№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Байланыс саласының майталманы

Байланыс саласының майталманы


Әйел-ана – отбасының шырақшысы, қоғамның сақшысы, олар мықты болып тұрғанда қоғам да мықты. Мүмкін, сондықтан да іргесінің беріктігін ойлаған қазекем қыз бала тәрбиесін бекем ұстаған. Бала кезінен қатал әке мен арлы ананың асқар тау талабын көзінің қиығынан танып,тағылымына қанық өскен қаракөз, бүгінде бүтін қазақтың қамын жеп жүрген жанашыр тұлға  Қатира Қасқабаева апамызды осы қатарға қосуға болады.

Адамды заман шыңдайды. Бұл шыр етіп дүние есігін ашқан алақандай ауылды жағалай қоныс еткен орыс переселендерін құрайтын кіл жалбыр шаш, жаутаң мінез, жасық көңіл жандардың көкшіл жанарындағы келешекке үміт жалғаған жарқылдаған отқа жігерін қайрап, қиянаттан жапа шегіп, жер ауып келгендерді жатырқамай, бауырға тартқан дархан пейілдің шуағына бұлар да шомылып өсті. Қазақ-орыс балалары бір төбені төсек қып, бір шалғында аунап-қунап ер жетті. 1960 жылы Шиелідегі қазірде «Ақорда» мектеп-гимназиясы ол кезде №45 «Октябрьдің 14 жылдығы» атындағы білім ұясының есігін ашты. Онжылдықтан соң Еңбек Қызыл Ту орденді Ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне оқуға түсті. Кішкентайынан қайсар да өжет болып ер жеткен өрімтал өз арасынан оқшау танылып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. Студсоветке жетекшілік етті. Бірі темір жолда парторг, бірі депода стрелочник болып қызмет атқарған, әр минутына қырағы ата-ана қағидасы перзенттеріне де қалтқысыз тәртіп пен жауапкершілікті артып қойғандай. Күнұзақ темірдей тәртіпке бас ұрған теміржолшылар жанұясында тәрбиеленген ұл-қыз да өздіктерінше оқып, еңбектеніп, бірі Мәскеуде, бірі Воронежде, тағы басқа осындай ірі қалаларда оқып, білімдерін жалғады. Жанұяның бір мүшесі Қатира да ешқайсынан осал түспеді. Ол өз кезеңінде облыс бойынша байланыс өндірісіне жетекшілік еткен жалғыз әйел болатын. Бұл биікке жетуі оның ер мінезді қасиетіне де байланысты. Дәйім өз-өзін қамшылаған осы дағдысынан ол әлі жаңылмаған. Бұған жасы жетпіске таяса да қоғам алдындағы парызын адал атқарып, зейнетке шықса да азаматтығынан түспей, елдік мәселелердің алдыңғы сапында жүретін апамыздың сергек көңілі, кемел келешекке деген жарқын сенімі дәлел.

