«Жолдау - кәсіпкерлердің көптен күткен сауалдарына жауап берді»

Ендігі жерде отандық өнім өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетілмек. Ол үшін Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына нақты механизм қалыптастыру жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіпкерлерге жұмыс жасауға кедергі келтіру өте ауыр қылмыс ретінде қаралатындығын да жеткізді. Ол үшін арнайы нормативтік құжат әзірленбек. Кәсіп иелері үшін ең үлкен жаңалық – пандемияға орай наурыз айынан бастап ең зардап шеккен кәсіпкерлік саласындағы бизнес өкілдерінің қолданыстағы несиесі субсидияланатын болды.
Біздің өңір ауыл шаруашылығы бағытындағы аймақ болған соң шағын шаруашылықтарды кооперацияларға біріктіруді белсенді жүргізу керек деген ұсынысы көңілден шықты. Сондай-ақ, алдағы уақытта агроөнеркәсіпті дамытуға арналған 5 жылдық мемлекеттік бағдарлама қабылданатындығы да қуантады.
Президент кәсіпкерлік саласын мемлекеттік қолдаудың арқасында 2025 жылға дейін жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 35 пайызға жетуі қажеттігін, осы бағытта жұмыс жасалу қажет екендігін баса айтты.
Бағыт айқындалды, тапсырма берілді. Енді оны жүзеге асыру мақсатында жұмыс жүргізу ғана керек. Жақын күндері бизнес өкілдерімен, Өңірлік кеңес мүшелерімен бірге талқылап, ұсыныстарымызды жергілікті атқарушы органдарға, Орталық аппаратқа ұсынатын боламыз.
Ғалымбек Жақсылықов,
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры