№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қарашаңырақ – қастерлі ұғым

Қарашаңырақ – қастерлі ұғым

    Ұлттық құндылықтардан нәр алмаған, бойына әже әлдиін сіңірмеген, әке ұлағатын алмаған, бір сөзбен айтқанда, уызына жарымаған ұрпақтың қадір-қасиеті төмендеп, халықтық қалпынан, әдет-салтынан ажырай бастайтыны шындық.
Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі мұрагерім, қара шаңырақтың иесі деп, оған арқа сүйеп, үміт артып, артынан ерген іні-қарындастарының ағасы деп қараған. Ал қыз балаға қонақ деп құрмет көрсеткен атам қазақ «қыз өрісімді кеңейтеді» деп қабағына қарап, ерекше жақсы көріп, еркелетіп, аялап өсірген.

  Отбасында мұндай қамқорлықпен өскен қыз барған жерінің құрметіне бө­леніп, ата-анасының, ағайынының, шық­қан жұртының атына сөз келтірмеген.
   Белгілі педагог А.Макаренко өз еңбегінде: «Бала тәрбиесінде сіздің іс-қимылыңыздың өзі шешуші рөл атқарады. Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйыру арқылы іске асырамын деп ойламаңыз. Тәрбие өмірдің әр сәтінде іске асады. Тәрбие сіздің қалай киінетіңіз, қалай сөйлейтініңіз, қалай күлгеніңіз, осы іс-әрекеттің барлығы бала үшін маңызды" дейді.
   Саналы да, білімді болашағын қалып­тастыру әрбір ата-ананың міндеті, пара­сатты парызы. Ата-бабамыздан қалған ұлттық тәрбиемізге дақ түсірмеу үшін барлық қажетті жауапкершілікті ата-ана өз мойнына алғаны жөн, себебі бала – ата-ана өмірінің жалғасы.
Қазақ даналығы қандай қиын сәт­терде де адалдықты таңдап, сол арқылы адастырмай келді. Ұлы Абай «Жаман тәрбие – болашақтағы қайғыңыз» десе, Ғабиден Мұстафин «Не нәрсе ұят­ты болса, сол асыл» деген. Бұл өзге ұлттан кездестіре қоймайтын асыл сөз. Қазақ баласын кешегі күнге дейін «ұят боладымен» тәрбиелеп келді. Сондықтан ұрпақ ибалы, инабатты, арлы, ұятты болып ержетті.
Халқымыздың бар жақсы қазақы қадір-қасиеттерін, тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-сана, дәстүрін қалыптастырушы, насихаттаушы, таратушы, дарытушы, дамытушы және оның киелі де, иесі де, шырақшысы да – ана.
   Әкесі өлер алдында қызы мен бала­сына малдан енші бөліп берген екен. Сонда баласына бір сыбаға, қызына екі сыбаға беріпті. Баласы наразылық білдіріп, бұл қалай дегенде; сен бір жұрттың қамын ойлайсың, қызым екі жұрттың қамын ойлайды ғой» деген екен.
Олай болса қыз – болашақ ана, ол елдің, халықтың, туыстықтың, достықтың елшісі. Осыншама кең байтақ жерде халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрінің біркелкі болуы, жеріміздің, еліміздің тұтастығы – осы аналардың арқасы. Әдетте бір елге келген келін өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, құндылықтарын ала келеді. Қазақтың жеті атадан ары үйлен деген қағидасы – үш жүзді араластыруды дөп көздеген, тамыры терең сарабдал сая­саттан туған даналық.
   Ал қазақ қазақ болғалы ұланғайыр аймақта тарыдай шашырап, жатбауыр болып кетпеуі үшін «қан араласпай жан араласпайды» деп, Алтай мен Алатау, Арқа мен Атырау, Сыр мен Қыр арасында бір туыс, құдандалы-жегжат, жұрағат болып қалғаны үшін ең әуелі осы аналар алдында борыштар. Сол үшін де аналарымыз мадақтауға, ардақтауға, қастерлеуге, құрметтеуге әбден лайық.
Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегия­сында: «Бойжеткен, әйел заты, әрдайым біздің қоғамның теңқұқылы мүшесі, ал ана оның ең ардақты тұлғасы болды. Біз анаға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз" деп атап көрсетті.

Бауырға салу
   «Бала – бауыр етің» деген сөздің өзі пер­зенттің ата-ана үшін қандай қымбат екенін айғақтап тұр. Ал енді осы іштен шыққан жүрегінің бір бөлшегіндей баласын бөтеннің бауырына салу қағидасын қалай түсінеміз?
  Бірге туған ағайындар арасында пер­зент көрмей жас балалы болудан күдер үзген жағдайда бір-біріне туған баласын беру дәстүрі мұсылманшылықта кездеседі. Екі жақ та бұған разы болған жағдайда бұл талапты шариғат та қостайды. Бұл бір жағынан өзге ұлттарда кездесе бермейтін мейірімділіктің, кішіпейілділіктің үлгісі. Біреуге көзі қиып, туған перзентін бермек түгілі, етжақыны болса дағы қолындағы бар құнды дүниесінің өзін бөліп беруге жарамайтын пейілі тар адамдар қаншама. Бауырға салу үрдісінің әулет арасындағы туыстық қарым-қатынасты одан әрі тереңдете түсетіні тағы бар. Сондықтан бұл үрдістен шошуға да болмас. Тек аманат иелері өзінің жауапкершілігіне алған таудай талапқа мін түсірмей, өміріне қуаныш, келешегіне үміт сыйлаған Құдіреттің бұл тартуына көздің қарашығындай қарауға тиіс деп есептейміз. Бұл құндылықтар ескеріле бермейтін Европа елдерінен мұхит асып келіп қазақтың балаларын бағым-күтіміне алуға тілек білдірушілер қан, тек, негіз деген ұғымға мән бермейтіні өкінішті. Қазақ халқы ежелден қан тазалығына қатты қараған. Жесіріне ие болып, жетімін жылатпауды мақсат тұтқан әмеңгерлік салты да осы мақсатты көздейді.

