Жемісті еңбекке – лайықты марапат
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауында ұйымдастыру мен өткізу кезіндегі аудандық және учаскелік сайлау комиссиясының бірқатар мүшесі белсенді қызмет ете білді. Соның нәтижесінде Қызылорда облысы әкімі, Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы белсенді мүшелеріне құрмет көрсетіп, алғыс білдірді.
Жалпы сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі 5 жылды құрайды. Сайлау комиссияларының біртұтас жүйесін республиканың Орталық сайлау комиссиясы, aумақтық және учаскелік сайлау комиссиясы құрайды. Биылғы сайлауда 42 сайлау учаскесі жұмыс істеді.«Арман» кенттік мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараны Жаңақорған аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Сұлтан Ибрагимов ашып берді.
– Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда ел азаматтары екі референдумдық науқанға, президентті сайлау жөніндегі жеті науқанға, алты – Парламент Мәжілісін (төменгі палата) сайлау жөнінде, бес – биліктің жергілікті өкілді органдарын (мәслихаттарды) сайлауға қатысты. Соңғы бес жыл біздің еліміз үшін электораттық оқиғаларға толы кезеңдердің бірі болды. Осындай сындарлы сәтті еңсеріп, ел ертеңі үшін шешімдер қабылданды. Биылғы сайлау науқанында комиссия мүшелері жоғары деңгейде жұмыс жасағанын айта кеткен жөн, – деп табанды қызмет көрсеткендерді сахна төріне шығарып, марапат көрсетті.
Мейрхан Оспанов, Темірхан Кенбай, Әбутәліп Мұхтархан және Әбілқайыр Сыздықов Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының алғысына ие болды.
– Халық қалаулыларын сайлау науқанына комиссия мүшесі болғандар ғана емес, жалпы дауыс берушілер құрметке лайық. Өйткені бұл таңдау елдің ертеңіне, әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына үлкен серпін береді. Сайлауға қатысу әрбір азаматтың міндеті, сондықтан осы жолда бірге жұмыла жұмыс жасаған қызметкерлердің еңбегі көрінді. Осы жұмысты алдағы уақытта да атқаратын боламыз, – деді Темірхан Қалмаханұлы.
Марапат иелері шара соңында өнерпаздардың өнерін тамашалады.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