Қаратөбеге де көпір қажет
Қаратөбе ауылындағы негізгі екі мәселенің бірі – электр желілерінің тозуы. Аудандағы электр желілерін жаңғырту мәселесін шешу мақсатында 2022-2023 жылдары жалпы құны 5,9 млрд. теңгені құрайтын 20 жоба әзірленді. Оның ішінде Қаратөбе елді мекенінің электр желісін жаңғырту жобасы да бар. Жоба құны – 368,4 млн теңге. Демек, ауылдағы жарық толық жаңарады. Ал көпір мәселесі алдағы уақытта шешіліп қалады деген үміт бар, өйткені, ауылдың бүгіні мен болашағы сол ескі көпірге байланысты болып тұр. Одан бөлек, ыза су барлық ауылдың бас ауыртатын мәселесіне айналды. Канал қазу, тазалау жұмыстары жыл сайын кезең-кезеңімен жүргізілуде, бірақ кей ауылдарда мәселе бар.
– Шыны керек, барлық ахуал қаржыға келіп тіреледі. Біз облысқа, жоғары билікке барлық жағдайды қағаз жүзінде белгілеп, қажеттіліктерді дәлелдеме арқылы түсіндіреміз. Олар да мүмкіндігінше тиісті қаражатты қарап, қолдау көрсетуде. Қуанышты жаңалық бар, су ресурстарын жаңғырту бойынша 2024-2028 жылдарға арналған жоба қолға алынды. Жоба аясында аудандағы канал, көпір мәселелері, сондай-ақ тік дренажды ұңғымалардың мәселесін тізімге енгізіп қойдық. Бұйырса, алдағы уақытта бұл мәселелер оң шешімін табады деп сенім артып отырмыз, – деді «Жаңақорған сушар өндірістік учаске» басшысы Ә.Ахметов.
Ауылдағы №21 «Аққайың» бөбекжай бақшасының ғимараты мен ішкі жылу жүйелерінің тозуына байлынысты жылу жүйесі қалпына келтіріліп, тұрақты берілуде. Ауыл әкімінің жаңа жобаларға ұсыныс берілмегеніне ескерту айтылды.