Өнегенің ғұмыры өмірден де ұзақ
“Даламның иісі бұрқырап, қарттарым аман-сау жүрші” деген жыр жолдарының мәнін соңғы кездері, әсіресе ауылға барғанда алдымнан шығар көңілі ақжайлау ағаларымды көргенде жан-діліммен түсініп, солардың құшағына бас қойғанда сағынышым басылардай, тіпті сол көштің кемесіне өзім де бір жолаушы екенімді сезінгендей болып оралушы едім.
Әдемі қартая білу де өнер. Осы тұрғыдан келгенде жан досым Әлайдарұлы Мұхамедәліні мақтауға да, теңеуге де симайтын ерекше жан дер едім. Қайран, біздің асыл ұстаздарымыз-ай! Біз арада қанша уақыт өтсе де олардың әрқайсысын жылы ілтипатпен еске аламыз. Сіздер бізді 1966 жылы мектепті тамамдағаннан кейін жақсы ниетпен соқпағы мен қалтарысы көп өмір жолына өздеріңіздің ақ бата-тілектеріңізбен шығарып салдыңыздар. Біз Сіздерге өмір бақи қарыздармыз. Сондықтан біздің қазіргі уақытта қанша шашымыз ағарып есейсек те, жас баладай Сіздерге рақметімізді айтып, Сіздердің алдарыңызда басымызды иеміз. Сіздер өмір бақи біздің есімізде боласыздар қымбатты біздің ұстаздарымыз!
Біздер 1966 жылы мектеп қабырғасынан шыққаннан кейін, әркім өз жолымен алдағы белгісіз өмірге сапар шегіп, әртүрлі мамандық иесі болып, әр салада Отанымызға қызмет еттік. Мен он сегіз жасымда туған жерден әскерге аттанып, үш жылдық әскери борышымды атқарғаннан кейін, білімімді Ресейдің Курган қаласындағы әскери жоғарғы оқу орнында жалғастырып, 1973 жылы өз елім – Қазақстанға келдім. Сол жылдан бастап қиындығы мен қатері қатар жүрер әскери қызметте болдым. Қызмет барысында көптеген бұрынғы туысқан республикаларда әскери тәжірибем мен білімімді жетілдірдім.Қанша үлкен қалаларда болсам да өзіңнің туған аулыңа, туған жеріңе жетпейді екен. Шамам келгенше, уақыт тауып сағынышпен ауылға келіп тұрдым. Сондықтан да болар, менің достарым, сыныптастарым мен үшін көңілімнің күмбезі, жанымның жолдасы, қиналғанда, сағынғанда үнемі құшақтарын жая қарсы алатын, ниеті бір қимас жандар. Солардың ішінде Мәмет досымның орны ерекше бөлек еді. Дос деген үлкен, мағыналы ұғым ғой.
Көп екен ғой замананың тарауы,
Ағысымен жылжи берсін ол әлі.
Дос деген бір үш-ақ әріп кей кезде,
Туыс деген төрт әріптен жоғары! – деп Руслан ақын айтқандай,достың да досы болады. «Адал» дос дегені болады және «амал» дос деген болады екен. Мәкең маған нағыз адал дос болды. Қандай алыста жүрсек те арамыздағы достық сезімнің сағынышы ешқашан өшкен емес.
Мектеп қабырғасында-ақ Мәкең өзінің ұйымдастырушылық қабілетін таныта білді, сыныпта староста болды, сабақты жақсы оқып, оқу үздігі болып, кейінгі есейген өмірде де көшбасшымыз бола білді. Мәкең ес білгелі ауылда тапжылмай ұстаздық еңбек етіп, жастарға білім берумен қатар оларды адалдыққа, әділеттілікке және Отанымыздың патриоты болуға тәрбиеледі.
Біздер үшін Мәкеңнің үйі ат басын бұрып, тоқтайтын кіші ордамызға айналды. Жары Ұлтайдың жоқтығын білдірмей, алақанға салған келін-балаларынан айналмайсың ба? Бүгінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Әскери ғылым Академиясының академигі атандым. Сонда да құрдасым Мәкеңнің биік ақылына зәру боламын да тұрамын.