Бөртескеннің соңғы келіні

Топырағы құйқалы, дерттіге шипалы, көлінде аққуы мамырлап, желіде бие сауған, өңшең төбесін биік шөп басқан балшық үйлер қатар қонған, моп-момақан, бірақ қойнында құт байырқалаған «Бөртескеннің» өкпе тұсынан шойын жол тартылып, «24 разъезд» деп таңбаланып, билікке басы байлаулы бекетке айналғалы айдыны қурап, берекесі қашып, бергі беттен құйылып келіп жатқан су көзі бөгеттен кері қайтып, тәбәрік ауыл тамырынан айырылды. Тал-терек қурап, ертелі-кеш күнге шағылысқан тұп-тұнық көлге шомылып шуласып жатар жас құрақтың күміс күлкісі сап тиылды. Маңдайларына біткен мағзұмның шырағынан от тұтатып, көкірегін сәулелендіріп үлгірген мүриті-сахи молда Мұстафаның үйіне келін түскенде бұл ауылда бес-алты ақ түтін қалған. Біздің Қатира апайымыздың бұл тағдырлы талбесіктің ең соңғы келіні болу тарихы осындай.
Жолдамамен Жаңақорған ауданы­на жіберілген ауыл шаруашылығы институтының түлектері, ерлі-зайыпты Мұстафаев Тайыр мен Қасқабаева Қатира өз мамандықтары бойынша бірі инженер-механик болып ПМК мекемесіне, бірі байланыс торабына бас есепші болып жұмысқа орналасқан соң ата-аналарын аудан орталығына өз қолдарына көшіріп алды.
Егемендік алғанға дейін СССР Бай­ланыс Министрлігіне қарасты Жаңа­қорған аудандық байланыс то­рабы бастығының орынбасары бола жүріп бүкіл жауапкершілікті арқалап үйренген білімді маман Ташкенттегі білім жетілдіру институтына жіберілген. Оның мұнда да қарап жатпай Ташкент кабель фабрикасымен келісім жасасып, облыстан қажетті қаржыны аудартып, материалдарды өзімен бірге ала келіп, ауданаралық кабельдер жүйесін бірнеше есе кеңейткен еңбегі елдің есінде.
Ол кезде тәртіп те бүгінгіден әл­деқайда қатал еді. Баспасөз мәселесі өз алдына, алыстағы мал отарларының өзінде рация байланысы жүйелі жұмыс істеп тұруы қажет болды. Осы талаптан кінәрат жібермеу үшін Қатира апайымыз талай тау кезіп, лай кешіп, мұздаяқ болған сәттерін айтып тауыса алмайды. Атаулы мекемеде 70-80-дей жұмысшы-қызметкер болды. Салада жұмыс жасайтындардың  дені өзге ұлт өкілдері еді. Қатира апай әр ұлттың өкілімен «өз тілінде» сөйлесті. Өз тілінде дегенде қарым-қатынас тілі ортақ-орыс тілі ғой. Бірақ әр ұлттың өз мінезі, өз танымы, өз табиғаты болады. Білікті басшы олардың осындай ерекшеліктерін терең танып, тіл табысып, түсіністікпен жұмыс жасауға тырысты. Олар осы күнге дейін ауылда қалғаны бар, өз мемлекеттеріне көшіп кеткені бар, хат жазып, хабарласып тұрады. Кезінде талай жағдайларына қарап, жәрдеміне жараған, жаны асыл басшының жақ­сылығын ұмытпайтындарын айтады. Жаңа айттық қой, байланыс саласында­ғылардың дені өзге ұлт өкілдері бол­ды деп: телеграфист, хат тасушы­дан бастап электромонтер, оператор, инженерге дейін. Неліктен? Қазақтың қыз-жігіттерінің бұл кәсіпке қыры жоқ па? Жоқ, олай емес екен. Біздікілер хат тасуды, бағанаға өрмелеп жатуды намыс көріпті. Бақсақ, «есектің артын жусаң да мал тап» дегенді қазекеме нарық қана ұғындырған сыңайлы. Одан қалды қит етсе өзімізге емес, өкіметке өкпе артуға бейім болғанымыздың белгісі ғой, дербестігімізге енді қол жетіп, етек-жеңімізді жиюға үлгере алмай жатқан елең-алаң шақта етектен алып, ессіздікке барып пойыз тоқтатқан кезіміз де болды-ау. Тоқсаныншы жылдары рельске жатып алып, билікке қыр көрсетіп, талабын орындатуға осылай бекінген топты таратуға тапсырма алған ішкі істер қызметі шарасыздыққа тірелгенде осы Қатира апайымызға тоқтаған.
