21 мың: ауласы биік қорғанмен қоршалған дәулетті кісілер
Қоғамның әлсіз топтарын демеуде 2002 жылдан бастап Үкімет атаулы әлеуметтік көмекті тағайындап, саяси да, экономикалық та аспектілерді қалыпты ұстауды назардан тыс қалдырған емес. Соңғы бес жыл көлемінде ішкі жалпы өнімнің өсуі жоғарылады десек те, жалақының төмендігі, инфляцияның ырықтандырылмауы жағдайды күрделендіре түскенін жоққа шығара алмаймыз.
Халық жағдайын жақсартудың барынша тиімді атмосферасын қалыптастыруға бағытталған жан басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысты иеленетін отбасыларға 21 мың теңге жәрдемақы тағайындау мәселесі өткен жылдың сәуір айынан бастап нақты қолға алынуының өзі елімізде әлеуметтік мемлекет құруға бағытталған прогрессивтік қадам екендігімен әрбір ұлтын сүйетін, оның келешегіне алаңдайтындардың көңіліне сәуле отын ұялатқан болатын.
Әрбір азамат кедейліктен бостан болу керек. Ел басшылығының жасап отырған қамқорлығы осыған саяды.
Қоғамның әрбір саналы мүшесі өз отбасын кіріптарлықтан, мұқтаждықтан құтқару үшін не істейді? Өз шама-шарқына қарай, мамандығы бойынша кәсіп іздеп, соны ары қарай дамытуға қарекет қылады. Бір тұрақты кәсіпке ие бола алмай, отбасына ай сайын кіріс болмаған соң жанұясының хал-ахуалы кейіндеп, көштен қалыңқырап бара жатқан кембағап отбасыларға Үкіметтің мына көрсетіп отырған көмегі көп демеу ғана емес, жарылқаудың нағыз жарқын үлгісі. Қадіріне жеткен әр тиынын қажетіне жұмсап қана қоймай, бір теңгесін екі етудің амалына көшсе қандай жарасымды. Біреуге иек сүйемей, өз еңбегімен аяққа тұрып кеткісі келетін намысшыл жандардың жәрдемақыны жайбарақат жаратқаннан бұрын қолға түскен қаржымен көзін тауып қарекет қылып, жанұя күнкөрісін қамтамасыз етумен қатар көңілі сүйген кәсіпке негіз қалауға ұмтылып жатқаны көңіл сүйсіндіреді.
Әркімнің ризық-несібесі ниетіне байланысты. Кедейлік те солай. Жоқ-жұқананың меншігіне ортақтасып, мұқтаждың кейпіне еніп, көмек алуға кезекке тұрғандар қатарында қос-қос үйі, көлігі, басқа да иеліктері бар ағайын осы жағын бір ой елегінен өткізіп, өз келешегіне қиянат келтіруден сақтана жүру керек. Ақыл-өсиетіміздің асқандығынан емес, оқып-тоқығаннан, мың жылдар өтсін мейлі өзгермес өмір қағидасына ой қанықтырғаннан айтамыз.
Кедейлік деген не? Басыңда баспанаң бар ма, жаныңда әйелің бар ма, саулығың қалпында ма, сен кедей емессің. Көктен түскен кітап осылай түйіндейді.
Сүлеймен әлейассалам өзімен көршілес құлағалы тұрған ескі үйде тұратын жігітті іздеп барады. Айтпағы, өзінің зәулім сарайының ішінен оған баспана ұсыну ниетін білдірмек еді. Жігіт күн сайын орманға барып ағаш кесіп, оны әкеп сатып күнелтетін. Бір айнымайтын дағдысы, өзіне алған екі күлшенің бірін садақа етіп біреуге ұсынатын. “Қазіргі жағдайымда шамам осыған ғана жетеді ғой” деп өзін жұбататын. Сүлеймен алейассаламның ұсынысынан бас тартты, себебі оның «ол кезде менің қарыздарым ұлғаяды, шүкіршілігімді қалай өтеймін» деп уайым жүктеп алудан тартынып тұрғаны айдан анық еді. Міне, жүректің тазалығы деп осыны айтамыз.
