№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауыл тұрмысы түзу-ақ...

Ауыл тұрмысы түзу-ақ...


Аудан орталығынан 3 шақырым жердегі Кейден ауылдық округі көпшілікке ақ жүгерісі арқылы жақсы таныс. Иә, бұл өлке ежелден аудандағы егін шаруашылығын дамытып отырған құтты мекен. Жері шұрайлы, шағын ауылдың тұрмысы да түзу. Біз елдің тынысы мен тіршілігін, қалыпты жұмысы мен көрсеткіштерін білмекке ауылдық округ әкімі Сырлыбек Кенжебайды әңгімеге тартып, көп жайттарға қанықтық.


Ауыл 1997 жылға дейін «Бірлестік» деп аталып келсе, 2004 жылдан бері Кейден ауылдық округі деп аталады. Бұл ауыл осы маңда өмір сүрген Кейден бабаның есімімен аталады. Қаратау мен Сыр бойы аңыз бен шежіреге толы. Сондай аңыздың бірі Кейден батырға байланысты. Кейденнің жүрек жұт­қан батырлығын айдаһармен айқас­қан ерлігінен тануға болады. Аңыз бойынша Кейден батыр айдаһардың басын шауып түсіріп, өзі де содан қайтыс болыпты дейді.
Кейден ауылы тұрғындарының көпшілігінің есігінің алдында жүгері дақылы жайқалып өсіп тұр. Ауыл халқының соңғы жылдары өнімнің осы түріне бет бұруының сыры – сұраныстың жоғарылығында. Әрі бұл дақыл суды аз қажет етеді. Ал үйлерге келіп тұрған аяқсу­ды «СКЗ-U» мекемесі шешіп беріп отыр.
Қазіргі таңда бірлігі жарасқан ауылда 1473 адам. Ауылдық округ қамтуына төрт елді мекен Кейден, Аққұм, Қауық, Бөройнақ қарайды. Барлық жер кө­лемі 6542 гектар, оның ішінде егістік жер көлемі 17 гектар, жайылымдық жері 1160 гектар. Ха­лықтың негізгі кәсібі мал және егін шаруашылығы. Оны ауылға кіреберістегі далада жайылған төрт түліктер­ге қарап бірден білдік. Кейден ауыл­дық округіне қарасты Кейден елді мекенінде 65 отбасында интернет желісі бар, Аққұм елді мекенінде 60 отбасында интернет желісі орнатылған. Ауылдық округ бойынша 49 кәсіпкер, оның ішінде: жас кәсіпкерлер саны – 26 азамат, 9 шаруа қожалығы, 2 ірі өндіріс кәсіпорны бар.
Бүгінде ауыл халқының өзін-өзі жұмыспен қамтуына, кәсіппен ай­налысуына жағдай жасалған. Шағын және орта биз­нес субъектілерінің санын арттыруда ау­ыл әкімдігі де ынталы жұмыс жүргізіп келеді. Өйткені кәсіп бар жерде береке барын ел жете ұғынған.
– Кейден ауылына Аққұм және Қауық елді мекендері қарайды. Ол ауылдар түгел ауыз сумен қамтылған, әр үйдің ауласына кіріп тұр. Жалпы, ауылда аяқ су мен ауыз судан ешқандай мәселе жоқ. Ауылдағы ең үлкен жаңалық газ кіргізіліп, қазір жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жақын күндері Кейден ауылдық округіне газ тарту жұмысы басталады. Жарық мәселесі биыл шешіліп тұр, биыл газ келсе, келер жылы көше­лер қайта қалпына келтіріледі. Аққұм ауылының 1 көшесі жөнделсе, жа­рық жүйесі биыл аудандық КРЭК-тің иелігіне тапсырылады. Егер жауапты мекеме қарамағына алса, электр энергиясы бұл ауылда да шешілгелі тұр. Ауылда 6 көше, Аққұм елді мекенін қосқанда 11 көше бар. Былтырғы жылы Кейденнен 1 көше, Аққұмнан 1 көшеге асфальт төселіп, халықтың игілігіне берілді. Газ толық кіріп біткеннен кейін, өзге көшелерді де кезекке қойып отырмыз.

Қазіргі таңда Кейден ауылдық округінде 9 шаруа қожалығы және 45 жеке кәсіпкер тіркелді. Сонымен қатар округте кәсіпкерлікті дамыту бағытында қосымша шаралар қолға алынып, жұмыстар жасалуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасына 3 адам құжат тапсырды, – дейді ауыл әкімі.

