» » Мемлекет басшысы билік партиясының кезектен тыс съезіне қатысты

Мемлекет басшысы билік партиясының кезектен тыс съезіне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз басында барша қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады, деп жазады Kyzylorda-news.kz. Ақорда-ға сілтеме жасап.
– Біз осындай ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық. Тәуелсіздігімізге төнген қатердің бетін қайтардық. Сын сағатта бірлігін сақтай білген барша отандастарымызға зор ризашылық білдіремін. Ұйымды жаңғырту туралы алқалы жиынның дәл бүгін өтуінің  символдық мәні бар. Бірінші наурыз – партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі ең басты саяси ұйымның негізі қаланды. Партия  халықты ортақ мақсатқа жұмылдырды. Қоғамға пайдалы көптеген бастамалар көтеріп, сайлаушылардың қолдауына ие болды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы партияның келешегі жөнінде айта келіп, оның бұған дейін атқарған жұмысын ұмытуға болмайтынына, өз ісіне берілген партия белсенділерінің қажырлы еңбегіне құрметпен қарау керек екеніне тоқталды. 
Президент еліміздің «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі ауқымды міндетті орындауға кіріскенін мәлімдеді. Алдымызда мемлекетіміздің болашақ тағдырын шешетін аса маңызды жұмыс тұр. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажет. Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс. 
– Саяси ұйымның атауын Аманат деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық.   Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де  айрықша мәні бар киелі ұғым.  Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы.   Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. «Аманат» ата-бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті деген ұғымды білдіреді. Аманат сөзінің – мағынасы терең, халқымыздың тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алады. Ол бабаларымыз өсиет еткен тәуелсіздіктің мәңгі арман-мұраты, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың, кең-байтақ Отанымыздың құндылығы ретінде сипатталады. Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің аға буын мен өскелең ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде Аманат деп атауды толық қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өткен айда жүргізілген ауқымды аналитикалық жұмыстар партия қызметіне маңызды өзгерістер енгізу қажет екенін көрсетті деп атап өтті. Жоғарыда айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, партия Төрағасы бірқатар басым міндетті айқындап берді. Оның пікірінше, ең алдымен, орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру қажет.
– Партия аппаратының жұмысында бюрократияның теріс сипаттары анық көрінді. Желілік кестелер, есеп беру және қағаз жүзіндегі іс-шаралар сайлаушылармен тікелей жұмыс істеуді екінші орынға сырғытты. Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функционерлерге беруге мәжбүр болды. Сондықтан орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарау қажет. Бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту керек. Аймақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдары сайлаушылармен өздігінен жұмыс істей алады және жұмыс істеуге міндетті. Орталық аппарат нұсқаушылық және «қолмен» басқару тәжірибесінен арылуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.  
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыру қажет. Депутаттық фракциялар диалог алаңдарын ұйымдастыру міндетін өздеріне алып,  олардың жұмыс қорытындысы бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуі керек.
– Әлеуметтік желілер мен қала алаңдарындағы қоғамдық талқылауларды Парламент пен мәслихаттарда өткізген жөн. Бұл – аса маңызды міндет. Фракциялар депутаттық сауалдармен шектеліп қалмай, парламенттік және қоғамдық талқылаулар мен ашық пікір-сайыстарға баруға тиіс. Керек болса, Үкіметтің нақты мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет. Барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингі алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі керек, – деді партия Төрағасы.
Мемлекет басшысы азаматтардың мүдделерін ілгерілетуді және партияның ашықтығын басты мәселе ретінде айқындады.
– Партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермегені жөн. Сонда Премьер-министр мен кабинет мүшелерінен қажетті сандарды талап етуге де жол берілмейді. Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Бұндай көзбояушылықтың салдары  адамдардың әлеуметтік көңіл-күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұған, әсіресе, геосаяси тұрақсыздық жағдайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет, – деді Президент.
Президент осы айтылған міндеттерді мейлінше қысқа мерзім ішінде орындау қажет екеніне назар аударды. Партия Төрағасы орталық аппаратқа жұмыс тобын құрып, партияның жаңа тұғырнамасын әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, Аманат – озық ойлау мен әділдіктің, бірлік пен алға ілгерілеудің партиясы, халықтың пікірі мен ел мүддесін ескеретін азаматтарымыздың игілігі жолында қызмет ететін негізгі ұйым. Украинада болып жатқан қазіргі жағдайда осы айтылған барлық мәселенің мәні зор.
– Біздің ұстанымымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуді көздейді. Біз 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізген ел ретінде еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы қағидатына бейілдіміз. Мен бұл туралы 10 ақпанда Мәскеуге жасаған сапарымда айттым. Біз екі мемлекетті келіссөз үстелінде ортақ тіл табысуға, уағдаластық пен келісімге келуге шақырамыз. Басқа жол жоқ. Жақсы жанжалдан жаман бітім артық. Бейбітшіліксіз даму болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан, қажет болса, делдалдық қызметтермен қоса, барлық көмек түрлерін көрсетуге дайын.
– Мен Қауіпсіздік Кеңесінің бірқатар отырысын өткіздім. Санкциялық қарсылықтың бұрын-соңды болмаған шиеленісуі жағдайында Үкіметке елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктедім. Біздің экономикамыз дағдарыс жағдайында үздіксіз жұмыс істеуді қамтамасыз ету үшін санкциялық сын-қатерлерге қарсы тұруға дайын болуы керек. Алдағы қиындықтар мен сынақтарды бәріміз бірге еңсереміз деп ойлаймын. Олардың күрделілігін бағаламауға немесе асыра көрсетуге болмайды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде берді.

01 наурыз 2022 ж. 546 0