Қоғамдық қауіпсіздік: 2025 жыл «Профилактика жылы» деп жарияланды

Қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылық – әрбір азаматтың алаңсыз өмір сүруінің кепілі. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен 2025 жыл «Профилактика жылы» деп жарияланды. Бұл шешім қылмыстың алдын алу және оның жасалуына ықпал ететін себептерді жою жолында жүйелі жұмыстар жүргізуге бағытталған.
Аталған бастама аясында республика көлемінде, оның ішінде Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында да кешенді шаралар қолға алынуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі мақсаты – қылмыстық әрекеттерге қарсы күресті күшейту, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.
2025 жылдың сәуір айында Жаңақорған ауданында жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде биылғы жылғы қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда бірқалыпты деңгейде сақталғаны байқалды. Ауыр санаттағы қылмыстар азайғанымен, кейбір санаттар бойынша өсім бар. Атап айтқанда, мал ұрлығы +66,7 пайызға төмендегенімен, алаяқтық қылмыстары айтарлықтай өсіп отыр. Бұл – ақпараттық технологиялардың дамуымен қатар, интернет алаяқтарының да артып отырғанын көрсетеді.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде тәртіп сақшылары мен учаскелік инспекторлардың жұмысы үлкен рөл атқарады. Қазіргі уақытта полиция бөлімінің қызметкерлері профилактикалық шараларды күшейтіп, тұрғындармен тығыз байланыс орнату арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алуға барынша күш салып келеді. Сондай-ақ учаскелік инспекторлар мен мектеп инспекторлары, басқа да қызметкерлерге нақты міндеттер жүктелген.
Жаңақорған аудандық полиция бөлімі тарапынан қылмыстың алдын алуға бағытталған түрлі ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, АІІБ қызметкерлері «Алаяқтан сақ болайық», «Абайлаңыз, алаяқ!» атты брошюралар мен плакаттар шығарып, халық көп шоғырланатын жерлерде, әсіресе базарлар мен қоғамдық орындарда түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыруда. Сонымен қатар, ауылдық округтер мен кенттердегі көшелердің тұрғындары үшін WhatsApp желісі арқылы мобильді топтарға бейнероликтер таратылуда.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде алаяқтықтың алдын алуға бағытталған арнайы бейнематериалдар таратылып, әрбір тұрғынға қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Жалпы, 2025 жыл – қылмыстың алдын алуға арналған жауапты кезең. Бұл жыл – тек құқық қорғау органдары үшін емес, бүкіл қоғам үшін үлкен сынақ әрі жауапкершілік. Өйткені әр азамат өзінің жеке қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Қоғамдағы әрбір отбасының, әр адамның тыныштығы – мемлекет тұрақтылығының айнасы.
Сондықтан, Жаңақорған аудандық полиция бөлімі барлық тұрғындарды сақтық шараларына бейжай қарамауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға бірге атсалысуға шақырады. Қоғамдық тәртіпті сақтау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін ұмытпайық.
Ербол Әлімбеков,
Жаңақорған АПб-нің бастығының орынбасары полиция подполковнигі