Олимпиаданың озат оқушылары
Әдетте, дүйсенбіні ауыр күн санаймыз, бірақ бұл күннің де базары баршылық. Олай дейтінім, жаңақорғандық жас жеткіншектердің біліми жетістігі дүйсенбіде дәріптелді.
Әуелгі әдетімен білімді бала болса, бауырына тарта кететін аудан әкімі Руслан Рүстемов бұл жолы еркін формат әдісін қолданды.
–Балалар, «Жаужүрек мың бала» көркем фильмін көргендеріңіз бар ма?
–Көрдік ағай.
–Олай болса, сол фильмдегі жаужүрек жеткіншектер білек күшін салып, атқа қонды, отанын қорғады, азаттық жолында қанын да, көз жасын да, маңдай терін де төкті. Намыс үшін ажалдан да аянбады. Сол мың бала отанын білекпен қорғады. Өйткені заман лебі сондай еді. Ал, қазірше? Қазіргі уақыт бөлек. Бүгінгі мың бала отанын біліммен қорғайды. Кезінде Абылайхан бабамыз «Білектінің заманы өтіп, білімдінің заманы келе жатыр, дайынбысың әлеумет?!», – деген жоқ па? Сол айтқандай, «Күш – білімде, білім – кітапта» деген данышпандар сөзі бүгіннің негізгі бағдары болып тұр. Сондықтан озат оқып, үздіктер қатарынан көрінгендерің ауданның да абыройы болды, – деді аудан басшысы.
Балалар жылы сөзге күлімдеп, жымиып күліп отыр. Әкімнің еркін әрекетіне, баласынбай өз қатарындай қабылдағанына разы кейіп байқатты. Жүздесудің жылы шырайы осылай жүріп жатты.
Жалпы, бүгінгі бас қосуға 2020 жылдың 24 ақпанынан бастап еліміз бойынша ауыл мектебі оқушыларының арасында өткізілген «Myń bala» Ұлттық олимпиадасы түрткі болды. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы Қорының әлеуметтік бастамасымен жүзеге асқан пәндерді оқып үйренуге және одан әрі дамытуға қажетті дағдылар мен бейімділік жөніндегі жарыста жеңімпаздарды 2 кезең негізінде анықтады. Олимпиадаға аудан мектептерінен 61 бала қатысып, «Елбасы медалі», «Мың бала» жобаларына белсене атсалысты. Қатысушылар толықтай бас ұйымдастырушысы – «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорынан арнайы сыйлық алды. Әрине, айту керек, бірінші кезеңде 1 және 2-тоқсан қорытындысында үлгерім нәтижесі негізінде республика бойынша мың оқушы іріктелген еді. Сол іріктелген 1000 оқушының арасында біздің ауданнан 9 оқушы да өте жоғары нәтижеге қол жеткізіп, еліміздегі жоғары мектеп – Назарбаев Зияткерлік мектебіне қабылданды.
Сол мақсатта аудан әкімі Руслан Рүстемов жеті жеңімпазды арнайы жүздесіп, диплом және ноутбук табыстады. Олар: Шамшидин Еңлік, Болысбек Мұрагер, Серхожа Мұхаммедәлі, Жұмат Ділнұр, Нұртас Дархан, Қайрат Әлия, Шазинда Жансая, Әбдіраман Бейбарыс. Озат оқушылар әкім ағаларын алқалап, бірге суретке түсті.
Айтпақшы, Әлиасқар Заңғар мен Нұртас Дарханды облыс әкімі арнайы марапаттады. Сол секілді «Елбасы медалі» ерекшелік белгісіне ауданнан №169 мектептің 11 сынып оқушысы Еркебұлан Толыбайұлы қол жеткізді. Бұл жерде №169 орта мектеп оқушыларының білім деңгейі ерекше танылды.
Қаныбек АБДУОВ