналистика проблема бар екенін жеткізеді, журналистер мәселені шешу үшін не істеу керек екенін баяндайды», – деген пікірден журналистиканың алдында үлкен міндет тұрғанын, біріншіден, асыра сілтеушілікке жол бермей, екіншіден, мәселеге назар аударта алудың маңыздылығын көрсетсе керек. Әлеуметтік тақырыпқа қалам тербейтін журналистер орын алған жағдай туралы айтудан гөрі, мәселені әр қырынан қарастырып, себеп-салдарын көрсетіп, дұрыс шешімін ұсына алуы тиіс. Оның дайындаған туын­дысы оқиға кейіпкеріне ғана емес, оқырмандардың барлығына әсер етуі керек, – деген ол осы бағытта газетте жарық көрген материалдарға талдау сараптама жасады.

Ғалым одан әрі газетте жан-жақты талдау, сараптау нәтижесінде жарық көрген туындылардың жанрлық ерекшелігіне де тоқталды.
Ақпараттық мақала жанрындағы материалдарда дерек, дәйек, аргумент, статистика, жарнама кө­рініс тапқанын айтқан ол газет тақырыптарының синтаксистік құрылысына талдау жасады. Қоры­тындада «Жаңақорған тынысы» газеті ауданда тұрақты оқырмандар аудиториясын қалыптастырған, белгілі бір деңгейде қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал ете алатын пәрменділікке ие басылым деген бағасын беріп басылымның жұмысының жандана түсуі үшін нақтылы ұсыныстарды ортаға салды. :
Газет бетінде жанрларды түрлендіріп қолдану, басылым бетінде сыни материалдарды көптеп беру, тарихи құнды, танымдық мақалаларды жиі беруді айтты.
Конференция жұмысы барысында оқырмандар атынан пікірін білдірген қазірде Шымкент қаласында тұрып жатқан жерлесіміз, ауданның мәдениет саласының ардагері Байден Исаев өзінің аудандық газеттің тұрақты оқырманы екенін айтты. Ол өзінің атынан газеттің байырғы редакторы Алмас Бекжігітов пен ардагер-журналист Ерубай Қалдыбекке және газеттің бүгінгі қызмпеткерлеріне сый-сияпатын табыс етті. Алдағы уақытта 25 дана «Жаңақорған тынысына» демеуші болатынын айтты.
Конференцияда талқыланған мәселелер оқырманға үлкен ой салумен қатар, газет қызметкерлерінің алдағы шығармашылық жұмысына нақты бағыт-бағдар белгілеп берді деуге болады.

Баян ҮСЕЙІНОВА
24 қазан 2023 ж. 228 0