» » Жақсы өмірді жақсылық нұрландырады

Жақсы өмірді жақсылық нұрландырады



Жаңарық ауылына келе жатырмыз. Осы ауылда Тәшімов Мажит деген кісі бар. Өмірінің бәрі ат үстінде өтіп келеді. Бойда бар білім-білігін, жастық жалынын халық қызметіне жұмсап келген жанның зейнетке шыққанына да біраз жыл болды. Сонда да жан күтімін күйттеп тыныш отырар емес, ауылда клуб, мектеп, балабақша бар ма, тұрғындардың жеке басы жай-жағдайы бар ма, соның барлығының міндетін иығына артып, аудан, облыс арасында шапқылайтын да жүретін осы кісі. Сол бейнеті ақталып та жатыр. Ауылдағы клуб та, мектеп те жаңарды. Осымен бәрі бітте ме, жоқ, адамның санасы, жан дүниесі жаңармайынша жарқын қоғамды орната алмаймыз.
Редакциямызға ат басын тіреген ел ағасының көмейінде анықтап айтпаса да бүгінгі күннің осы түйткілі тіреліп тұр. Тарқатыңқырап айтсақ, ол былай.
Ауылда Төлжановтар отбасында Пара-пауэрлифтингтен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Фариза деген қызымыздың осы бағытта жеңістерді иеленіп келе жатқанына жеті-сегіз жылдың жүзі болып қалды. Құдіреттің кейде бір жағынан шектесе де бір жағынан көл-көсір артықшылықты тарту ететін жомарттығына таң қаласың. Сахнада тұрып ән салғанында талайды таңдай қақтырыпты. Ауыл көрермендері клубқа келгенде «Әй, Қалбайдың қызы шықсыншы» деп қолқа салып отырып алатын болды. Сол қалпымен есейе келгенде КВН-де өнер көрсетіп, асаба болып отырыстарды басқаруға жарап қалған. Ұсталық бейімділігі жағынан да осал түспейтінін байқады ата-анасы. Бойжете келе штангаға шын құмартып, зілтемір көтерудентайсалмай талай жарыста бақ сынап қатарласын қапы қалдырған. Бірақ, осы талабын басы әкесі болып қолдай қоймаған. «Қыз балаға тән дағды емес, денсаулығыңа да қиын, мұны қоя сал» деді жалынғандай болып. Қоя салар еді-ау, бойға тылсым табиғаттан қонған бұла күш, балғын тілек жанды жай таптырар ма?
Фариза 2016-2017 жылдары Нұрсұлтан қаласында өткен ҚР чемпионатына қатысып 3- орын алып, қола медальды иеленсе, 2019 жылы Ақтөбеде күміс, 2020 жылы Астанада ҚР-ның спартакиадасында 1 орын алып, алтын медальды иеленді. 2022 жылы Талдықорғанда өткен ҚР ның командалық чемпионатында және Ақтау қаласында 1 орынға шығып, алтын алқаны иеленсе, 2022 жылы Оңтүстік Кореяның Пхентхек қаласында өткен Ашық Азия және Океания чемпионатында 3 орынды алып қоланы қанағат тұтыпты. Одан әрі Грузияда өткен Әлем кубогынан 2 күміс, және 3 қоланы иеленіп оралса, 2023 жылы ҚР жазғы жазғы параолимпиада ойындарында 1 орын алып, Алтын алқаны мойынға тақты.
Қызылорда облыстьқ мәдениет басқармасының Алғыс хаты және «Мүгедектерге арналған спорт клубы» мекемесінің «Ең үздік спортшысы» атанған Фариза қызымыз жақында облыс әкімінің Алғыс хатын иеленіпті.
Фаризаның спорттағы әлеуетін алғаш Шымкентте өткен жарыста шын тани білген жаттықтырушы Бақытбек Рыспаев кейін ауылда елеусіз жүрген жерінен таптырып алып, Қызылорда қаласына шақыртып, келісім шартқа отырып, жеке қамқорлығына алып, үлкен жеңістер жолында алты-жеті жыл көлемінде аянбай бірге тер төгіп келеді. Бұл жерде аудандық спорт бөлімінің қолда бар алтынның қадірін білмей, бейтарап қалуы қынжылтады. Ауыл басшылығы ше? Ел мерейін асқақтатар едігелерді алдымен өзіміз еншілеп, титтей қадамын елеп-ескеріп отыруға тиіс емеспіз бе? Мажит Тәшімов ағамыздың да тілегі осы. Қарғадайынан қайрат пен жігерін қанат қылып, биік арманға талаптанған талшыбыққа туған жерінде таяныш болуға жарасақ дейді.

