№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Вакцина "бәйгесі": үміт пен күдік

Вакцина "бәйгесі": үміт пен күдік


Әлемді әуреге салған пандемияны тоқтатудың бір жолы – вирусқа қарсы вакцина. Ақпан айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцина әзірлеуге 18 айдан кем емес уақыт керек деп болжаған еді. Алайда 17 миллионнан астам адамға жұғып, 680 мыңнан астам адамның өмірін жалмаған вирусты жеңуге деген ұмтылыс күтпеген жылдамдықпен өрбіді. «Емі табылды, вакцина дайын» деген сүйінші хабарлар көбейді.


Соңғы деректерге қарағанда, әлем бойынша барлығы 160-тан астам вакцина әзірленуде, оның жиырмаға жуығы клиникалық тестілеу ке­зеңінде. Вакцина дайындаудың оңай емес екені анық. Алайда дүние жүзін тұсаулаған пандемияның салдары барлық ел билігін әуреге салды, экономиканы құлдыратып, денсаулық сақтау саласына ауыр жүк түсірді. Жағдай осылай жалғаспасын десек, тезірек вакцина жасап шығару керек. Бұл жарысқа халықаралық ұйымдар, фармацевтикалық ірі компаниялар мен ел үкіметтері де білек сыбана кірісті. Қыруар қаражат та бөлініп жатыр.
Шілде айында бірнеше зерттеу жұмыстарының жақсы нәтиже көр­сеткені ресми жарияланды. Мұндай сүйінші хабарды жеткізгендер вакцина жыл соңында дайын болып қалуы әбден мүмкін деп отыр. Бүкіл әлем жұрты осы күнді асыға күтеді. Қазір сынақтан өтіп жатқан вакциналардың барлығына үлкен үміт артылып отырғаны рас. Десе де солардың ішінде үздік үшеуі басты назарда.
Ұлыбританияның Оксфорд уни­вер­­ситетінде әзірленіп жатқан вакцинаны білмейтін адам жоқ. Шілде айының соңында ғалымдар бірінші және екінші сынақ кезеңінің сәтті өткенін айтып, алда соңғы кезеңге өтетінін хабарлады. 1077 адамға салынған вакцинаның ағзада коронавируспен күресетін анти­денелермен бірге Т-жасу­шаларын түзгені анық-талыпты.
Жалпы вакцина шимпанзелерде тұмау белгілерін тудыратын гене­тикалық түрлендірілген вирустан жасалған. Адамға салғанда инфекция тудырмау және коронавирусқа ұқсату мақсатында оны зерттеушілер әбден өзгерткен.
Осыған дейін Covid-19 індетімен күресте антиденелердің маңызы тура­лы көп айтылды, алайда бұл иммундық қорғаныстың бір бөлігі ғана. Түзілген антиденелер коро-навирустың сыртқы бетіне жабысып, оны бейтараптандырса, бұл күресте Т-жасушалар пайда болады. Олар адамның иммундық жүйесіне ви­рус зақымдаған жасушаны дәл тауып, жоюға көмектесетін қан­дағы лейкоциттің бір түрі. Тиімді вакциналар осы екеуінің де түзілуіне жауап беруі керек.
Жақында жарияланған зерттеу нәтижесінде вакцина егілгеннен кейін антиденелер 28 күннен кейін, Т-жасушалар 14 күннен кейін пайда болатыны белгілі бол­ды. Енді алаңдататын мәселе – бұл коронавирустан қорғануға жет­кілікті ме? Ғалымдар сынаққа қатысу­шылардың 90 пайызына вакцинаны бір рет салу жеткілікті болғанын айтады, ал қалған 10 пайызына 2 доза қажет болған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас зерттеушісі дәл осы Оксфорд университетінде әзір­леніп жатқан вакцинаны үздік деп мойындап отыр. Келесі – соңғы кезеңде сынақ Ұлыбританияда 10 мыңнан астам адамға жүргізіледі. Елде вирус жұқтырған адамдар саны жеткіліксіз болғандықтан, оны өзге елдерде де байқап көруді жоспарлап отыр. Мәселен, АҚШ-та 30 мың, Оңтүстік Африкада 2 мың, Бразилияда 5 мың адам вакцина алады. Оның тиімділігі жыл соңына дейін белгілі болуы мүмкін, дегенмен бастапқыда вакцина баршаға қол­жетімді болмайды.
Жақында Ұлыбритания алдын ала 100 млн доза вакцинаға тапсырыс беріп қойғанын жария етті. Алғашқы кезде денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлеріне және вирус жұқтыру ықтималдығы жоғары жасы үлкен адамдар мен денсаулығы нашар науқастарға басымдық берілмек. Барлығын ескере келе, вакцинаға келесі жылы қол жеткіземіз-ау деген қорытындыға келеміз. Алда сарапшылардың болжауы бойынша күзгі толқын мен ең салқын қыс мерзімін қауіпсіздік шараларын барынша ұстанып аман-есен өткізу мақсаты тұр. Әзірге қолымыздан келетіні – иммунитетімізді көтеріп, салауатты өмір салтын ұстану.

