Түгіскенде өТкен Турнир
Ауылды дамытатын, оның мәдениетін өркендететін осында өсіп-өніп қана қоймай, ол ертеңіне ұрпақ келешегіне алаңдайтын аға буын екеніне бүгінгі шара тағы да көзімізді жеткізе түсті.
Түгіскен ауылының тұрғыны 40 жылдан бері денешынықтыру пәні мұғалімі болып жұмыс істеп, зейнетке шыққан Еркінбек Нахиповтың есімін аққорғандықтар жоғары бағалайды. Түгіскен ауылы ұландарының көп жылдан бері футбол жарысынан қатарластарынан қара үзіп алдыңғы қатардан көрініп келе жатуында осы ұстаздық еңбегі өте зор. Өз жұмысына зор қызығушылықпен қарап қана қоймай ұрпақтың саулығы мен саламаттылығы жолында оларды спортқа тәрбиелеуден бір де жалықпай келе Еркінбек ағамыз өзінің 60 жас мерейтойына сәйкестендіріп футболдан ашық турнир өткізуді ұйғарыпты.
Мамыр мерекесіне тұспа тұс келген шараны ауылдағы тұрғындар түгел тамашалады деуге болады. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын халықпыз ғой. Түгіскендіктерді футболдан талай рет алға жетелеп келе жатқан, дүбірлі додаларда биік тұғырдан көрінуімізге орасан зор елеулі үлес қосқан, Түгіскен құрамасындағы барлық ойыншылар Ерекеңнің мектебінен шыққан шәкірттер десем қателеспеген болар едік. Турнирге Түркістан облысы, Шымкент қаласы, Шиелі ауданынан, кент және ауылдық округтерден 27 команда қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша: 1 орынды Шалхия кенті ойыншылары, 2 орынды Шымкент қаласы командасы, 3 орынды Түгіскен ауылының спортшылар иеленді. Жеңімпаздар жарыстың жүлде қорына ие болды. Жеңімпаз командаларға Еркінбек Әшірұлы отбасы тағайындаған бағалы сыйлықтары, медальдары мен кубоктары табысталды.
Берік АТАҚОЖАЕВ