Өзіміз келесі күні-ақ Жаңарықты бетке алып, Пара-пауэрлифтингтен халықаралық спорт шебері Фаризаның өзін көріп, жүзбе-жүз әңгімелесуге асығып келіп едік. Чемпион қызымыз қалаға кетіп қалыпты. Жақында Дубайда өтетін Әлем біріншілігіне аттанар алдында жатпай-тұрмай соған дайындыққа кірісіпті. Бізді есік алдында күтіп алған, дауысы гүрілдеген, балуан денелі қазақ – Фаризаның әкесінен осы мән-жайға қанықтық. Сірә, спортшы қыз әкесіне тартқан болды. Осы ойымызды ірікпей өзіне айтып едік, «Ия, жасымда балуан болғаным рас» деді ол. Түгіскеннің мектебінде оқып жүргенінде Ермахан Ыбырайымовтың шәкірті болып, мектепте талай приемын үйренгенін де жасырмады. Бірақ сол шамаларда біреуді жұдырығымен талдырып қойып енді жазаланатын болдым деп үрейленіп, неше күн жасырынып әлек боп, содан қайтып күш сынасудан қашық жүретін болыпты. Ауыл баласы осы бір аңғал сақтықтан өмірдегі талай тиесілі сыбағасынан қағылып, меншікті мінберіне табан іліктіре алмаған шығар-ау, мейлі, ол биікке жету перзентіне нәсіп болыпты. Әрі десе қолмен тұншықтырған қадір-қасиет кісінің тал бойынан ада-күде ажырап, жоғалып кетпей, мәрттігі болмысында қала ма, маңқиып тұрысы бөлек. Ал келіншегі Мейрамкүл апамыз көзі күлімдеген жайдары жан екен, бізді құрақ ұшып қарсы алып, төрге оздырды.
Фаризаның ата-анасы – Қалбай мен Мейрамкүл бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты жандар, отбасында өсіріп-тәрбиелеген он ба¬ладан шөберелі де болып үлгірген қуаныштарын бөлісті. Жастары алпыстан енді асқан жандардың шөберенің қолынан май жалауға жетіп қалған ахуалының хиқаясы да жайланып отырған шай үстінде тарқатыла берген. Тыңдап отырып, жүрегіміз елжіреді. Мұны тағдыр дейді.
Түгіскен ауылында бас қосып, түтін түтетіп, төрт перзентті дүниеге әкелген жас жұбайлар жалғыз күнде алдағы өмірлерінің нақ бұлайша бөтен арна¬ға құбыларын ойламаған да шығар. Бірақ солай болды. Отағасы Қалбай шаруашылықта озат жүргізуші болатын. Бір жүйеден екінші жүйеге ауысып жатқан тоқсаныншы жылдардың қиын кезі. Қалбайдың Жаңарықта тұратын апа-жездесі өмірден қатар озып, арттарында жас қалған бес перзенттің жайы айдан анық осы екеуіне қарап қалды. Әке-шеше бақилық болған, бірге туған бауырдың шын жоқшысы өзі екенін сезінген балуан жігітке жетім қалған жиендеріне өзі егелік еткеннен басқа шара қалмады. Оның бұл ойын келіншегі де құптады. Бірақ тілге тиек жоқ, «бес бірдей қыз баланың тәрбиесіне көндіккен мына келіншек не кеміс біреу, не бибіпатыма болды» деп гуледі жұрт. Шаруашылық директоры Наятулла көмегіміз болсын деп «Газ 3» автокөлігін жекесіне шығарып берді. Сөйтіп, әпкесінің бес перзенті, өзінің төрт перзенті, Жаңарыққа көшіп келгеннен кейін бесінші сәбиі дүниеге келді, сонымен жасы отызға да толмаған келіншектің он баланың анасы атанып, ерлі-зайыпқа егіз жүректің отын еселеуге тура келіпті. Бір жанұяның жағдайын жасау ауырлап кеткен сол күндері екі отбасын қосып асырау бұл екі азаматқа қаншалықты міндет еселегені белгілі, сол тауқыметті қатар тұрып жеңуге тырысқан екеуге бір Алла жәрдемші болғаны анық. Өйткені жерде жетім қуанса көкте Тәңір тебіренеді. Қорғауына алады. Соның бір дәлеліндей, мына бір қатерлі жайт бұл оттың басынан айналып өтіпті.
