2008 жыл: алып бала дүниеге келді
«Тәуелсіздік тұғыры» атты айдармен әр жылдары болған қызықты оқиғаларды рет-ретімен ұсынып келеміз. Мұрағат пен газеттің ескі тігіндісінен қызық ақпаратқа көзім түсті. Ұлттың ауыз әдебиетінен тау көтерген Толағай, кесек денелі Кендебай, алып болмысты Алпамыс туралы дерекке қанығамыз. Міне, осындай алып сәби 2008 жылы біздің ауданда дүниеге келді.
Расында, қазақтың генінде іріліктің элементі бар. Мұны рекордтар кітабындағы ақпараттар растайды. Қазақстанда ең алып бала 9 келі 400 грамм салмақпен 1984 жылы Шығыс Қазақстанда тіркелді. Бірақ оның өмірі қысқа болып, 6 сағат қана өмір сүрген-ді. Одан кейін 2001 жылы Талдықорғанда 6 келілік нәресте дүниеге келді. Мұны дүние жүзілік балалар ұйымы растап, Қазақстанның рекордтар кітабына енгізді. Арада бірнеше жыл өткен соң, 2004 жылы Алматыда салмағы 6 келі 60 грамм болатын алып батыр дүниеге келді. Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында босанған әйелге ота жасалды. Орталық мамандарының айтуынша, әдетте ауыр салмақты балалар отбасында екінші не үшінші болып туылады, ал бірінші болып туылуы өте сирек кездеседі. Тәбеті жақсы болып, тез салмақ қосып, он күнде 7 келі 700 граммға жеткен. Ата-анасы тұңғышының атын Ернар деп қойды. Статистика бойынша соңғы жылдары «алып балақайлардың» саны артып келеді. Мысалы, аталған орталықта бір жылда үш жүзге жуық бала төрт килограмнан аса салмақпен туған екен.
Қазақстанның рекордтар кітабының алып сәбилер көрсеткіші 2008 жылдан бастап еш өзгеріссіз қалуына жаңақорғандық нәрестенің салмағы себеп болып отыр. Анығын айтқанда сол жылы 5 мамырда 6 келі 600 грамм, бойы 66 сантиметр ұл тіркелді. Жарты әлемді жаңғыртқан оқиға ізімен елдің ең кішкентай рекордсменін іздеп, Екпінді ауылына ат басын бұрдық. Көптің қызығушылық туындатқан нәресте бүгінгі күні қайда? Қандай ерекшелігі бар? Осындай сауалдарға жауап алуға тырысқан едік.
Екпінді ауылының тұрғындары біз іздеген Мұхамедқанапия Оразды жақсы таныды. Әкесі ауылдағы мешітте имам әрі мектепте ұзақ жыл қызмет еткенін айтып, үйін көрсетіп жіберді. Ауласы мәуелі ағашқа толы үйдің сырқы есігін қаққанда кейіпкердің өзі бой көрсетіп:
– Ассалаумағалейкум, төрлетіңіз! – деді қол ұсынып.
– Бар бол, өренім! Алпамыстай тау тұлға екенсің, – деп таңданысымызды жасыра алмадық.
Жасы он үштегі жасөспірімнің бойы да, ойы да биік. Сыныптастарынан әлде қайда сұңғақ, салмақты екені аңғарылады. Қатарлас достары 48-50 келі болса, біздің кейіпкердің салмағы 68 келіден асады. Осындай алып баланы өмірге әкелген анасы Гаухар Сәрсенова кеудеге күміс алқа таққан ана. Төрт ұл мен 2 қызы да ірі салмақпен өмірге келіпті. Бұл туралы ақжарқын ана:
– Әулетіміздің барлығы дерлік ірі, кең иықты, балуан болмысты. Өзімнің перзенттерім де бес келіден кем болған емес. Сүт кенжем Мұхамедқанапия жеті келіге жуық болып өмірге келді. Әрине, жүктілік кезінде үлкен салмақты баланы аман-есен босану уайым болды. Қазіргі кездегідей медицина дамымаған шақта, ескі перзентханада өмір мен өлім арасында арпалыстық. Әуелі Жаратқан, одан соң маңдайыма қазақтың алып баласын тәрбиелеу бұйырды. Осыған шүкіршілік етемін, – деді.
Осы тұста әкесі Нағашыбек Боранбаев сөзге араласып:
– Шежіреден тарқатсам, тұқымымда батырлар жетерлік. Тойғылы мен Тоғызбай деген аталарымыз елге әйгілі батыр, әрі би болған деседі. Өз атам Боранбай да соғыста ерен ерлік көрсеткен, өз заманының балуаны болды. Әлі де батырлар ізі жалғасады деп ойлаймын. Кенжемізді батырлық пен қатар білімді болсын деп ғалым Шоқан Уалихановтың құрметіне Мұхамедқанапия деп есімін қойғанмын, – деді.
Сегізінші сынып оқитын оқушы өз ойын ортаға салды.
– Мектепте қол күресінен менен асып түсер мықты жоқ. Алайда, әкем сабағымды күнде қадағалап, үздік оқуымды талап етеді. Қатарластарым менің күш иесі екенімді құрметтейді, – деді.
ТҮЙІН. Қаламгер Қалмахан Әбдіровтің «Алып бала» әңгімесіндегі кейіпкерге болмыс-бітімі ұқсас, оқиғалары жақын келетін екпінділік Мұхамедқанапияның қылығына сүйсіндік. Қазақ баласына тән қарапайымдылық, байсалдылық пен жүректілікті байқадық. Имандылықты бойға сіңірген жастың өмірде өз жолын табарына сендік.
Мақпал МАРҚАБАЙ