ВАКЦИНОЛОГИЯДА ТЫҢ ТӘСІЛ


Ұлыбританиядан бөлек АҚШ және Қытай вакциналары да ұқсас нәтиже көрсетіп, көп адамға сынақ жүргізуге мүмкіндік алып отыр. Covid-19 індеті вакцинология ғылымына көптеген тың жаңалық әкеліп, оның тез ілгерілеуіне сеп болды. Осыған дейін SARS вирусына қарсы алғашқы вакцина үлгісі 20 айда, эболаға қарсы 7 айда, зикаға қарсы 6 айда дайын болған. Дегенмен вакцина бар¬шаға қолжетімді болғанға дейін атқа-рылатын жұмыс шаш етектен.
Жалпы, вакцина ойлап тауып, оны шығарғанға дейін көп уақыт керек. Алайда қазір бізде ырғалып-жырғалып жүретін уақыт жоқ. Вакциналар 100 пайыз тиімді болуға міндетті емес. Сарапшылар олар 50 пайыз «жұмыс істесе», соның өзі эпидемияны тоқтатуға жететінін айтуда.
Енді саладағы тың жаңалық туралы айтар болсақ, жоғарыда аталғандардан басқа да үміткерлер жаңа вакцина түрін сынақтан өткізіп жатыр.
Дәстүрлі вакциналар әдетте вирустың өзін немесе кішкене бөлігін адамға егеді, осылайша біздің иммундық жүйе бейтаныс затпен күресуге кіріседі. Ал бұл жаңа генетикалық жолмен өндірілген вакцинада вирустың өзі мүлдем жоқ. Адам ағзасына иммундық жүйені күреске шақыратын шағын генетикалық кодтар енгізіледі. Вакцинаның мұндай түрі осыған дейін қолданысқа енгізілмеген.
Осы жолды таңдаған үздік үміткерлер қатарында америкалық Moderna мен Pfizer және немістің BioNTech компаниялары бар. Бұл компаниялардың бірлескен жобасының жаңа дәуір вакциналарының дәстүрлі түрімен салыстырғанда бірқатар артықшылығы да бар: вирусты өсірмейтін болғандықтан уақыт үнемделеді, бағасы арзан, ең бастысы, қауіпсіз. Өйткені жұқпалы вирус ағзаға енбейтін болған соң, жағымсыз әсері аз болады.
Шілденің соңғы күндері Moderna компаниясы үшінші сынақ кезеңін бастап кетті. Онда АҚШ-тың барлық аймағынан 30 мың адамға вакцина салынады.
Әдетте бұл соңғы кезең төрт жылға дейін созылады. Жыл соңына дейін бір нәтижеге жету үшін сынақ көрсеткіштерін қараша айында жинап, өңдей бастау көзделіп отыр. Әдетте ұзақ уақытты қажет ететін бұл процестің жылдам орындалуына кезеңдердің бір уақытта өтіп жатуы себеп болуы мүмкін. Мәселенің этикалық жағын көтерген ғалымдар толығымен зерттелмеген екпені бүкіл адамзатқа беру аса қорқынышты екенін айтып алаңдауда. Мәселен, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскерилердің сары қызбаға қарсы алған вакцинасы кері әсер берген. Мыңдаған адам сары ауруға шалдығып, кейбір жағдай өлімге себеп болған.
Кейінірек 50-жылдары АҚШ-та сапасыз вакцина кесірінен 40 мың адамға полиомиелит – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жұқпалы ауру жұғып, ол 200-ге жуық адамның өліміне алып келген. Осылайша игі істің соңы орны толмас өкінішке алып келетінін тәжірибеде көрген билік вакциналарға қойылатын талапты күшейткен. Сондықтан қауіпсіздік пен тиімділік мәселесіне келгенде маңызды процестерге көз жұмып, кейбірін аттап өтуге болмайды.

