№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұпай ұстатпаған бұрымды волейболшылар

Ұпай ұстатпаған бұрымды волейболшылар


Аудан волейбол спорты сөз болғанда байкенжеліктерді айтпай кету мүмкін емес. Биыл «Ақ бидай» ойындарында осы спорт түрінің спортшылары абыройымызды асырған еді. Олардың еңбегі ұшан-теңіз, Алтын күз спартакиадасының осы спорт түрлерінің жалауы Байкенже ауылында желбіреді. Батырқожа Бабаев бапкерден тәлім алатын қыз-жігіттер еншімізге алтын мен күмісті салып берді. Жарысты жігіттер бастады, топтық сында аралдық волейболшылармен жолыққан біздің команда 2:0 есебімен басым түсті, одан кейін Шиелі командасын 2:1 есебімен жеңіп, жартылай сынға жолдама алды. Ол жақта Қазалы құрамасы күтіп тұрған, оларды да 2:0 ееебімен ұтып, ақтық сынға өтті. Ал, тартысқа толы финалда жаңақорғандықтар Сырдария спортшыларына 2:1 есебімен есе жіберді.
– Сәл ғана сәттілік жетпеді, бір табан жақын тұрған едік. Ештеңе етпейді, келер жылы кеткен есені қайтаратын боламыз. Өз алаңымызда өтіп жатқаннан кейін жігіттерде аздап қобалжу болды. Қанша көрермен, жерлестер көріп отыр, жауапкершілігі ауыр болады. Бұйырғаны күміс, ал, қыздардың қарқыны күшті, барлық қарсыласқа ұпай бермеді, – деді аға жаттықтырушы Батырқожа.
Иә, қыздар алдымен Қармақшы құрамасын, одан кейін Жалағаш бұрымдыларын ұтты. Жартылай сында Арал аруларына да бас көтертпеді. Ал, ақтық сында Сырдария спортшыларымен жолығып, жігіттерде кеткен есені қыздар қайтарды. Қорытынды есеп 2:0, біздің пайдамызда. Расында, ешқандай қарсыласқа ұпай сыйламаған бұрымды волейболшылар нағыз бабында тұр екен.
– Дайындық жақсы болды, барымызды көрсеттік, тер төгіп, күшімізді алаңда қалдырдық. Ойындардың нәтижесін көрдіңіздер, бізге берілген тапсырма да осы еді. Қарсыластарға ұпай ұстатпадық, бұйыртса облыстық додада да алтын тұғырдан көрінуге жұмыс жасайтын боламыз, – деді жарыстың үздік ойыншысы Аружан Қалдыбек.
Айта кететіні, Аружаннан бөлек, Динара Мәуіт те жарыстың көзайымына айналды. Ол облыс құрамасының белді ойыншысы.
Қосымша ақпар, Ақтау қаласында өткен «Ақ бидай» республикалық VII ауыл спорт ойындарында волейболдан қыздар арасында Сыр командасы қоламен оралды. 12 команда бақ сынаған спорт додасында Қызылорда облысының құрамасында Жаңақорған ауданынан 5 қызы өнер көрсетті. Сейдан Әселхан, Мәут Динара, Асанова Сандуғаш, Әбіл Инабат және Бердіқұл Айгерім.Үздік ойын көрсеткендер Сейдан Әселхан мен Асанова Сандуғаш болды.
03 қараша 2021 ж. 510 0