Әжесінің баласы
   «Мен әжемнің қызымын», «Мен атам­ның баласымын» дегенді жиі естиміз. Ата-әже мұрнынан сығып алған мұрагері ретінде немере мен шөбереге аса зор пейілін төгіп, өз баласынан артық көре­тін жағдайлар көп. Бұл жақсы үлгі, жақсы үрдіс. Жер бетіндегі адамдардың сүйіспеншілігі осындай отбасындағы ыстық ықыластан бастау алады. Ата-ана бауырында көл-көсір мейірімге бөленіп өскен өреннен келешекте ізгілікті мұрат тұтқан үлкен жүректі тұлға қалыптасары анық. Сондықтан да өз ата-анасынан бөлек ата-әженің қамқорын сезінудің сәби үшін ешқандай артықшылығы жоқ. бірақ кейде осындай өзім деудің соңы кінәмшіл өзімшілдікке ұласып, астамшыл пыйғылды тұтатып алатынымыз өкінішті.
   Баланы бауырына салып, емешегі езілген ата мен әже бірте-бірте немерені меншіктеп, әке-шешесінен қызғанатын халге жететін жағдайлар бар. Сонымен ана мен әкесі өз балаларына жақындаудан қашықтап, жорта көңіл бөлмеуге тырысса, кімнің көңілін табарын білмеген жеткіншек те жаутаңкөз болып өз туғандарын жатырқай бастары хақ. Өмірдегі ең жақын адамдарынан алыстататын көзге көрінбейтін кедергінің керілуі келешек жеткіншектің сана-сезіміне ауыр әсер етіп, жүйкеге салмақ түсірері, оның соңы сәбидің психологиялық ауытқуына жол ашарын көбіміздің елемейтініміз қиын.
   Белгілі айтыс ақыны, ауданымызға «Анама хат» жобасымен арнайы келген Ақмарал Леубаеваның: «Мен әжемнің қызы болдым. Сол кісінің бауырында өстім. Кішкентайымнан осы кісіге телінгендіктен өз анамды «жеңеше» деп, әкемді «тәте» деп атадым. «Мен аһ дегенде әжемнің аузынан түсіп қалғанмын» деп сол кісіні ғана мойындадым. Бауырларымның алдын­да әжемді арқа тұтып, өзімді жоғары қойдым. Осылай өстім, ержеттім. Бірақ қазірде менің жүрегімде таудай өкініш, таудай арман бар. Ол – өз анамды ешқашан «мама» деп атап, еркелей алмағаным. Бұл менің көкірегімде келе-келе жазылмайтын жараға айналып, жанымды қинайтын болды. Енді есей­генде анамды риза етіп, бір әрекет қылуға талпынып көріп едім. Ең болмаса анаға деген көңілімнің терең түкпірінде сақталған сырлы сезімімді ақ парақ бетіне түсіріп көрейінші деп әрекет еттім. Еш жаза алмадым. Қазақтың қара өлеңін қанын сорғалатып жеріне жеткізе жырлаған ақын адамның мына халін түсініп көріңіз. Анам өмірден өтті. Мен енді анаға деген тұнық көңілімді жырға айналдырып, шерімді шығарамын деп едім. Жоқ, сонда да жаза алмадым. Көзі тірісінде жалғыз рет, «мама" деп мауқымды басып, көкірегіне басымды қоймаған сорлы басым енді ол арманым анам өлгенде де өзегімде қалып, өмір бойы өкініп өтерімді енді ғана түсін­гендеймін. Менің қасіретім осы" деуі баршамызды терең ойға қалдырды.
   Бақсақ, осындай жағдайлар қаншама өскіннің өміріне қиғаштықтар туындатып жататынына ойлы көзбен қарап, жан-жақты ақыл таразысынан өткізсек құба-құп.
Ұлы даланың ұлағатына келсек, ба­ланы бауырға салуда оның ең алдымен тұлға болып қалыптасуына зор көңіл бөлген. Тарихқа зер салсақ, Айғаным, Зередей әжелерден тәлім алған Абай, Шоқан сынды ұлт мақтаныштарының адамзат шоқжұлдызына айналуының астарында құшағына әлемді сидырардай кең жүректі мейірімнің ұшқыны жат­қанын аңғаруға болар еді. Қасиетті құн­дылығымызды қадірлей білейік.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
24 сәуір 2019 ж. 1 231 0