Қазақ балуандарын қандай жарыстар күтіп тұр?
Бірлескен күрес әлемінің (UWW) ресми сайтында келесі жылы Токиода алауы тұтанатын Олимпиада ойындарының жолдамалары сарапқа салынатын турнирлердің тізімі жарияланды. Біздің балуандарды қандай мүмкіндіктер күтіп тұр? Осыны бір саралап өтейік.
Қазақстан құрамасы бес бірдей байрақты бәсекеге қатыса алады. Олардың барлығы да келесі жылдың алғашқы жартысында өтеді. Алдымен күрес саңлақтары 4-7 наурыз аралығында Римде бас қосады. Байрақты бәсеке ұзақ жылдар бойы айтулы федерацияда вице-президенттік қызметті атқарған Маттео Пелликонені еске алуға арналған дәстүрлі халықарылық турнир. Ал, 9-11 сәуірде Алматыда сары құрлықтың сайыпқырандары бозкілемде жиналса, 12-17 сәуірде Алатау баурайында Азия чемпионаты өтеді.
Міне, керемет мүмкіндіктердің бастамасы. Өз елімізде, өз жанкүйерлеріміздің көз алдында өтетін қос бірдей байрақты бәсекеде жерлестеріміз барын салып айқасып, көздеген мақсаттарына қол жеткізуге тиіс. Одан кейінгі жарыстарда лицензияға иелік ету қиындай түседі. Себебі, 6-9 мамыр аралығында Софияда тұсауы кесілетін әлемдік іріктеу турнирі мен 8-13 маусымда Варшавада ұйымдастырылатын рейтингтік жарыста төрткүл дүниенің әр қиырынан жиналған мықтылар күш сынасады. Не десек те, барлық салмақтан жолдама алуға тиістіміз. Ал олимп шыңын бағындыру ол бөлек мақсат.