КӨБІ КЛИНИКАЛЫҚ СЫНАҚТАН СҮРІНЕДІ


Қазіргі індетке қарсы вакциналардың жылдам дайындалуына қарап, сапасына алаңдайтынымыз сөзсіз. Десе де бұл алғашқы вирус еместігін қаперде ұстайық. Осыған дейін 2003 жылы SARS және 2012 жылы MERS вирустары тудырған індеттер әлемді жайлады. Нәтижесінде вирусты зерттеушілер көбейіп, ғалымдар вакцина ойлап табуға кіріскен.
Осыдан екі жыл бұрын Оксфорд университетінде MERS вирусына қарсы вакцина үлгісі клиникалық тесті­леуге жіберілген. Ал бір жылдан кейін қазіргі вирус дүние жүзін әбігерге салды. Осылайша университет зерттеу­шілері алдыңғы вакцинаны Covid-19 вакцинасына оңай бейімдеп жіберген. Дәл осы нәрсе қазір Оксфорд университеті әзірлеп жатқан вакцинаның үздіктер қатарында болуының басты себебі.
Кейбір зерттеушілер вакцина саласына көңіл тек эпидемия кезінде ғана бөлінетінін айтады. Әлемде қазір клиникалық сынақ кезеңіне жеткен вакциналар саны көп емес. Сарапшылар көптеген үміткерлер дәл осы кезеңде сүрінетінін алға тартады.
Әдетте эпидемия кезінде адамзат тығырықтан шығатын жол іздеп, вакцина өндірісіне жан-жақтан қомақты қаражат бөле бастайды. Эпидемия баяулап, жағдай тұрақтала бастағанда қаржыландыру да тоқтайды екен. Осылайша аяқсыз қалған жұмыс еш нәтиже бермейді. Мәселен АҚШ-тың Бейлор медициналық колледжі әзірлеген SARS вакцинасы жақсы нәтиже бере бастағанда грант тоқтап қалған. Жетекші зерттеуші Питер Хотез сол кезде коронавирусқа қарсы вакцинаны әрі қарай дамыта түскенде қазір Covid-19 індетіне оңай тойтарыс берер едік дейді.
«Ауырып ем іздегенше, ауыр¬майтын жол ізде» деген сөз осы кезде ойға оралып тұр. Әр эпидемиядан кейін еш сабақ алмайтын үкіметтер мен халықаралық ұйымдар жаңа індет алдында қауқарсыз қалады.
Жалпы, жұқпалы ауруды тоқтату үшін адамзаттың көп бөлігі топтық иммунитет қалыптастыруы керек. Оған індетті жеңіп шығу арқылы немесе вакцинаның көмегімен ғана жете аламыз, шамамен адамзаттың 60-70 пайызы вакцина алуы керек болады. ДДҰ ұйғарымы бойынша вакциналардың алғашқы миллиард дозасы төмен және орташа табысты елдерге жөнелтіледі екен. Вакцинаның дайын болар күні алыс емес, ал оның қолжетімді болуы түрлі мәселелерді туындауы әбден мүмкін.

Меруерт БҮРКІТБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
04 тамыз 2020 ж. 591 0