Екі мыңыншы жылдардың кезі. Сөк-талқан түйіп, айран-сүт, май сатып күнкөріс қарекетін жасап, еріне көмектесіп жүрген келіншек жәрдемақыға он баланың құжатын өткізбекке аудан орталығына шыққан. Қаңтар айы, дарияда су қатып, көпір жоқ, елмен бірге мұз үстімен өтіп бара жатқанында аяғы тайып кетіп, белуардан суға түсіп кетті. Әрі-бері тыпырлап көргенімен шыға алмайтынын анық білді. Жанына жақын келуге бірінің де жүрегі дауаламай, қашықтан жалтақ-жалтақ қарап, өздерінің жаны қыл үстінде кетіп бара жатқандардан қайран да аз еді. Талқаным бітті деп ойлады. Тек қолынан ұшып кеткен пакеттегі он баланың құжаты көмейін тесіп барады. Тым болмаса сол біреуінің қолына аман тисе екен деп тілеп тұр. Біреулері сәл аяңдап қарағыштады дегенше ар жағынан «Әй, кейін қайт, өлесің, қайтесің, амал жоқ, алдынан жарылқасын» деп айтылып жатқан сөздер өлімнен артық үрей шақырып, бой-бойын қалшылдатып барады... Келіншек ойылып кеткен орында осындай халде екі сағаттан астам уақыт тұрыпты. Ау, бұл шамада ауылдастарының ешбірі жақындап кеп көмек қолын созбай-ақ қойсын, жақын жерден жіп-арқан әкеп, құтқаруға да қарекет қылмапты, тіпті болмағанда орталыққа хабар беруге асықса арнайы қызметтің де келіп жетіп, әрекетін жасауына мүмкіндік болыпты ғой. Әбір¬жіңкі, әркім өз басы үшін жанталасқан жабыңқы, жадау кезіміз шығар, бірақ соншалықты немқұрайлылық, өзімшілдік адамдарды тасбауыр етіп жііберетін болғаны ма ба деп айран-асыр қалдық. Біздің сұхбаттасымыз әңгімесін былай жалғады. «Таңертең ондар шамасында түсіп кеткен болсам он екіден асқанша суда тұрмын. Қимылдаған сайын кеңейе түсе ме, су иығыма дейін келді. Бір кезде маған қарай бұрылған бір нәзік жанды¬ны байқадым. «Өлесің» деп шуылдады аржағындағылар. «Қойыңдаршы, көзін жәудіретіп қалай тастап кетемін?» деген ана апаның мені құтқарып қалуға кәдімгідей бекінгенін көріп тұрмын. «Әпше, ол кісілер дұрыс айтады. Сіз де кетіп қаласыз. Жақындамаңыз» дедім жаоынып. Ол кісі менің айтқаныма құлақ аспады. Жақындай түскенде сақтық әдісімен мұз үстімен баяу бауырлап келіп «Қане, сіңлім, қолыңды бер» деді.Қолымның ұшы тиісімен үстімдегі ауыр киіміммен ілгері ұмсындым. Сол кезде зайыда табанымнан демеп, жоғары көтерген бір тылсым күшті анық сездім және бұған күні бүгінге дейін таң қаламын. Бір аяғымды судан шығарып, енді толық шығуға тырмысып жатырмын. Барынша сақ, жай еңбек¬теп отырып, қауіпті маңнан жылжып барамын. Құжаттарымды да қойныма қысып алдым» деді ол. Ажал апанынан осылайша аман қалыпты.
Ия, жетімдердің көз жасына Алланың өзі жәрдемші болып аман алып қалған болды» деп ойладық біз де іштей. Кейін есін жинап, өз-өзіне келген соң күйеуі екеуі әлгі өзін құтқарған азаматшаны іздестіреді. Сөйтсек, Рая есімді бұл азаматша Келінтөбе ауылындағы соғыс ардагері Маткәрім Досжановтың қызы екен, ауылда есепші болып істейді, сол жолы ауданға отчет тапсыруға шығыпты. Алдында қатерлі ісікпен есепке алынып, ем қабылдап жүреді екен, жағдайына қарамай көзсіз қадамға барып отыр ғой. Мұның қағаздарын сол күні тиісті мекемеге әкеп өткізген Рая апамыз туралы деректерді осы жерден сұрастырып білген ерлі-зайып сол күні Келінтөбені бетке алды. Құтқарушысының барып қолын сүйіп, алғысын айтып, алтынын тағып, мауқын басқан ана жүрек осылайша өміріндегі ең жақын адамын тауып, осы күннен бастап екі отбасы өмірде тығыз араласып кетіпті.
