№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сауд Арабиясына сапар

Сауд Арабиясына сапар


Бұған дейін тұрақты жүргізіліп келген «Озық отыз ел» айдарының кезекті елі – Сауд Арабиясы королдігіне сапар шегудің сәті түсті. Бұл – Таяу Шығыстағы ең үлкен ел. Сауд Арабиясының атауы басқарушы әулеттің есімімен алынған. Өздеріңізге белгілі, бүгінде жаһанда басқарушы әулеттің атауын алған Саудиядан өзге Иордания Хашимиттік корольдігі және Лихтенштейн ғана бар. Әлемдегі мұнайдың аса ірі қоры осы Саудияда орналасқан. Мұнай экспорты бойынша дүниежүзінде алғашқы орынның бірінде. Бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарында 26-орында тұрған Саудияның 3 қаласын көзбен көру мүмкіндігі туды. Бірінші Жидда. Одан кейінгісі Мекке мен Мәдина қаласы. Жыл сайын мұнда үлкен қажылық парызын өтеуге әлемнің түпкір-түпкірінен 6 млн-нан астам адам келеді. Патшалықтың экономикалық әлеуетінен гөрі руханиятын нысанаға алдық.


Хош. Алматыдан біздің мінген әуе лайнері бес сағат ұшып, Стамбул қаласының әуежайына қонды. Жылына 90 млн адам қабылдайтын «Истанбул» әуежайы мен Түркияның тынысы жайлы алдағы нөмірлерде жазатын боламыз. Әуелі Сауд Арабиясы патшалығына саяхат жасасақ. Стамбулдан ұшқан «Туркиш Эйрлайнс» әуе кемесі үш сағатта Жидда шаһарына қонды. Қонбастан алдын араб жазирасында орналасқан Жидда қаласын әуеден бақыладық. Қызыл теңізді бойлай орналасқан қаланың ұшы-қиыры жоқ. Өте үлкен аумақты алып жатыр. Ұшақтың терезесінен үңіліп отырып, әрбір қадам сайын менмұндалаған мешіттердің мұнарасы көрінді. Соңыра, қаптаған кемежайдан көз тұнады. Теңіз төскейіндегі Жидданың портты қала екенін кейіннен білдік. Ал халық саны – 4 млн-ға жуық. Ел астанасы Эр-Риядтан кейінгі үлкен қаласы осы. Жыл сайын қажылық парызын өтеуге келген мұсылман қауымының табаны бірінші Жиддаға тиеді. Біз бұл қалада ұзақ бөгелген жоқпыз. Бар-жоғы екі сағат қана болдық. (Біздің елде бұл уақытта түнгі он еді. Сағат айырмашылығы үш сағат екен) Одан әрі автобуспен Мекке шаһарына бағыт алдық. Қызыл теңізден шамамен 90 шақырым жерде орналасқан қасиетті мекенге бір сағаттан өте жеттік. Осылайша, дін Ислам тамыр тартқан өлкенің өзгеше тынысын сезініп, Пайғамбарлар мен сахабалардың табаны тиген топырақты басу бізге де бұйырды.
Айтқандай, Мекке қаласы экватор белдеуіне тым жақын орналасқан шаһар. Араб түбегі – жер бетіндегі ең құрғақ өңірлердің бірі екенін, күннің қатты ысыған шағында ауа температурасы 50-55 градусқа дейін жететінін естігеніміз бар. Алайда естіген бір бөлек, сезінген тіптен басқа екен. Ауылдан қақаған аязда шығып, қасиетті қалаға жеткенде 30 градус ыстыққа тап болдық. Аптап ыстық деген аты болмаса, қажыларға барлық жағдай жасалынған. Автобустың ішінде желдеткіш тұрақты жұмыс істеп тұрса, қонақ үйдің ішінде де салқындатқыш бір үзілген емес. Біз таңдаған «Қызмет-Саяхат» қажылық компаниясы «Әл-Дана» атты қонақ үйіне жайғастырды. 20 қабаттық қонақжайдың сервистік қызмет көрсету сапасы өте жоғары. Әрбір бөлмеде орналасқан алып теледидар арқылы қасиетті Қағбадағы құлшылық тікелей эфир арқылы көрсетіліп тұрады. Байқағанымыз, 24 сағат бойы Алла үйінен адам саны азайған емес. Талмай тауап жасап жатқан қажылардың есебінде шек жоқ. Шынын айту керек, Мекке шаһарына келгеннен бастап, қонақ үйде аяқ созып жатуға уақыт болмады. Бар ықыласың құлшылыққа ауып, кешкі асқа қонақ үйге келесің. Тамақтанып болған соң, түнгі құлшылыққа қайта аттанасың. Мұсылман әлемінің барлық елінде күнделікті 5 уақыт азан шақырылса, Меккеде күніне 6 мәрте азан шақырылады екен. Алтыншы азан таң намазының алдында айтылады. Түнгі тахажжуд намазының уақыты кіргенін хабардар етеді.
Мекке таулы аймақ болғандықтан біз көрген қонақ үйлер мен көп қабатты үйлердің басым бөлігі қопарылған таулардың орнына бой түзеген.
Бір ерекшелігі, көп қабатты тұрғын үйлердің терезесі жоқ десе де болады. Бар. Бірақ өте кішкентай. Мұның себебі, Мекке шаһарында жыл он екі ай ыстық болатындықтан терезені мейлінше кішірейтіп салған. Шаһарда қонақ үй мен мешіт өте көп. Тіпті таулардың арасын тесіп өткен жерасты жолдарына да алып желдеткіштерді орнатып қойған. Біздің елдегі қымбат көліктер ол жақта такси қызметінде. Сапар барысында көлікке қатысты гидтен қызықты жайтты естідік. Егер жергілікті арабтардың абайсызда көлігі соқтығысып қалса: «Маған Алланың назары түсті. Кешіңіріз» деп сынған машинасын дауламастан өз жөнімен кете береді екен.