Ал енді бүгінге келейік. Кешегі 21 мың теңге жәрдемақыға құжат тапсырған қазақстандық қатарының 73-мыңнан астамының жалғандыққа барғаны анықталып, 156 млн теңге қаржы мемлекет қазынасына қайта құйылды.
Бұл нені білдіреді? Ілім-біліміміз артып, өріс-көкжиегіміз кемелдене түскенімен кісілігіміз кеміп, пенделіктің құлына айналып бара жатқанымыздың көрінісі деп түсіндік мұны.
Осы бағытта өз өңіріміздің жай-күйін білмекке тиісті орындармен хабарласқан едік.
– 2019 жылы сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған тізімде табысын жасырған 572 отбасы анықталып, бюджетке кері қайтарылатын 22 849,7 мың теңгенің мөлшері нақтыланды, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығы директоры Жаңабек Тұрлыбеков.
Атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш иелерінің отбасы жағдайын зерттеп-зерделемек мақсатында құрылған арнайы комиссия құрамында кент әкімшілігінің бас маманы Гүлдана Абдреймова былай дейді:
– Жиырма бір мыңды алуға қол жеткізген жанұялар қатарында екі қабатты зәулім сарайы, “Джип” көлігі бар, атшаптырым ауласы қымбат бетонмен қапталып, биік қорғанмен қоршалған дәулетті отбасыларды кезіктіргенде не дерге білмей тілімізді тістедік. Үй иесінің уәжі кісіні жаңылдырады. “Жағдайым мүшкіл, айлық алып жатқаным жоқ. Табыс кірмейді. Бұл көріп тұрғандарың бұрынғы табысым, қазір жұмыссызбын, міне, құжатымды көр, бір тиын да табыс кірмейді”.
Құжат бойынша солай. Бірақ бір басындағы қымбат көлік, жылжымайтын мүлкі есепке саналмай ма? Атаулы әлеуметтік көмек артық-ауыс мүлкі жоқ, қолы қысқа, табыс көздігіне келгенде тұйыққа тіреліп тұрған тұлғаларға демеу үшін беріледі. Өмір бойы асырап-бағу мұрат емес, аяғынан қаз тұрып, қоғамға бейімделіп кеткенше қолдауға негізделген. Ал енді мына азаматтың нән көлігінің өзі неше кәсіпке негіз қалап бере алады. Оны сатып қорасына мал бітірсе ғой. Атакәсіп аяққа тұрып кеткелі тұр. Мейлі, басқа амалдарын іздестіріп көрсін. Бірақ кедеймін деп әлеуметтік ахуалы төмен жұртшылықтың нәпақасына жармасқаны жараса ма? Мұндай отбасыларды тізімнен сызып тастауға мәжбүр болдық. Олар мемлекеттен алғанын қайтарып жатыр.
Маман пікіріне қосарымыз, қазірде Үкіметтен қандай қолдау шаралары болмасын, оған қол жеткізуде қарапайым әлеуметтің шынайы әл-ахуалдан бұрын қолдан жасалатын құжаттарға көбірек иек артатыны қынжылтады. Және көбінде сондайлардың жолы болып кетіп жатады. Бірақ бір айқын нәрсе, жалғандықпен қалтасын қалыңдатқанмен шыр бітпей, бір жағынан шығып кетіп жататынын пайымдаса ғой дейсің.
Осы әлеуметтік көмекті алуға лайықты бір мұқтаж азаматымыздың мына тірлігі кісі күлерлік. Ол былтырғы жазда ауыл шаруашылық қолдау қорынан 6 пайызбен қарындасының қорасындағы малын көрсетіп, миллиондап қаржы алған. Өз есік алдында малы жоқ, айналдырған шаруасы тағы жоқ, жәрдемақыға қам қылайын десе малым бар деп құжат жасатып өкіметті алдаған өтірігі алдынан шығайын деп тұр. Сонымен құр алақан шарасы құрып жүр. “Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам” деп осындайда айтылса керек.
Осындайда “Алла ешкімге зұлымдық қаламайды” Адамдар өз-өзіне істеген күнәлары есебінен қиындыққа ұшырайды” деген хадиске жүгінуге тура келеді.
