№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Құрылыс қарқыны: сапа – басты назарда

Құрылыс қарқыны: сапа – басты назарда

Өңірдегі салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс сапасына бақылау күшейді. Осы аптада аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев аудан, ауыл-аймақтарда жүргізіліп жатқан құрылыс обьектілерінің жай-күйіне ден қойды. Сәрсенбі күні Жаңақорған ауданына ат басын бұрған облыс әкімі жауапты сала өкілдерімен бірге құрылыс барысымен танысып, нақты міндеттер жүктеді.
Соңғы екі жылда Сыр өңіріндегі құрылыс индустрия саласы жоғары нәтиже көрсетіп, республика бойынша көш бастап тұр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында Қызылорда облысының құрылыс саласының бюджет көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 5 есеге артқан. 2024 жылы 189 жобаны жүзеге асыруға 134,8 млрд теңге бөлініп, жарқын жобалар қолға алынды. Жыл басынан бері медицина, білім, спорт, мәдениет, инфрақұрылым, тұрғын үй құрылыссы және өзге де әлеуметтік салаларда алға жылжу бар. Қалада да, елді мекендерде де жаңа ғимараттар бой көтеріп жатыр. Оның ішінде, білім мен денсаулық сақтау саласына басымдық беріліп, көптеген нысандар ел игілігіне беріліп келеді.
2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысанын салу көзделген. Өткен жылы олардың 16-сы ел игілігіне табысталса, биыл 11 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ бүгінде емхана мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана салынуда. Өңір басшысы бастаған делегация алдымен Төменарық ауылындағы салынып жатқан дәрігерлік нысанның құрылысын көрді. Нешеме жылдан бері ауыл тұрғындары өкілетті органдардың алдына аурухана мәселесін көлденең тартып келген еді. Көп күттірген мәселе оң шешімін тауып, аурухана құрылысы биыл басталып, аяқталуға жақын. 15 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана ғимаратының бүгінде сыртқы-ішкі қабырғалары сыланып, әрленіп, есік-терезе орнатылған, еденге керамикалық тақта төселіп, сырты қапталған.
Аймақ басшысы тиянақты тірлікке оң баға беріп, құрылысты одан әрі сапалы, өз уақытында бітіруді тапсырды. Жұмыс аяқталуға жақын, ғимаратқа газ жүргізуге де едел-жедел кіріскелі отыр. Жақын күндері ел игілігіне берілетін аурухана Төменарықтың халқына ғана емес, осы аумақтағы Сүттіқұдық, Екпінді, Сунақата, Қожамберді ауылы тұрғындарына да дәрігерлік көмек көрсетеді. Ең бастысы, ауылға “көгілдір отын” келді, енді жаңа ғимарат газбен қамтылып, емдік сауықтыру медициналық құрал-жабдықпен қамтылмақ.
Аймақ басшысы одан әрі Жаңақорған кентіндегі 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебінің», «Руханият орталығының» және теміржол үстінен өтетін көпір құрылысының жұмыстарымен танысты. Биыл облыс аумағында 34 білім мен тәрбие нысанының іргетасы қаланды. Әрбір ауданда оқушылар үйі бой көтеруде. Ауданымыздағы екі қабатты ғимараттың ішкі қабырғасы сыланып, әрленіп, терезелері орнатылып біткен. Сыртын қаптау және сәулеттендіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жалпы құны 11 млрд 500 млн теңгеге есептелген, тәулік бойы жұмыс жасайтын кітапханасы бар «Руханият орталығы» желтоқсан айында толық іске қосылады. Қазір ішкі және сыртқы сылақ, әрлеу жұмыстары, шатырын жабу қолға алынған. Аталған нысанның бас мердігері – «Астана сервис LTD» ЖШС. Өңір басшысы орталықтың қазіргі жұмыс барысын көріп, сапасына баса мән беру керектігін ескертті. Көпшілік іс-шаралар мен конференциялар өтетін орталықтың сәулеттік келбетінде де кемшіндік болмауы керек.
– Әрбір құрылысы жүріп жатқан нысанның сапасы қатаң бақылауда болады. Құрылыс саласындағы кемшілікті қалпына келтірмей қабылдай алмаймыз. Ортақ игілігіміз көп жылдар еншісінде сапалы кәдеге асуы үшін құрылыстың барлық талаптары сақталуы керек. Жаңа ғимараттың межеленген уақытында қолданысқа берілуін де басты назарда ұстау қажет. Мұны ескерту ретінде айтып келемін, сондықтан халық үшін жасалынып жатқан әрбір жұмыс жүйелі, сапалы болуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым желісін тарту бойынша 78 жоба жүзеге асуда. Осы жобалардың ішінде көпір мәселесі де өте өзекті. Биыл аудан орталығында іргетасы 80-жылдары қаланып, аяқталмай қалған көпір қайта жаңғырып, құрылысы басталды. Ұзындығы 76, ені 15,4 метрлік теміржол үстінен өтетін көпірдің құрылысы сапалы жалғасуда дейді іс басындағылар. Бетондау, шкафтық қабырғалары мен шеткі плиталарын ауыстыру, тротуар блоктары мен жарық бағаналарын орнату, ГПС, щебень, асфальт төсеу және тағы басқа жұмыстары аяқталған. Көпірге дейін 1,2 шақырым жол салынды. Мердігер мекеме – «Сервис НС», бас жобалаушы – «ТОП Геодезия» ЖШС.
Облыс әкімі құрылысқа жауапты басқармаға, аудан әкімі мен мердігер мекемелерге сапаға баса мән беріп, құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтауды ескертті. Одан бөлек, кентке көрік беретін жерлерді, ғимараттарды ретке келтіріп, абаттандыруға айрықша тоқталды. Бүгінгі жаңа ғимараттардың құрылысы жылдың соңына дейін аяқталып, аудан халқына табысталады.
Әли ТЕМІРБЕК
01 желтоқсан 2024 ж. 118 0