Сабақтастық


Қасиетті тамырдан нәр алған құндылық атаулы сабақтастық болмаған жерде сыны мен сападан ажырап, тіпті құрдымға жоғалып жататын жағдайлар аз емес. Осының қатарына енуге аз-ақ қалған аудандағы білім саласы ардагерлерінің бүгінгі ахуалы жөнінде қоғамда ой қозғап, мәселе көтеріп жүрген, ардагер ұстаз, “Ыбырай Алтынсарин медалінің” иегері Аллаберген Ахметовтың осы бағытта бастандырып жатқан жұмыстары көңілімізден шықты.


Ауданда педагогтер қауымдастығының мүдделерін іске асыру мен қорғау, олардың қоғамдық өмірге қатысуын қамтамасыз етіп, педагогтер мәртебесін нығайтуға, имиджін арттыруға ықпал ететін ұйым – Жаңақорған аудандық «Білім беру саласының ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі құрылып, оған төраға болып сайланған ардагер ұстаз заңды тіркелген ұжымның Жарғысын бекітіп, нақты жұмысқа кірісіп кеткендерін баяндады.
Мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа Жолдауында мұғалім мәртебесі назардан тыс қалған емес. Олардың жалақысы бүгінгі күнге екі есеге артты. Ал білім ордаларынан зейнетке шыққан ардагер ұстаздардың жағдайы қалай? Зейнеткер ұстаз мәселесі тікелей өздері жарнасын тұрақты төлеп келген кәсіподақтарға тиесілі емес пе деген заңды сұрақ туындайды. Бірақ бұл ретте бетке тұтар мардымды жұмыстарды тізіп айтып беруге келгенде мүдіріп қалады екенбіз.
Аудандық білім саласы ардагерлер ұйымына жаңадан төраға болып сайланған Аллаберген Ахметов жұмысты нақ осы сұрақтан бастаған тәрізді. Аудандық білім бөлімі кәсіподағына сұрау салып, өткенді жылы жауып қойғанда, нақ осы соңғы үш жыл көлемінде ұйым есебінен 22-ақ ардагердің демалыс орындарына жолдама алғанын анықтады. Жағдайды естіп-білу аз, зейнеткер педагогтардың мүддесін қорғап, есесін түгендеуде енді екі жеңді түрініп жұмыс атқармаса болмайтынына ақиқат көзі жеткен сыңайы бар екен.
Өмір болған соң түрлі жағдайлар болады. Қуаныштың жайы бір бөлек, әсіресе қайғылы жағдай орын алған мұғалім отбасына көмек беруде жарнапұл қорында үлесі бар әрбір ұстаздың заңды құқы ескерілуге тиіс. Осыны қаперге алған ардагерлер ұйымы төрағасына алдымен зыр жүгіріп жүріп зейнеткерлердің нақты есебін алуға тура келіпті. Оларды, яғни бүгінде жалпы саны 800-ге жуықтаған зейнетке шыққан мұғалімдер және мектепте қызмет атқарған техник қызметкерлерді есепке алып, жеке-жеке зерделеуге көшкен жетекшінің жұмысының жоспары күн сайын күрделеніп келеді екен. Бұл жөнінде Аллаберген Ахметов ағамыздың өзі былай дейді:
– Былтырғы оқу жылынан бастап нақты іске кірісіп, аудандағы мектептерді аралап, зейнетке шығатын азаматтардың тізімін алуым алдағы көп жоспарларыма негіз қалап берді. Әрбір білім ұяларының тыныс-тіршілігімен танысып, мектеп басшылықтарымен жұмысымды жүйелеп, бірге тізе қосып тірлігімізді бастап кеттік. Нақтылап тоқталсам, былтыр ақпан айында зейнетке шыққан аудан орталығындағы №56 орта мектебінің директоры Мұхтар Әбутәліповтың, №208 мектептің басшысы болған, қазірде психологы Ерсерік Түкібаевтың зейнетке шыға­рып салу салтанатты шарасын өткізуге баста­машы болдым. Сунақата ауылындағы мектепті басқарған Қалмахан Тәженовтің 70 жылды­ғын, Өзгент ауылындағы мектептің директоры болған Тілеухан Байсыновтың 70 жылдығын мерекелеп, аталмыш ұстаздардың кеудесіне «Ауданның құрметті ардегері» төсбелгісін тақ­тық. Ардагерлерге өз мектептерінде концерттік бағдарлама дайындалып, мерекелік дастархан үстінде жақсы тілектер айтылды. Осындай құрметтің барлығы ұстаз көңіліне жылы шуақ ұялатып қана қоймай, ізінен еріп келе жатқан ұрпақ көңіліне де көл-көсір әсер сыйлады дей аламын, – дейді ол.

Ардагерлер жетекшісі бұл жұмыстармен шектеліп қалмай, елді мекендерді аралап, ауыл әкімдіктері, мектеп әкімшілігі, ауылдағы жастар ұйымы, тағы да басқа қоғамдық ұйымдармен бірлесе зейнеттегі ұстаздар өмірін зерделеп, көмекке зәру жандарға әлеуметтік қолдау шараларын қолға алуды да көздеп отырғанын айтты. Жалпы бұл жұмыстармен мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары айналысып, өз мектебінен шыққан зейнеткерлер жағдайын алақандағыдай біліп отыруға тиіс болғанымен нақты жағдай бұл деңгейден көрініп тұрмағаны аян. Ардагерлер жетекшісі осы олқылықтың орнын толтыруда табанды жұмыс жүргізуге белді бекем буып отыр.

Бүгін Төменарық ауылына арнайы барып, ширек ғасыр ауыл мектебін басқарған Скендір Құдияров туралы деректерді жинақтап келге­нін айтты. Сунақата кеңшарындағы мектепті басқарған Мырзабай Торғаевты еске алу кешін өткізіп беріп, ұстаз перзенттерінің ризашылығын арқалап қайтыпты.
Аудан ардагер ұстаздарының түрлі деңгей­де өнер, руханият саласындағы байқаулар­ға қатысып, шығармашылық өресінің өрге танылуына мүмкіндікті қалт жібермеген қағы­лез басшы кеше ғана Сырдария ауданында өткен облыстық «Қазақтың дәстүрлі термеші-жыршылары» байқауына қатысып қайтқан аудан орталығындағы №163 орта мектептің ұстазы Жұмағали Ібішевтің жүлделі орынды қанжығасына байлап оралғанын айтты.
Ия, облыстық Әділет департаментіне тіркеліп, Жарғысын бекіттіріп, шынайы іске кіріскен бірлестіктің жиыны өтіп, әр мектептегі ардагер­лер жетекшілерін бас қосты. Бірлестік әлеумет­тік мәселелерді ғана емес, жеке тұлғалардың заңдық-құқықтық негіздегі мәселелеріне де жан-жақты жұмыс жүргізетінін айтты. Мектеп- тегі ардагерлер ұйымы төрағаларын да қайта жаңартып, қатты егде тартқан ақсақалдар орнын ізін басып келе жатқан келесі толқынмен алмастыруы да іске жігерлі серпін береді деген үмітін де бүгіп қалмады.
Сайып келгенде, сабақтастық мәселесін күн тәртібіне қойып отырған ұйым жұмысына біз де сәттілік тіледік.

Баян ҮСЕЙІНОВА
05 қыркүйек 2023 ж. 179 0