№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » МЕНІҢ РЕДАКТОРЫМ

МЕНІҢ РЕДАКТОРЫМ

Қазіргі күнгі пайымдауымның биігінен зерделесем, жаңадан қызметке кіріскен жас маманның болашақ тағдыр-талайының қалай қалыптасары алдындағы басшысына да тікелей байланысты екен. Алға ұмтылған жастың қолтығынан демеп, ізденісі мен еңбекқорлығы көрініп тұрғанымен, өмір тәжірибесі жетпей жататын жастың жақсысын асырып, қашанда қолдау көрсететін басшылар болады. Міне, менің де журналистік қызметті бастағандағы алғашқы редакторым Алмас Бекжігітов осындай биік парасат иесі.
2012 жылдың қазан айы. Кезекті мәрте аудандық басылымға мақаламды алып келдім. Руханият тақырыбында жазылғандықтан жауапты хатшы Баян Үсейінова апайымызға тапсырдым. Тұрақты түрде имандылық, ұлттық құндылық бағытында жазып жүргендіктен  қаламгер апайымыз қызмет хақында ұсыныс тастады. Редакциядағы журналист облысқа ауысқанын жеткізіп, бас редакторға алып кірді. Бұрын бойымның ұзындығын өзіме ерекшелік деп санайтын едім. Алмас ағайды алғаш көргенде бұл ойымнан саналы түрде бас тарттым. Әлекеңді ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей тау тұлға дерсің. Амандық саулықтан кейін, аз-кем мамандығым жайлы сұрап, таңертеңнен бастап екі айлық тәжірибеден өтетінімді айтты. Бұрын-соңды көріп-білмеген кісім осылай сенім артты.
Редактордың қашанғы дағдысы – үлкен болсын, кіші болсын, алдына келгенді көтермелеп, қолдау көрсетіп отыратының куәсі болдым. Әсіресе, біз секілді жастарға айрықша сенім артты. Тап осы ізгі қасиетін өз басым ерекше қабылдадым. Өйткені, журанлистика саласына енді ғана қадам басқан, «қара сөзден сурет салам, өрнек тізем» деп алабұртып жүрген арманшыл жасқа қанат бітіріп, қиялын қияға самғата білу тек сұңғыла тәлімгердің ғана қолынан келеді. Бар жазары көңіл-күйіне көбірек тәуелді шығармашылық жұмыс иесіне сенім арта жағдай жасау шынымен де ұлағатты ұстаздың өнегесі. Өз басым Алмас Досжанұлының осындай өнегесінен өміріме ғибрат алдым.
...Ең алғашқы жұмыс күні редакция табалдырығын аттай бере әріптесім «сені редактор іздеп жатыр» деді. Есікті тоқылдатып кіргеннен кейін, Алмас ағай хал-жағдайымды сұрап алды да, байсалды қалыппен сынай көз тастады.
– Самат, саған тапсырма бар. Түстен кейін сағат 15:00-де әкімдікте комиссия отырысы болады. Соны алдағы нөмерге ақпараттандырасың, – деді.
Осылай, тұңғыш рет редактор тарапынан жауапкершілік жүктелді. Белгіленген уақытта әкімдіктің мәжіліс залына бардым. Аудан әкімі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алужөніндегі комиссия отырысы екен. Шыны керек, бұрын мұндай алқалы жиынға қатысып көрмегендінтен бе, не жазарымды білмедім. Жиналыс 2 сағат 45 минутқа созылды. Қойындәптеріме үлгергенімше баяндамашылардың сөзін жазғандай болдым. Сала басшыларының да атын толық білмеймін. Редакцияға келгеннен кейін, он ойланып, жүз толғандым. Алғашқы кезде жұмыс компьютерім болмағандықтан, қағазға жазу тура келді. Бірақ, неден бастарымды білмей, шимақтай бердім. Содан мойындағанды ерлік деген ұстаныммен редактордың кабинетіне кіріп, мән-жайды толық баяндадым. Алмас Досжанұлы дархан мінезімен сөзімді соңына дейін тыңдады. Соңыра жұмыс телефонымен әкімдікке қоңырау шалып, жиналыстың жүргізілу тәртібін, хабарламашылардың баяндамаларын толық алдыртып берді. Міне, ағалық қамқорлық. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Мұнан кейінгі жиналыстарға қырағылықпен қарап, маңызды тұстарын түртіп алуды үйрендік. Осындай ағалық жолдың ізімен жаңалықтың жаршысы болған «Жаңақорған тынысына» фототілші болып қабылдандық. Бас редактор ретінде қаншама материалды түзеді. Күзеді. Сапалы жазудың қыр-сырын үйретіп, жолын көрсетті.
Редакцияда қызмет атқарғаныма екі жыл толмастан, кабинетіне шақырып алып, тілшілікке жоғарылатты.
– Самат, айналдырған екі жылда өзіңді жан-жақты көрсеттің. Қазір жиналыстарға сені сұрайтын болды. Келешек өзің секілді жастардың қолыңда. Сондықтан сен енді фототілші емес, тілші боласың. Солай шешім қабылдадым, – тағы да үлкен сенім артты. Шынын айтқанда, келгеніме екі жылға жетер-жетпесте осынша сенім керсеткеніне «рахмет, ағай» дегеннен басқа аузыма сөз түспеді. Сол сәтте түйсігіме жетпесе де, кейіннен мен Әлекеңнің «әңгіме адамның жасында да, қанша диплом алғанында да емес, іскерлігінде, ізденімпаздығында, соны санаңа сіңіріп ал» деген тағылымы екенін өмірлік ұстанымыма айналдырдым.
Иә, дана қазақ «жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын...» дейді. Шыны керек, ішіңде пайымды ой-пікірлерің қордаланып, одан қажетіңді өз өміріңе тәлім етіп түйсең де, сол кісінің өзіне білдірудің реті келе бермейтіні айқын. Әрине, мерекелік басқосулар мен көпшілік шараларда кездескенде бас салып мақтау айтсаң – айналаңдағылар дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Ал естелік жазып, газетке жариялар болсаң, оны да әлдебір есеппен жасадыға балайтындар бар. Сондықтан, ойлана келе, алғашқы редакторым туралы өзіндік пікірімді білдірудің сәті «Жаңақорған тынысы» газетінің 85 жылдығына орайласты.
Расында, Алмас Бекжігітов ағамыз газетті нағыз нарықтық кезеңде басқарды. Он бес жыл бойы ұйымдастырушылық қабілетімен қолтаңбасын қалдырып, төл басылымның жаңаша түрленуіне өзіндік үлесін қосты. Қорғасыннан жаңа технологияға көшіп, редакцияның жаңа ғимаратының бой көтеруіне ұйытқы болды. Осындай арда азамат бүгінде қаламын қайта қолға алып, аудандық «Ардагер мерейі» газетінің бас редакторы қызметін абыройлы атқаруда. Әрине, Алмас Досжанұлынан әлі де біздің үйренеріміз көп. Лайым ағалық кеңесін аямайтын қамқор жандарға құрметіміз қашанда биік.
Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
16 тамыз 2018 ж. 918 0