Бүйрек дерті инфрактке себеп
Нефрологтардың пайымынша, инсульт, инфаркт ауруларының туындауына көп жағдайда бүйрек аурулары себеп болады екен. Оның бірнеше себептері бар.
Мысалы, бүйрек жетіспеушілігі кезінде ағзада фосфор мен кальций алмасуы нашарлайды. Бұдан тамырларда кальций іркілуі, тромбоз пайда болады. Осы себепті бүйрек дертінен зардап шегетіндердің басым бөлігі инфаркт, инсульт алады екен.
Бүйректің созылмалы аурулары аса қауіпті. Оны мамандар бүгінде қатерлілігі жағынан обыр, өкпе, қант диабеті ауруларымен қатар қойып отыр. Бұдан бөлек, аталған аурулардың өздері де көп жағдайда бүйректің созылмалы кеселдері туындауына себеп болады.
Бүйрек артериялық қан қысымын реттейді, гемоглобин синтездейді, су және липидтер алмасуына, қышқыл-сілті тепе-теңдігіне жауапты, иммундық жүйенің кейбір функцияларын атқарады. Сондықтан бүйректегі қандай да бір қалыпсыздықтың бүкіл ағзаға әсері бар. Ал жағдай ушықса, гемостаз (ағзаның ішкі тұрақтылығы) бұзылуынан науқас өледі. Ал бүйректе туа бітті ақау болған жағдайда ол гормондық, эндокриндік, неврогендік қалыпсыздықтар кесірінен күшейе береді. Зат алмасуының бұзылуынан туындаған семіздік, ағзаға артық май жиналуы да бүйрекке қауіпті. Ұлпалар қан құрамындағы қантты дұрыс сіңіре алмай, сол себепті инсулин көп түзіледі, ол гипертонияға, диабетке, сосын бүйрек жұмысының бұзылуына соқтырады. Бүйрекке сонымен қатар аса көп алкоголь, никотин, калориясы жоғары тағамдар, қимыл-қозғалыстың аздығы да ауыр тиеді.
Бүйрек ауруы бірден білінбейді. Ол бүйрек жетіспеушілігі пайда болып, ушыққасын ғана белгі береді. Сондықтан бүйректі уақтылы тексертіп тұрған абзал. Сынамалар тапсыру қажет. Бүйрек ауруының алғашқы белгілері: сынамада альбумин, зәрде ақуыздар анықталады, биохимиялық сынама кезінде қанда креатин мөлшерінің артқаны анықталады. Гипертония, атеросклероз, семіздік, қант диабеті сияқты дертпен ауыратын топтарды скринингтік тексеру кезінде де бүйрек дерті туындағандарды анықтауға болады. Адам себепсіз тез шаршай берсе, діңкелесе, үнемі сұрланып жүрсе, онда уақыт өткізбей дәрігерге көрінгені абзал. Бүйрек ауруларының ақауы созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне соқтырады. Мұндайға душар болғандарға гемодиализ аппаратымен өмір сүруге немесе бүйрек алмастырып салатын трансплантологтар жәрдеміне жүгінуге тура келеді. Сондай-ақ науқастың құрсақ аумағына арнайы катетер орнату тәсілі де бар. Яғни ол құрсағына алдын-ала дайындаған ерітінді құяды, ол ағзаны улы заттардан тазартады, яғни бүйрек жұмысын атқарады. Міне, осындай қатерлерге ұрынбас үшін адам өзінің бүйрек саулығына қамқор болуы керек. Біріншіден, дене салмағының қалыптан ауытқымауын қадағалаған абзал. Себебі семірген кезде май жиналып, артық май ұлпалары тамыр тонусын төмендететін компоненттер туындатады. Одан бүйрекке механикалық салмақ түседі, жұмысын қиындатады.
Сондай-ақ бірден арықтау да қауіпті. Өйткені бүйрек сырты майлы қапшықпен қапталған, адам азып-тозған кезде ол жұқарады да, бүйректі қорғау қабілеті азаяды. Адам ақуызды көп пайдаланбауы керек. Оның артық мөлшері бүйрек жұмысын ауырлатады. Күніне 2 литр сұйық ішіп тұрған дұрыс. Ол қан айналымына көмектеседі, бүйректе артық зиянды заттар іркілуіне жол бермейді. Кіші дәретке де дер кезінде шығып тұрғаны дұрыс. Өйткені табиғи сұранысқа қарсы, өзін ұзақ тежесе несеп қабында инфекциялар көбеюі мүмкін. Тәттіні, ащыны, тұздыны, қуырылған тағамды көп жемеңіз. Өйткені бұлар қант диабетіне, артериялық гипертонияға себепкер. Ал олар өз кезегінде бүйрек жетіспеушілігін туындатады.
Massaget.kz