» » Петиция: салмағы һәм салдары

Петиция: салмағы һәм салдары


Қаңтар оқиғасынан кейін, ел ішінде петиция жариялау жиілей түсті. Онлайн және оффлайн жарияланған петициялар атқарушы билікке нақты талап қойып, нәтижесінде біраз түйіткілді мәселелер шешілгені де рас. Бірақ шектен тыс петиция жариялай беруге де болмас, сірә! Біз мұның салдары мен сабағын саралап көрдік.


Қазір жұрттың бәрі хат жазғыш. Қазақстанда петиция жазып, қол жинау сәнге, әлде әдетке айналып бара жатыр ма?! Демократиялық елдерде халық үнін, өтінішін, тілегін билікке жеткізудің ең тиімді, ықпалды, бейбіт те жылдам амалы саналатын петиция біздің елде еріккеннің ермегіне айналып кететін түрі бар. Онлайн түрде өтініш білдіретін «Egov.press» сайтында петицияның түр-түрі көп. Онда өткен 2021 жылы аптасына 1 ұжымдық өтініш (петиция – ұжымдық өтініш) жарияланып келген-ді. 2022 жылдан бастап петиция жазатындар көбейіп, әр күні бір петиция жарық көруде. Билікке бағытталған талап-тілектің көбейгеніне қарап бастапқыда аймақтарда шешімін таппай, қордаланып қалған мәселе жетерлік екен деп ойлап қаласың. Ол да бар, бірақ жеке бастың мүддесі үшін қоғамдық ахуалды туғызатыны да жоқ емес. Бар.
Жалпы бұл жүйе қайдан шықты? Біздің қоғамға қалай келгені тарихта таңбаланып тұр. XX ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамына ене бастаған петициялық қозғалыс елеулі түрде етек алды. Қазақ халқы өзінің өмірлік маңызы бар шұғыл проблемаларын петиция жолдау арқылы шешуге тырысып көрді. Онда жер, халыққа білім беру саласындағы алуан түрлі талаптар қамтылды.
Алғаш 1902-1907 жылдары жазы­лып, жоғары билік орындарына жолдана бастаған еді. Бұл құжаттарда қазақ халқын христиан дініне енгізу саясатын тоқтату, мұсылман оқу орындарын құруға қажетті жағдай жасау, молдалардың қызметіне кең жол ашу жөнінде нақты талаптар қойылды. Ондай өтініштің бастамашылары алғашқы кезде дін қызметкерлері болғаны белгілі. Уақыт өте келе жағдай өзгере түсті. Бірінші орыс революциясы жылдарында петиция жазуды қазақ қоғамының сауатты, зиялы өкілдері өз қолына алды.Уезд бастықтарына, әскери губернияларға, генерал губернаторлардың, Ішкі істер министріне, тіпті, Ресей императоры II Николайдың атына да жолданды.
Осылай басталған бұл жүйе әлі де жалғасып келеді. Бір сөзбен айтқанда, петиция – халықтың өз талабын билікке жеткізудің төте жолы. Қазақстанда петицияларды енгізу тетіктерін қарастыратын «Кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Түзетулерге сәйкес Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте сол атаумен жаңа тарау пайда болады. Сондай-ақ тұжырымдама қабылданған «Е-петиция» бірыңғай онлайн-плат­формасын құру жоспарлануда.
Заң жобасы петицияны тек Қазақстан азаматтары ғана бере алады. Өтініш беруші петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган айқындайтын интернет-ресурс арқылы береді. Орналастыру шарттарына сәйкестігін тексеретін және барысын бақылаушы, яғни, модератор Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі болып табылады.
Форматына қарай кейде офф­лайн, енді бірде онлайн режимде жарияланатын петициялар билікке бұқараның базынасын жеткізуді мақсат етеді. Қазақстанда онлайн петицияларға арналған бірыңғай платформа құру идеясы осыдан 6 жыл бұрын ұсынылғанымен, толық жүзеге асқан жоқ. 2020 жылы Президент өз Жолдауында Үкімет мүшелеріне онлайн петицияларға арналған бірыңғай портал құрып, оның құқықтық-нормативтік базасын жасауды тапсырды.
Халық өз күштерімен түрлі сайт ашып, петицияларды белсенді жариялай бастады. Ең алғашқы петициясы былтыр қазан айында жарияланып, күні бүгінге дейін ірілі-ұсақты 50-ден аса әлеуметтік мәселе көпшіліктің талқысына салынды. Бұл платформадағы ең көп қол жинаған мәселелердің қатарына утилизациялық алымға түбегейлі тыйым салуды, әйелдердің зейнет жасын 55-58 жасқа дейін төмендетуді, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны 3 жасқа дейін ұзартуды жатқызуға болады. Аталған мәселелер бойынша жарияланған өтініштің барлығы 100 мыңнан астам қол жинады. Олардың ішінде облыс, аудан әкімдерінің отставкасын талап еткендердің де жазбасы кезігеді. Әкімдердің отставкасын талап еткен петицияны жариялаумен otinish.kz сайты да көпшіліктің назарын аударды. Бас-аяғы 4 петиция ғана жарияланған сайтта Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың отсавкасы туралы жазбаға 26 556 адам қол қойды. Бүгінде тіл тағдыры – халық тағдыры дегендей тақырыптағы петиция күш алып, қол қоюшылар саны күн өткен сайын артуда. Бұл – мемлекеттік мұратпен үн қосу, дауыс жинау. Дегенмен жеке басын күйттеген, тіпті жеке мүддесін қоғам мүддесіне балап, петиция жариялағандар да кездесіп жатады...
«Қаңтар қасіреті» қоғамдағы кез келген мәселені назардан тыс қалдыруға болмайтынын көрсетті. Бұл орайда мемлекет тарапынан да арнайы ресурсты іске қосу да артық болмайды. Саясаттанушы Асхат Қасенғали петицияны халықтың өз ойын билікке жеткізудің бірден-бір жолы деп санайды. Сондықтан мемлекет халық көтерген ұсыныстың конституциялық, саяси, экономикалық, идеологиялық жағына мән беріп, конструктивті диалогқа дайын болғаны жөн екенін алға тартады. Ең бастысы, барлығы заң жүзінде болғаны жөн.