– Сендердің жәрдемақыға талапта­рың үшін ешкім емес, алдымен мен кете­мін, – деп шырылдаған ол. Аңтарылған әйелдер бір-біріне қарады: «Қатираға зиянымыз тимесін, оның дым кінәсі жоқ». Жиналғандар жылдам тарады. Милицияның бастығы Байгенжеев ри­залықпен: «Қасқабаева жолдас, сіздің ықпалыңыз бірінші басшыдан да басым болды-ау», – деп еді сонда. Асылында, мұның өзі емес, жылдар бойы ел үшін адал тер төккен шынайы болмысы елдің көңіліне барып қонған екен. «Халық – Құдайдың бір аты», оның жүрегіндегі барды өшіру мүмкін емес.
Байланыс саласына 1993 жылдан бастап жетекшілік еткен ол кейін Қаз­пошта акционерлік қоғамының аудан­дық бөлімшесі болып жаңа құрылымдау­ға көшкен мекемені аяққа тұрғызып, зейнетке шыққанға дейін 20 жыл өзі басқарды. Осы уақыт аралығында сан мәрте саланың марапаттауларына ұсынылды. Соның ең бастысы да беделдісі 2000 жылы кеудесіне таққан Қазақстан Республикасы «Құрметті байланысшысы» төсбелгісі. Бұл атақты ол облыста тұңғыш рет болып иеленді. Аймақта бірнеше мәрте «Ең үздік пошта» болып келген көрсеткіштері үшін. 1993 жылғы ақша айырбастау кезінде тап-тұйнақтай жұмыс жасап, қарапайым тұрғындардың құқын шынайы қорғағаны үшін. Базбіреулер неше жыл жалғыз басы жиып-тергенін қайтерін білмей сансырап қалғанда бір күнде нешеме жүз зейнеткердің ақшасын жинау үшін жүк көлігімен бүкіл ауылды аралап шыққан пошта бастығы жұмысы қым-қиғаш қайнаған Жаңақорған мемлекеттік банк алдына түн ауа әзер келіп жеткен. Ірі-ірі мекемелер, ұжымдар алдын кес-кестеп өтіп жатыр. Бұған кезек тиетін түрі көрінбейді. Жанығатындай себеп бар, келесі күні сағат таңертеңгі 10.00-де Ұлттық теңге айналымға шығады. Сабан ақша толтырылған қапшықтардың үстінде отырған күйі батылданып ау­данның бірінші басшысына телефон соқты.
– Бізге жәрдеміңіз керек. Тез келмесеңіз болмайды.
– Қарағым, таң атсын.
– Таң атты. Ана кісі артық ешнәрсе айтпады. Түн ортасында тез келіп жетіп, мәселені өзі шешіп берді. Міне осындай да сәттер бастан өткен еді.
Қатира Қасқабаева жас кадр кезінен аудандағы әйелдер кеңесі жұмысына белсене араласты. 1978 жылдан бастап аудандық әйелдер кеңесі төрайымы орынбасары қызметін атқарды. Ұйым же­текшілігінде жүріп талай ажырасқан отбасыларға араша болды. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған нәзік жандарға қамқор қанатын тосты. Алдына жағдай айтып келгендерге жанашыр бола білді. Зейнетке шыққан соң да қарап отырмай Евроодақтың бағдарламасы негізінде «Халықтың әлеуетін көтеру» Жаңақорған ресурстық орталығына жетекшілік жасады.
Өз отбасында ері Тайыр екеуі бес перзент тәрбиелеп өсірді. Үнемі қоғам қызметінде жүретін жанға қазан-ошаққа айналып, жағдайын жасап жайланып отырар уақыт тым тапшы. Бірақ сонда да сәтін тауып, тақуа ата-ененің сәре­сі мен ауызашарын қалт жібермеді. Олар да көптің қызметінде жүрген келін-балаға кесіріміз тимесін деп құлшылығын ел көзінен жасырып, үрім бұтағының саулығы мен саламаттылығы, имандылығы мен жан байлығын сұрап, Құдайдан қайыр тіледі. Сөйткен батагөй ата 1989 жылы дүние салды. Ал оның Тәңірден тілегені қабыл болды. Қадам сайын қарауыл қойып, тұщы етіне таяқ тимесе де тура жолдан таймаған тағылымды ұрпақ өркен жайды. Олар, яғни жастық жалындарын елге арнап, жар құлағы жастыққа тимеген ата-ана аманатын ақтаған перзенттері бүгінде түрлі салада абыройлы қызмет етіп жүр. Тұңғышы Мұса Алматы қаласындағы ғылыми-зерттеу институ­ты директорының қаржы жөніндегі орынбасары, Русланы отставкадағы полиция майоры, облыстық қазпошта қауіпсіздік қызметі жөніндегі жауапты маман. Нұрлан IT ақпараттық агенттігі ин­женері, Нағимасы Астанада тұрады, ҚазАгроТехникалық университетте аға-оқытушы, Жасұланы Жаңақорған Агро­техникалық колледжіде автотранспорт пәнінен сабақ береді.
Бүгінде Қатира апамыз құтханасында елдің тілеуінде отырған батагөй ана. Бір сөзбен айтқанда, аудан әйелдерінің көш басында тұрған тұлға.

Баян ҮСЕЙІНОВА
07 наурыз 2023 ж. 224 0