Ауданның төл басылымы "Жаңақорған тынысы" газетіне қай бір жылы журналист Баян Үсейінова қарындасымыз "Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз?" – деген тақырыпта осы Мұхамедәлі Әлайдарұлы туралы очеркін жариялады. Қаламгер қызымыз біздің асыл замандасымыздың бүкіл харақтерін тап басып, тамаша бере алғанына сүйсіндік. Тумысынан табиғаты ерек, жарық өмірді жан-тәнімен сүйіп қана қоймай, Құдыреттің адамдарға тарту еткен осынау ұлы нығметі – жарық дүниенің айнадай тазалығы үшін өмір бойы күресіп, өзі де жанына қылдай жалғандықты жуытпай өткен жайдары азаматтың тағлым-талабын тамыршыдай тап баса білген ғана ол кісіні терең түсіне алса керек.
Мәкең тұла бойы тұнып тұрған нағыз қазақи адам еді: өзі де, ісі де, тілі де, адам сыйлай білер қасиеті де, кемшілікті бетке айтары – бәрі де қазақ азаматына тән қасиет еді. Көп оқыған, өмірден алған тәжірибесі де молынан болатын. Тіл мамандығын таңдап, жоғары білімді болғандықтан қасиетті тіліміздің небір асыл маржандарын білетін де, сәті түскен кездерде өлең оқып, өзі өлең шығарып құлағымыздың құрышын қандыратын. Абай, Мұқағали, Шәкәрім т.б. танымал ақын-жазушылардың шығармаларын жатқа айтатын. Шығыстың болсын, Батыстың болсын небір ғұламаларының еңбектерін, сүбе сөздерін айтып, пікірталас та ұйымдастырып отырушы еді, үрдіс әңгімелерін де орнымен айтатын.Мәкеңнің ішкі дүние танымы да өте бай еді. Қазіргі өмір құбылысына, бала тәрбиесіне, адамдар арасындағы қарым- қатынасқа да өзінің ой- пікірі, ұстанымы болатын. Қазіргі кездегі ел тынысына, таязданғанадамгершілік құндылықтарға да іші ашитынын білдіріп, көңілі толмаған жайттарды да сескенбей жеткізіп, өткір тілімен ретті жерінде айтып тастайтын еді.
Сол ұстанымын өзі де осы ғұмырында бойынан алыстатпай, біреудің ала жібін аттамай, тек өзіне тән адалдықпен атқара білді. Сол қасиетін балаларының да санасына жеткізіп кетті. Балаларына да қазақи тәрбие беріп, оқытып, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған аяулы әке бола білді. Ауыл өмірінің саяси – әлеуметтік ахуалын да байқап, сәті түскен жағдайларда өз пікірін айтып, керек жерде сынап та алып, кеңесін де аямайтын. Адал еңбегінің арқасында өзі басқарған мектеп ұжымында да беделі жоғары болды. Ұстаздарын әркез жылы сөздермен еске алып, сыйлай білді. Шәкірттері де ұмытпай, әркез ақыл- кеңестер алып отыратынын өзі де масаттана айтып, мақтан тұтатын.
Міне, досымның осы қасиеттерін ойлап, ұрпақтарына бар адамгершілік қасиеттері дарып, бақытты болуларын тілеймін.
Әке сөзі бір керемет қазына,
Ғұмыр бойы тоя алмайсың сазына.
Өз әкемнен озамын деп ойлама!
Бауырың қызып, шапқаныңмен жазыла... – деген өлең жолдары ойға түсіп отыр. Әрине, әке жолын қайталау, ол өткен небір өткелдерді өту, шыңдарды жеңу оңай емес.
Десе де, асыл азаматтың ұрпақтары әке сөзін, оның өсиетін жерге тастамай ауыз толтырып айтар азаматтар болып отыр. Осы бағытта өсіп жатқан немере, шөберелерінің де адал азаматтар боларына сенімдімін.
Сатыбалды Ділманұлы,
“Құрмет” орденінің иегері,
Астана қаласы