Ауыл басшылығы кәсіпкерлікті дамытуды басты ұстаным етіп отыр екен. Округ бойынша жыл басынан бастап түрлі қаржы ұйымдарына жобалар ұсынылыпты. Бұл жұмыстар бұған дейін де қолға алынып келеді. Мәселен, 2023 жылы округте кә­сіп­керлікті дамыту мақсатында мем­­лекеттін грантты 2 адам алды. Қыр­күйек айындағы комиссияға тағы біраз азаматтар жобаларын ұсынып отыр. Қазіргі таңда кәсіп ашуға ниетті азаматтар тізімі жасақталып­ты. Сонымен бірге алдағы уақытта «Ауыл аманаты» жобасы аясында төмендетілген пайызбен несие алуға ниетті азаматтарға да құжат тапсыруға сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде екен.
Ауыл шаруашылығы бұл елдің негізгі ата кәсібі десек, мал басын еселеп арттыру ауыл халқының әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Кейден ауылы әу бастан мал шаруашылығы­на бейімделген ырысты өлке. Сары далада отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы саны артқан. Ауыл халқы төрт түліктің тұяғын тең ұстап, пайдасын көруде. Сандарды сөйлетсек, ауылдық округ бойынша мал басының жалпы саны 7 мыңға жуықтайды. Оның ішінде мүйізді ірі қара – 1145 бас, уақ мал – 2101 бас, жылқы – 216 бас болса, құс 510 бас­ты құрайды. Дейтұрғанымен, нарық заманына бейімделіп тұрғындар нәпақасын әр саладан тауып жүр.
Ауыл әкімі білім саласы жұмысын да басты назарда екенін айтты.
– Балалардың сапалы әрі кешенді білім алуын қамтамасыз ету үшін ұстаз саны жеткілікті. Кейден ауылындағы №208 орта мектепте 39 мұғалім, 36 тех қызметкер жұмыс жасайды. Мектепте – 207 бала оқиды. Аққұм ауылындағы №221 негізгі мектепте 25 мұғалім, 22 техникалық қызметкер жұмыс жасайды. Негізгі білім беретін мектепте – 129 бала оқиды. Одан бөлек, «Нұр- перзент» жеке балабақшасында 65 бала, 20 қызметкер жұмыс жасайды. Аққұм елді мекенінде «Айзере-К» жеке балабақшасында 26 бала, 12 қызметкер жұмыс жасайды. Округ бойынша мектеп жасындағы балалар толықтай мектепке тартылған. Бізде 1 ауылдық емхана, 1 фельдшерлік пункт бар, Қауық елді мекенінде 1 фельдшер бар. 1 жоғарғы дәрі­гер, 20 арнаулы орта білімді мед­бикелер жұмыс жасайды. Кейден ауылында 1 кітапхана, онда 12673 кітап қоры бар, 1 клуб үйі жұмыс істейді. Мәдени мекемелерде түрлі мерекелік шараларға байланысты іс шаралар өтіліп, дөңгелек стол, кездесу, пікірталастар өтіліп тұрады, – деді әкім. 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 19 отбасы болса, биыл 3 отбасы ғана алып отырғанын айтты.

Қазанатын баптаған, қазақы дәс­түрді сақтаған ауылдың негізгі кәсібі– егін және мал шаруашылығы. Мал шаруашылығы бойынша ауылдық округте 2 мал дәрігері жұмыс жа­сап, өз жоспары бойынша ауылдың төрт түлік малдарын есепке алып, сырғалау, емдеу профилактакалық жұмыстарын жүр­гізіп толық дерекқорға түсіріліп­ті. Сондықтан да мал ауруларының алдын алу, мемлекеттен белгіленген ауруларға қарсы егілетін дәрілердің өз дәрежесінде егілуін қамтамасыз ету басты назарда екен. Міне, сондықтан болса керек мал басы жылдан-жылға өсіп келеді екен.

Әр істе елдің бірлігі, ағайынның өзара ымы­раластығы қымбат. Ауыл әкімі осындай жұмыстардың да үй­лестірушісі. Ауыл әкі­мінің елдің бірлікте жұмыс істеуін басты орынға қояты­нын аңғардық. Елдегі ауызбіршіліктің үлгісіндей бол­ған елеулі істі сөз еткен ауыл әкімі:
– «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген қанатты қағидаға сүйеніп, ауылымыздың ауыз­біршілігі мен ынтымағын арттыру мақсатында тұрғындар тарапынан да жұмыстар атқарылуда, – дейді ол.
Бірлігі бекем, тірлігі тұрақты елдің біз білген бүгінгі бейнесі осы. Алда әлі талай жұмыстар бар. Бастысы, ел аман, жұрт тыныш болсын!

Әсел РЗАЕВА
25 қазан 2023 ж. 177 0