№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » КӨРІПКЕЛ ШЫНЫМЕН «КӨРІП КЕЛЕ МЕ?»

КӨРІПКЕЛ ШЫНЫМЕН «КӨРІП КЕЛЕ МЕ?»

Жақында бір досым ұялы телефонын жоғалтып алыпты. Ең әуелі құқық қорғау органына емес, балшыға бару керек деген оймен балгердің есігін қағады. Алдына келген досымнан телефонын қай жақта жоғалтқанын сұрап, болжай бас­тайды.
Қоғамдық моншада түсіріп алғанын  айтқаны сол екен: «Қасыңда, ұзын бойлы, сары жігіт болды ма?» деген секілді сандырақтарын судыратады. Содан не керек, түрлі адамды сипаттап отырып, біреуіне кішкене жобалайды. Енді адам болғасын бір-біріне ұқсайды ғой. Әбден есі шыққан досым сұрастырып жүріп, моншада бірге түскен кісіні тауып алады. Үйіне іздеп барып, ұятқа қалады. «Осы ұрлады-ау» деген сезіктісі бес уақыт намазы түгел, дін жанашыры болып шығады. Не керек, ол кісі еш саспастан, сабырлы күйде  балгерге барып бал аштырудың асыл дініміз Исламда дұрыс емес екендігін түсіндіріп, әрі мұсылман бауырынан күмәнданудың өзі күнәға саналатын айтып, досыма шәйін беріп шығарып салады. Осылайша 2000 теңге беріп, күнәлі іске жол сатып алған бауырым ертесіне ұялы телефонның қорабы мен IMEI кодын алып, ішкі істер бөліміне арыз тастап кетеді. Хош.
Мұндай мысал өте көп. Біз тек біреуін ғана тақырыпқа тұздық еттік. Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда ғайыптан хабар берумен айналысып, адамның өткен шағы мен болашағын болжайтындар азаймай отыр.  Әрине, сұраныс болғасын соған сай қызметте болары сөзсіз. Десе де, жақсылық пен жамандық, сәттілік пен сәтсіздік қатар жүретін қоғамда адамдардың басына қандай да бір қиындық түссе Алладан пана сұраудың орнына сол қиындықты шешудің жолы ретінде бақсы-балгерге барып жатады. Ақиқатында көріпкелдерге сеніп, өзін сағымданған өтірікпен жұбата отырып адам баласы өмірдегі ең қымбат жақұты – иманы мен берекесін, амандық-саулығын жоғалтып алады. Осы тұста, балгерлік, құмалақшы, көріпкелдерге деген діннің ұстанымын білмекке аудандық мешіттің найб имамы Мейрамбек Баймұратовты сөзге тарттық.
– Адамның болашағы жайындағы мағлұмат «сыр әлемінің» үлесінде, пенде оны қанша білемін деп тырысқанымен басына не келіп, не кететінін ешқандай біле алмайды. Ал, бал аштыратын кісілер соқыр сенімді үміт еткені болмаса, келешегінен бейхабар күйінде қала береді. Өйткені, ғайыптың сыры тек Жаратқан Аллаға ғана мәлім. Бұл жөнінде Екі дүниенің сардары, Мұхаммед (с.а.с) пайғамбарымыз: «Кімде-кім бақсы-балгерге барып, оның айтқандарына сенетін болса, оның бұл әрекеті Мұхаммедке түскен Құранды жоққа шығарғандығының дәлелі», – деп қатаң түрде оларға баруды тыйған болатын. Тағы бір хадисте: «Кімде-кім көріпкелге баратын болса, айтқаны рас, дұрыс айтады дейтін болса, онда ол адам Алланың Пайғамбары Мұхаммедке келтірген дінге қарсы шықты» – делінген. Сондықтанда болашақты болжау, балгерге бал аштыру адамды бақытты етпейді, оған жақсылық әкелмейді. Алланың ашуын келтіріп, пендені күнаға батыратын амал, – дейді найб имам.
Сондай-ақ тілдесу барысында имамнан кейде көріпкелдердің айтқаны дұрыс келіп жатады. Бұл ненің белгісі деген сауал қойдық. Мейрамбек Баймұратов мұндай сұрақ заманында Пайғамбарымызға(с.а.с) да қойылғанын айта келе, оған Алланың Елшісі(с.а.с): Бұл – ақиқатқа қатысы бар сөз, оны жын ұрлап алып, өзінің досы – балгердің құлағына жеткізеді. Ал ол оған жүз жалған сөз қосады» – деп жауап берген. Иә, тағдыр кітабына жазылған ақпаратты жындар періштелердің әңгімесінен ұрланып тыңдайды десе-ді. Қасиетті Құранда: «Көктегі және жердегі құпияны Алладан басқа ешкім білмейді. Халайық қашан тірілетінін де білмейді», – деген Нәміл сүресінің 65-ші аятында.
ҚАЙТПЕК КЕРЕК?
Жасыратыны жоқ, бүгінде моральдық тұрғыдан шаршаған жандар не болса, соған сеніп, тіптен болмағанда ғаламтордан күнделікті жұлдыз жорамалды көріп, сол бойынша әрекет жасайтыны тағы бар. Яғни, жел жағымызға пана, күн жағымызға сая іздеген пендешілік. Қашанда белгілі бір қиындық туындаса, барлық мәселені біреу шешіп беретіндей көреміз. Дұрысы сенеміз. Соған амал етеміз. Тіптен, әлгі «Інгенін жоғалтқан іннен де іздейді» демекші, қисынсызды ақылға сыйымды етіп үмітпен барамыз көріпкелдің алдына. Тақырыпты ойсаларлық ғибратты оқиғамен түйіндесек.
Ертеректе бір жолаушы зергерлік дүкенінен қымбат жақұт тас сатып салып, ұзақ жолға шығады. Оны сырттай көрген әккі ұры жолаушымен жолға ілесе кетеді. Жақынырақ танысып, бауырмашылдық кейіпке еніп, пендешілікке бой алдырады. Әбден сеніміне кіріп, түнделетіп ебін тауып, дорбасын түгел ақтарып, киімдерін тінтіп, жақұт тасты таппайды. Осылай айналшықтап жүріп, дегеніне жете алмай, межелі жеріне де жетеді. Содан мойындағанды ерлік деген ұстаныммен ұры жолаушыдан сұрапты. «Мен көздеген затымды қолыма түсірмей қоймайтын әккі ұры едім. Алайда сіздің сатып алған жақұт тасыңызды көріп қалып, ұрлап алмаққа жолға ілесе шықтым. Ебін тауып, барлық затыңыз бен киіміңізді ақтардым. Таппадым. Шыныңызды айтыңызшы, қайда жасырдыңыз?» – деп өтініпті. Сыр бермеген жолаушы: «Мен әу бастан сенің ұры екеніңді, қайда тықсамда тауып алатыныңды білдім. Сондықтан жақұт тасты ең алғашқы күні, сенің төс қалтаңа салып қойдым» деген екен. Міне, қарапайым тәмсілге тереңінен ой тастасақ бізде сол ұрының тірлігін жасап жүргендейміз. Яғни, өмірдегі барлық қиындық пен сәтсіздіктің шешу жолдарын Жаратқан Алла қалтамызға салып қойғанын ойламаймыз. Анығында мұсылман адам Жаратушы Иенің құдіреті шексіз екеніне бек сеніп, бар ісінде тек Аллаға ғана тәуекел етуі тиіс. Қиындыққа тап болса, сабыр етіп, әрбір қиындықтың артынан келетін бір жеңілдік пен жақсылықты күте білгені абзал.
Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
19 тамыз 2018 ж. 1 137 0