Дегенмен, осындай ерлік жасаған, адам өмірін сақтап қалған жан орденге лайық қой деп ойлаған қарапайым жандар анда-мұнда жүгіргенмен еш¬нәрсе өндіре алмады. Қоғам да селт етпеді. Бірақ бұл көңілдерде бір түйткіл боп қалды. Одан бері зуылдап жиырма жыл өтіпті. Аялы қамқорлығына алға-ны бар, өз қанасынан шыққаны бар қызғалдақтарын ешкімнен кем қылмай жетілдіріп, барлығын да құтты орнына қондырып, ұлды үйлендіріп, ата-аналық парызынан құтылып отырған жайы бар екен. Тағы да барған жерінде тұра-тұра қалған тұлымдылардың тәрбиесі үшін алғысқа бөленіп, мерейі үстем болып отырғанын да жасырмады Мейрамкүл апамыз. Ерлі-зайып екеу енді арқа-басымыз кеңіді ме дегенде екі жылдай бұрын отанасының өзі күрделі науқаспен Алматының ауруханасынан бір-ақ шығыпты. Тауқыметті күндердің табы ма деп ойлады. Білместік пе, мұзға түсіп кеткен соң да бір күн ем алмады, суық күнде тобанаяқ боп сөк-талқан сатып базарда тұрды. Жастық бәрін көтереді екен, елден қалмайық деп елбіреп-желбіреп жүріп енді жетілгенде сырқат төсегіне таңылған жәудіркөздің ойына келген бірінші арманы не болды десеңізші? Өлім мен өмір арасында жатып баяғы өзін құтқарған апасы туралы еске алды, ол кісі де соңғы кезде жатып қалғанын естіген. Оның алдында өзінің өтелмеген қарызы бардай, соны орнына келтіре алмаған өзінің әлсііздігіне өкінді. Басын көтеріп жүріп-тұруға жараса осыған білек сыбанып кірісем деп ойлап жатты. Осы бір жүрек сөзін қалт етпей тыңдап алған мұның емдеуші медбикесі осы жайттың барлығын жолдасына айтып барыпты. Үлкен қызметте істейтін ол тәңіржарылқағыр азамат келер күні өзі келіп, өзімен сөйлесіп, айтқандарын түгел қағазға түсіріп алды. «Уайымдамаңыз, бір жауабын береміз» деп кетті. Ауруынан аман-есен айығып, ауылға келгеннен кейін көп өтпеді, ауыл әкімі келді үйге. «Сіз не жазып едіңіз?» деді. Жауап келіпті. Маткәрімқызы Раяның суға кетіп бара жатқан адамды құтқарып алған ерлігіне орай мемлекеттік награда «Ерлігі үшін» медалын тапсыруға әкіммен бірге бұлар да барды. Алдында инсульт алған апаларының сөйлеуге әлі келмеді, бірақ жүрегімен түсініп жатыр, кеш те болса иесін тапқан медальды көріп, күлімсіреп басын изеді. Үнсіз жан тебіренісінің жауабындай жүзінен мөлдір жас төмен сырғып бара жатты.
Төлжановтар отбасы сол бір аяулы жанның көзі тірісінде ерлігінің жарқыраған өтеуін көріп кеткенінің өзін көңілге тоқ санап қала беріпті.
Әңгіме осы жерден үзілді. Терең ойға түсіп кетіппіз. Фаризаның жетістіктерімен жан-жақты танысайық деп келген басымыз одан да тереңде жатқан сан тарау тағдырдың салмағын санадан өткізіп, бір сәт пейілімізге жалынған алғы күннен пана күтіп, өмір-таразының өткелегінде тұрған жазмышқа шын тәуелділігімізді ұққандаймыз. Ел ішінде қарапайым ғұмыр кешіп жатса да адал пейілінен аттамаған қалпымен адам деген атты асқақтатып жұрген осындай жандармен мына өмір мағыналы шығар деген ой келді.
Келесі сәтте үй иелері бізді тұтас қабырға жасанып тұрған Фаризаның алтын, күміс, қола медальдары, мақтау грамоталары және алғыс хаттарымен таныстырды. Фаризаның өзімен телефон арқылы сөйлестік.
Дубайда өтетін Әлем біріншілігіне қызу дайындықта екен, осы айда Грузияда жаттығудан өтіп, әрі қарай аламан сайыста Қазақстанның жалауын желбіретпек. Алтынды иеленген жеңісті кезеңдерінде мінберде Қазақтың Гимні шырқалып, жанардан жасын тоқтата алмағанын да жасырмады. Алла жар болсын дедік біз.де . Жеңісті күнде жолығайық деген жарқын тілегімізбен бөлістік.

Баян ҮСЕЙІНОВА
02 шілде 2023 ж. 131 1

Бақыт от 27 қаңтар 2024 21:35
Райса (Рая) апамыздың да өмірден өткеніні биыл екі жыл болғалы тұр. Өмірде өзінен көрі өзгеге жақсылық жасағанды қалап тұратын, мейірбанды әрі ержүрек апамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.