Бүгін көшеге шыға сала Гүлсім атты көршімді кездестіріп қалдым. Әңгімелесе келе: “Жәрдемақыға іліктің бе?” деп сұрадым тақырып ауанына қарай. Бір алса осылар алуы керек қой деген үмітпен. Күйеуінен жастай қалып, бес баланы өзі бағып-қағып жетілдірді. Мектеп бітіре сала аналарына қолқанат болуға жараған ұл балалары бір-бір кәсіпке жегілді. Бала-шағасымен қам қылып, жаңа үйдің қабырғасын тұрғызып, бітіріп кірудің қамымен жүргеніне 4-5 жылдың жүзі өтті.
– Жоқ, жиырма бір мың теңгеге қол жетпеді. Екі баламның да айлығы – 40 мың теңге. Өзім 28 мың теңге пенсия аламын. Қызымды оқытып жатырмын. Алты жанға шаққанда 17 тиын асып кетті. Сөйтіп ілікпей қалдық. Балаларым: “мама, керегі жоқ, уайымдамаңыз деді” – дейді ол тоқмейіл пейілмен. Қарғадайынан қанағат қылып үйренген жас түлектің бойындағы осындай ынсап-таупиық көбіміздің қанымызда жоқ-ау. Нақ осы жерде құжатты қолдан түзетіп, сәл демеп жіберсек, сөз басқа болар еді. Ондайға келгенде цифрға сауысқандай сақ келетіндердің үйдей заңсыздықтарға үндемей жол беріп отыратыны қайран қалдырады.
Жаңа жылдан бастап көп балалы отбасыларды қолдаудың тұғырлы тетігі ретінде әр балаға 10 мың 600 теңгеден жәрдемақы қарастырылмақ. Бұл бағытта Үкіметтен 390 млрд теңге бөлініпті. Ал атаулы әлеуметтік көмек мәселесі хал-жағдайы демеуді қажет ететін мұқтаж отбасыларына қоса тағайындала береді.
Осы орайда өз ауданымыздан атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасы атынан Ишан Абдулла ағамыз былай дейді:
– Ел Тәуелсіздігін алуымен туған Отанымызға қайта оралудың сәті түсіп, алғаш табан тіреген жеріміз – Жаңақорғанда өсіп-өркендеп келеміз. Бүгінде 6 балам бар. Үлкен қызым Алматы қаласында колледжде оқиды. Қалған балаларым мектепте, сабақты жақсы оқиды. Отырған үйіміз – бұрынғы әскери комиссариаттың жайы. Биыл жеке меншігімізге өткізіп беруге әкімшілік уәде беріп отыр. Осы кезге дейін Үкіметтен берілетін жәрдемақыға иек артып келе жатқанымыз рас. Арманым – өз алдыма кәсіп жасап, бала-шағамның болашағын қамтамасыз ету. Ең сенімді де, өзіңе де жеңіл әрі таза жол – осы. Осы мақсатта тиындап жинап, тігін машинасын сатып алып едім. Біз Түркияда тері материалынан неше түрлі тон, тымақ, аяқ киімдер тігіп үйренгенбіз. Кәсіпті аяққа тік тұрғызу үшін жаңа машина сатып алғым келеді. Құны 400 мың теңге тұрады. Менің түркістандық таныстарымнан алған екі бірдей ескі машинама бөлшек табылмағандықтан қаңтарылып бос тұр. Шымкентте тері өңдейтін зауыт бар. Кірсең шыққысыз. Көзін білетін кәсіп болған соң құр таңданып, бос қайтамын. Қаражат көзін тауып, осы істі бастандырсам деп қатты үміттенемін, – дейді ол.
Мемлекеттің де көздегені осы. Әркім жәрдемақыға иек артпай, жарқын келешекке өз беттерінше амал-әрекет жасауына жол ашып беруге барлық мүмкіндікті қарастырып жатыр. Жас талаптарға қайтарымсыз қаржы берілуде.
Бұл жобалардың дені ел ертеңін кіріптарлықтан арашалап, келешекті кемел кісіліктің тұғырына жетелейтін жарқын қадам деп түсінсек жаңылмаймыз.
Баян ҮСЕЙІНОВА