» » Ардагерлер алқалы кеңесте бас қосты

Ардагерлер алқалы кеңесте бас қосты



Әлемді шарпыған індетке қарсы санитарлық-эпиде¬мио¬логиялық талаптарына сәйкес, аудан әкімінің мәжіліс залында аудандық ардагерлер ұйымының VIII конференциясы онлайн режимде өткізілді. Кент, ауылдық округтерден сайланған делегаттар ZOOM байланысы арқылы тікелей эфирде қатысты.

Конференция жұмысына аудан әкімі Руслан Рүстемұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері, жерлестеріміз Қалқазбек Әжібеков, Әнуарбек Қалтаев, Әбутәліп Сүйіндіков, Изатулла Нәрзілдаев аудандық салалық бөлімдер, мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Ардагерлер кеңесі. Осылай ата¬латын ұйымдар әр жерде әртүрлі деңгейде, сан алуан сапада тірлік кешулі екені түсінікті. Жаңақорған ауданындағы ардагерлер кеңесіне Өмірсерік Тақырбасов 2015 жылдан жетекшілік жасауға кіріскен еді. Бүгінде кім-кімнен сұрасаңыз-дағы, бұл ұйымның тамырына қан жүгіріп, жан кіре бастағанын айтып, ақжарма тілегін жаудырады. Атаулы конференцияда Өмірсерік Тақырбасов 2015 жылдан бері атқарған жұмыстары туралы есеп берді.
– Ардагерлер кеңесінің төра¬ғасы ретінде зейнетке шыққан арда¬герлерді қалай құрметтейміз, қандай құрмет көрсетсек болады деген ой мазалады. Сөйтіп зерделей, зерттей келе зейнеткер-ардагерлерге құр¬мет есебінде ауданның «Құрметті ардагері» деген атақты енгізуді 2018 жылдан бастап қолға алдық. Біздің ұйымның үлкен наградасы осы атақ болып тұр. Осы уақытқа дейін 2018 жылы 5 адам, 2019 жылы 5 адам 2020-2021 жылдары 8 адам, барлығы 18 зейнеткер-ардагерлерге осындай атақ бердік. Осы шараны ауыл халқы, зейнеткерлер, олардың отбасы ұрпақтары өте жақсы қабылдап, әке-шешелерінің осындай құрметке ілінгеніне, еңбектерінің еленгенін мақтанышпен қабыл алып жүр. Ал ардагерлер балаларының алдында мақтанып, масаттанғанын көріп біз ырза болып жүрміз. Бұл атақты ауыл халқы алдында, ұжымдарында, үлкен жиындарда тапсырып келеміз. Шынын айтқанда осы атақты алған ардагерлердің әрқайсысына атақ берген сайын отбасы қуанышын көзбен көріп мақтаныштарына ортақ болып келеміз. Елге еңбегі сіңген зейнеткерлердің өткен өмірдегі атқарған жақсы тірліктерін насихаттауды аудандық «Ардагерлер мерейі» газеті арқылы халыққа жария етудеміз. Жалпы алғанда біздің ардагерлеріміз тәуелсіз еліміздің дамуы мен өркендеуіне, халқымыздың бірлігі мен сыйластығына, жастар тәрбиесіне лайықты үлес қосып келеді. Алдағы уақыттада осы ұстанымды жалғастыратын боламыз, – деп ерекше тоқталды Өмірсерік Тақырбасов.
Пленум мүшелері мен бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары оң пікірлерін білдірді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Тақырбасовтың жұмысын одан әрі жалғастыруын бірауыздан қолдады.
Сонымен бірге аудандық арда¬герлер кеңесінің пленум мүшелеріның құрамы бекітіліп, облыстық конфе¬ренцияға қатысатын делегаттар сай¬ланды. Құрылыс саласының ардагері Анарбек Әнуәрбековке аудан әкімінің «Құрмет грамотасы» табысталып, «Жаңа¬қорған ауданының Құрметті арда¬гері» төсбелгісімен марапаттады.

Әсел РЗАЕВА
28 тамыз 2021 ж. 304 0