№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мақалмен өрілген өмір

Мақалмен өрілген өмір



Редакциямызға арнайылап келген ағамыз жайғасып отырар-отырмас сөз мақамын мақалмен бастады. Тірлігіңнің мағына-мәнерін жұп-жұмыр жырдай қып құлағыңа құйып берер бір жалғаны жоқ жақұт сөздер тыңдаған жанның көкірегіне қона қалатын қасиетінен ажырамаған, аңырап тыңдап қалыппыз. Бұл қария не айтпақ екен бізге?
«Тойсаң бір тоба қыл деген, кең сарайдай бұл дүние, кім келіп, кім кетпеген. Сым темір болсаң балға бар, қамырдай қылып илеген» деп бір қайырды ол сөз басын.

«Шүкірлік – сара жол, күпірлік – қара жол. Мені толғандыратын бір мәселе мынау» деп сәл үзіліс жасап еді, ә енді не айтар екен деп құлағымызды тіге түстік. «Жағасы жоқ, жеңі жоқ, ақ жамылғы оранып. Есігі жоқ, төрі жоқ мәңгілік мекенінде дамылдаған аға ұрпақтың арызын тірі жүрген біз айтпағанда кім айтады. Біз солардың шапанының етегінде жүрдік» деп тағы бір тоқтады. «Жердің қазығы – тау, елдің қазығы – патша. Шаңырақтың қазығы – әйел» деген тәмсіл бар. Кешегі күні мемлекетімізді басқарған тұлғалар «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын жүзеге асырды, бірақ соның ішіне кірмей қалған ауданда бір өзекті мәселе бар. Ол мынау. Қарияның негізгі айтары сосын тарқатыла жөнелді. Жаңақорған кентінде орналасқан Әлшекей атындағы өнер мектебінің ашылғанына жарты ғасыр өтті. 1974 жылы сол кездегі аудандық партия комитеті 1 хатшысы Ғафур Мұхамеджановтың пәрменімен аудандық әскери комиссариаттың штабын босатып, орнына орналасқан көрінеді. Міне, содан бері өнер орталығын басқа жайға ауыстырып, жан-жақты жағдай қалыптастыру жағы ақсап келеді екен. Бұл кісі осы мәселені қозғап, жоғары орындарға аудандық үнжария арқылы жеткізуге бекінген тәрізді.
Қарияның бұйымтайын тыңдай отырып, ол кісінің еңбек жолының осы өнер ұясымен қабысып жатқанын білдік.

– Мен 1952 жылы Талап ауылында дүниеге келдім. №54 орта мектебінде білім алдым, – дейді ол кісі бізбен әңгімесінде. 9 сыныпта оқып жүрген кезімізде мектебімізге жап-жас, өздері сұлу, екеуі бірдей өнерлі Зианбдин ағайымыз бен Зөре апай мұғалім болып келді. Менің музыкаға деген қызығушылығым сол кезден бастап оян¬ды. Бала күнімнен төрде ілулі тұратын домбыраны үйге келген біреу қолына алса тізесіне отырып тапжылмай тыңдаға¬ным болмаса қолым тиіп көрген емес. Бірақ онжылдықтан соң Шымкенттегі педагогикалық мәдениет институтына жол тарттым. Оқу орнын бітірген соң жолдамамен Жаңақорған аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа келдім. Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаевтың тәрбиесін алдым. Ол кезде мәдениет үйі қазіргі екі қаабатты кітапхананың ғимараты, алғаш келгенімде соның тепкішегінде отырып домбырасымен Қуандық Шаңғытбаевтың «Қобыланды» реквиемін күңірентіп отырған Әмір Мәжитов ағамыздың үстінен түстім. Бір түйір кісілігі жоқ, даласындай кең пейілді ағаларым мәңгі қасымда жүре береді деп ойлаппыз. Ақылдарын, өнегесін, өнерін жазып алып қала бермеппіз, – деп өкінішін ортаға салды ел ағасы.