Әлем елдері қалай қабылдайды?

Қазір онлайн петицияларға арналған платформаны жасақтау мәселесі жиі көтеріліп жүр. Халық үніне құлағы түрік жүретін кейбір елдер де петиция көп мәселенің қарапайым бұқараның бас пайдасына шешілуіне ықпал етеді екен. Мұндағы change.org, Avaaz сияқты танымал онлайн платформалардың рөлін атап өтпеске болмайды Осыдан дәл 15 жыл бұрын іске қосылған change.org сайты қолданушыларының саны бүгінде 300 миллионға жуықтайды. Бірер жыл бұрын дәл осы сайттағы онлайн петиция кезінде 375 мың адам Байкал итбалығын браконьерлерден қорғау талабын қойып, балық аулауға тыйым салынды. Жапонияда 21 мың қол жинаған петицияның нәтижесінде косметикалық тауарларды әуелі жануарларға сынап көру тәжірибесі тоқтатылды. 2013 жылы миллиондаған испандық жемқорлыққа жол берген Премьер-министр бастаған халықтық партия шенділерінің отставкасына қол жеткізді. Ал АҚШ-та 2,2 миллион адам қол жинап, биліктен 17 жастағы афроамерикалықты атып тастаған полицейді жауапкершілікке тартуды талап етті.
Әлемді былай қойғанда, көршілес елдерде де халықтың қалауына құлақ асудағы онлайн платформа түзу тәжірибесі көп нәрсені айғақтайды. Мәселен, Өзбекстанда 2018 жылы Mening fikrim (Менің пікірім) деп аталатын портал іске қосылды. Порталға ұжымдық өтініш түскен сәттен оның заңдылығы тексеріледі. Азаматтардың мәселесіне Парламент назар салуы үшін петицияға кемінде 10 мың адам қол қоюы керек. Екі жыл ішінде ала шапанды ағайындардың заң шығарушы органдары 7 петицияны қараған екен. Алайда, әлем елдерінің көбінде билік онлайн петициялардың заңдылығына күмәнмен қарайды. Олар қол қоюда тек электронды пошта ғана талап етілетіндіктен, бұл іске боттар белсенді тартылуы мүмкін деген пікірде.
Біздегі үлкен мәселе бұғаттау екені айтпаса да түсінікті. Егер ол заңсыз, не болмаса шектен шыққандық болса әрине ондай сайттың керегі жоқ. Сондықтан сараптап, саралап алған дұрыс. Өйткені, орынсыз жарияланған талап-тілектер жалпақ тілмен айтқанда халықтың миын ашытып, әбігерге салатыны анық.
Түйіндей айтқанда, петиция жазу өкениетті елдерде ол бір адам қол қойса да мемлекет тарапынан арнайы комиссия құрылып, халық өтінішін тыңдап, тиісті нәтиже шығаруы тиіс ең мықты, ең ықпалды хат, дұрысы – халықтық өтініш саналады. Ол үшін петицияның өзі де орынды болуы тиіс. Ал Қазақстанда петиция деп қойып, қол жинап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазу кім көрінгеннің ермегіне айналып кеткендей. Бұл түрімен петицияның салмағы азайып, мәні кетіп, көп ұзамай-ақ елеусіз қалып кететін хат түріне айналып шыға келуі әбден мүмкін...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
19 ақпан 2022 ж. 229 0