ҚАҒБА МАҢЫНДАҒЫ ҚАРБАЛАС

Қасиетті жерге барып, әйгілі әл-Харам мешіті жайлы сөз қозғамау айып болар. Қасиетті мекенге келгеннен кейін ең әуелі умра қажылығымызды өтеуге «әл-Харам» мешітіне бардық.

Білесіздер бұл әлемдегі ең үлкен мешіт. Бір мезетте 1 миллион 200 мың адам намаз оқи алады. Айтқандай, неге «Харам» мешіті деп аталады? Ихрамға оранған адам Меккеде аң ауламайды, харам аймағында өсіп тұрған ағаш не шөп сындырмайды. Тіпті жәндіктерге де зиян келтірмеуі тиіс. Яғни бұл қасиетті аймақта әдеттегі жақсылықтарға анағұрлым көп сауап берілсе, жамандықтарға да өте көп күнә жазылады.

Әл-Харам мешітінде оқылған бір намаз, басқа мешіттерде оқылған 100 мың намаздан артық. Әлгінде айттық, Қағбаны айналып, тауап жасаушылар легі бір толастаған емес. Жалпы Қағба салынғалы қанша заман өтсе, сонша уақыттан бері үздіксіз қозғалыс үстінде.
Әл-Харам мешітінің ауласы мен барлық қабатында зәм-зәм суы бар шағын бөшкелер орнатылған. Жылы және салқын. Қалағаныңызша ішесіз. Тойып ішкен абзалырақ. Бізді бастап барған гидтің айтуынша, зәм-зәм суы қазіргі Қағбаның тура жанына пайда болған. Ислам тарихына үңілсек, Ибраһим (с.а) пайғамбар Ажар анамыз бен ұлы Исмаилды: «Маған Алла сендерді осы жерге қалдыруымды бұйырды» деп, тастап кетеді. Қолдарында бір шөлмек су мен 4-5 түйір құрма ғана қалады. Ол кезде Исмаил әлі нәресте. Бірде Ажар анамыз талғажау боларлық тағам іздеп, әуелі Сафа төбешігіне шығады. Бірде-бір ағаш, қураған шөп те көрінбейді. Кейін Мәруа төбешігіне шығады. Онда да ештеңе жоқ. Осылай әрі-бері жеті мәрте жүгіреді. (қажылықтағы Сафа-Мәруа арасындағы жүру осы оқиғадан тамыр тартады). Алланың құдіреті шексіз ғой. Жерде жатқан сәбиінің аяқтарының астынан мөлдір су шығып жатады. Тезарада жүгіріп барып, суды бір жерге жинақтап, шөлмегін толтыруға тырысады. Сол сәтте алдынан Жәбірейіл (с.а) періште көрініп, мұның қарекетін бақылап тұрады. Ажар анамыз суды жинақтауды ойлап, «Зәм» (жинал, тоқта деген мағына береді) дейді, тіпті «Зәм! Зәм!» деп айқайлап жібереді. Жәбірейіл (а.с) сонда: «Қоя бер, ақсын! Бұл су енді үнемі ағады, еш таусылмайды» дейді. Сол кезден бастап бұл су зәмзәм аталып кетеді. Бұл жөнінде хадистерде: «Жер бетіндегі құдықтардың ең қайырлысы – Зәмзәм құдығы», «Қасиетті Зәмзәмді қандай дертке ем болсын деп ішсеңіз, соған шипасы тиеді» делінген. Сондай-ақ зәмзәмді ішетін кезде құбылаға қарау қажет. Бісміллә айтып түрегеп тұрып және шөл қанғанша ішкен абзал. Зәмзәм суын ішіп айтылған дұға қабыл болады. Жәбірейіл (а.с) періште айтқандай, бұл судың еш таусылмайтыны хақ. Қанша көлемде алса, қайтадан сонша су орнына келіп, толып тұрады.

ЗӘМЗӘМ СУЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА НЕ БАР?

Бұл сұраққа бізді бастаған жолбасшысымыз жауап берді. Гидтің айтуынша, Пәкістандағы «Хадж» оқыту орталығының аналогты зерттеулерінің нәтижесінде зәмзәм суының ерекшелігі ешбір суға ұқсамайтындығы дәлелденген. Зерттеу нәтижесінде зәмзәм суынан бірде-бір микроб табылмаған. Қаншама ыдыс, құбыр арқылы тасымалдаса да құрамы еш бұзылмаған. Үнемі тап-таза күйінде қала береді. Ал еуропалық зертханаларда Зәмзәм суын зерттеу нәтижесінде басқа суларға қарағанда зәмзәмда кальций тұзы мен магнийдің көптігі анықталған. Оған қоса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымыда зәмзәм суы әлемдегі ең таза су деп дәлелдеген. Міне осындай бай тарихы бар зәмзәмді молынан ішу бақыты бұйырды. Елге тек 5 литр ғана зәмзәм алып қайтуға рұқсат. Қажыларға 5 литр зәмзәм Сауд Арабиясы королінің сыйы ретінде беріледі. Иә, шөлдің қақ ортасында орналасқан, 4 мың жыл бойы бұзылмастан, ластанбастан, балдыр баспастан аққан қасиеттің зәмзәм суы жыл сайын қажылық пен умра үшін келетін миллиондаған мұсылмандарға толыққанды жетуде. Бұлда бір Алланың құдіретінің шексіз екенінің белгісі.

Әбдісамат ӘБДІШ


28 қаңтар 2020 ж. 772 0