Ал аудандық өнер мектебіне жұмысқа 1977 жылы ауысыпты. Сол жерде қырық жылға жуық еңбек етіп, зейнетке шығыпты. Зәуреш Хасанова, Фатима Қалкөзова, Жадыра Шертекова, тағы басқа көптеген шәкірттерімен мақтанатынын айтты. Жыл сайын қабырғасынан сандаған талапкерлер қанаттанып ұшып кетіп жатқан өнер ұясын қазіргі қысылып-қымтырылып отырған көне жайдан көрікті бір орынға көшірудің уақыты әлдеқашан жеткенін биліктің құлағына жеткізуді мұрат еткен ағамыздың ұсынысы өте орынды. Әлшекей атындағы өнер мектебінде бүгінде 474 шәкірт тәрбиеленуде. Онда музыкалық аспаптар: фортопиано, қобыз, баян, домбыра сыныбы, эстрадалық ән салу, жыр-терме, көркем сөз, бей¬нелеу өнері сабағы өтеді. Бексұлтан Байкенжеев, Нағызхан Жаманбаев, Әмір Мәжитов атында арнайы кластарда білім алып жатқан өнерге құштар өрендер келешек елдің атын шығарар, ел мәдениетінің көсегесін көгертер бір-бір тұлға боларына дауымыз жоқ. Тек осы қабілетті өскіндерімізге қасиетті ордада кісі көңілі қанағаттанарлықтай жағдай жасай алмай отырғанымыз жанымызға батады.
Біздің сұхбаттасымыз, сала ардагері Оразбай Маханбетов ағамыз осы мәселені көтеріп, жанды бір шешімін тапса деген тілегін білдіреді. Ол өзі зейнетке шықса да өнер адамының өнегесі өміршең екенін дәлелдеп, жүрген жерінде бір мысқал болса да ойлы адамның көкірегіне қозғау салып отырғанды мақсат тұтып келеді екен. Өзі бұл туралы:

«Өмір ғой, өмір амал жоқ.Жүрміз-ау жақсы, жаман боп. Қолдан тартар адамнан аяқтар тартар адам көп» – деп бір түйіндеп қойды.


Әркім өз мақсатына ұмтылып, адамгершілік аяқасты қалып бара жатқан қазііргі қоғамды:
Арғымақ баптап не керек,
Жабағы қуып жеткен соң.
Ағайын-туған не керек,
Аңдысып күн өткен соң.
Бес күн дәурен өтеді.
Ажал қуып жеткен соң.
Бір төбенің басына,
Тыға салып кеткен соң» деп кешегі күн нақылымен мәнерледі. Бүгінгі күн¬нің айна-қатесіз шындығын өз көкірегін¬де пісіп жетілген мына жолдармен өрнектеді:
Кітап көп, құнары жоқ,
Адам көп, ұғары жоқ.
Ақша көп, береке жоқ,
Той көп, көңілді мереке жоқ,
Әйел көп, ақжаулық жоқ,
Дәрі көп, денсаулық жоқ.
Уәде көп тұрағы жоқ,
Насихат көп, тыңдайтын құлағы жоқ, – деп бір ақ тоқтады.
Хош дедік. Әкесінің есімі Құланқадір екен, жұрт Әребай атап кетпті. Өйткені бұл кісінің ерекшелігі, ара шақпайтын көрінеді. Шақса былқ етпейді екен. Сондықтан кетіп бара жатқан жыланды болсын мойнынан қысып ұстап, аузына шүберек тістетіп, тісін жұлып алады екен де, зәрсіз денесімен жеңгелерін талай қорқытып ойнапты. Ондай ой¬ынды көтеретін жеңге қайда бүгін деп өкініш білдірген көкемізге «кемпіріңіз бар ма? деген сауалымыздың өресіздеу өрілгеніне тілді тістедік. «Тек, кемпір деп айтуға болмайды, – деді ол. Кемпір деген сөздің өзі мағынасы айтып тұр-ғандай, «пірі кем» деген сөзден шық¬қан, ерінен айрылған, перзенттен ада, жалғызбасты дегенді білдіреді, дей келе, құдай қосқан қосағы екеуі немерелер қызығына кенеліп отырған бақытты жандар екеніне тәубе етіп, алға қойған мақсатын:
Жүйрік шығар төбеге,
Бояуы қилы биік шың.
Қартайған шалдар елде көп,
Ақсақал болу тым қиын» деп жетпістен асқан осы шағында мойнына үлкен жауапкершілікті жүктеніп отырғанын жасырмады. Өзінің тап қазіргі хал-күйін «Жата беретін жастан өтіп, бата беретін жасқа келдім» деп түйіндеді. Ондай болса жастарға батаңызды беріңіз» дедік біз де рухани суатқа бас қойған ықыласты көңілмен. Қария екі қолын жайды.
Халқымды даласымен сақта,
Елімді данасымен сақта.
Сәбиді анасымен сақта,
Азаматты санасымен сақта.
Үйдегіні үйде сақта,
Түздегіні түзде сақта.
Айдан аман ет, жылдан есен ет.
Күніміз шуақты болсын,
Көліміз суатты болсын» деп ата-бабадан жеткен асыл сөзді ақ жүрекпен ақтарды.
Бүгінде біз келешек буын парықсызданып барады деп жастарға кінә артамыз. Ал оларлың алдында жүруге тиіс аға буын осы ағамыз секілді әр сөзден мағына терген, ақылына сенген, бәтуалы сөзімен бас жақта тұратын мінезімен дараланса, көшелілігін көрген, соңынан ерген ұғымтал ұрпақтың да маңдайы ашыла түсер еді-ау деген терең бір ойға қалдық.

Баян ҮСЕЙІНОВА
27 мамыр 2023 ж. 261 0