Соңғы жаңалықтар

№81 (8792) 12

12 қазан 2024 ж.

№80 (8791) 8

08 қазан 2024 ж.

№79 (8790) 5

05 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Инфрақұрылым дамымай, өңір өркендемейді

Инфрақұрылым дамымай, өңір өркендемейді


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір Жолдауында елдегі инфрақұрылым мәселесіне айрықша тоқталып, нақты міндеттер жүктеді. «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында инфрақұрылым, оның ішінде энергетика мен коммуналдық шаруашылық саласына айрықша назар салды. Елдің тұрмысына қажетті әлеуметтік саланы бірінші кезекте реттеп, содан кейін үнемдеу мәдениетін қалыптастыруды негізгі бағытқа алуды тапсырды. Осы орайда, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды тағы бір жүйелеп шығуды жөн көрдік.


Күздің алғашқы айы да артта қалды, енді жылыту маусымы басталады. Жарық пен газ мәселесі аудан әкімінен бастап жауапты басшылардың жіті бақылауында. Әсіресе, ауылда тұратын ағайын жарық пен көгілдір отыннан туындаған түйінді тездетіп шешіп берсе деген талап-тілегін алға тартуда. Жол мәселесінің түйіні шешіліп, ауыз су да ретке келуде, шешілмей тұрған бір мәселе болса, ол интернет желісі. Оны уақыттың еншісіне қалдырайық. Кезекті рет аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мен аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің есігін қақтық.

Көгілдір отынның көкжиегі

Алдымен газ мәселесіне тоқталайық. Соңғы дерек бойынша Жаңақорған ауданында газ­дандыру үлесі халық санына шаққанда 49 пайызды, елді мекендер бойынша 22,9 пайызды құрайды. Жылдан жылға қатты отыннан құтылып, көгілдір отынға қол жеткізіп келе жатқанымыз қуантады. Бұл заман талабы.
– Перспективалық газ құбырларынан боса­тылатын Төменарық елді мекенінің газдандыру жобасы іске асып, іргелес жатқан Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожамберді, Сүттіқұдық ауылдарын газбен қамтамасыз ету мүмкіншілігі артты. Осы орайда, аталған елді мекендерге газ желісін жүргізу мақсатында жоба-сметалық құжаттамасы демеушіліктің көмегімен әзірленгенін айтуға болады. Жобалар бойынша бюджеттік өтінімдер ұсынылған. 2025 жылы жобаларды іске асыру үшін тиісті қаражаты жоспарлануда. Нәтижесінде, 134,2 шақырым газ құбыры жүргізіліп, 5 елді мекеннің 6251 халқы газ отынының игілігін көретін болады. Ауданның газдандыру деңгейі халық санымен 55,4 пайызға, елді мекендер 37,1 пайызға жететін болады, – деді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаев.
Сонымен қатар, Сыр өзенінің бойында орналасқан Қожакент, Өзгент, Ақсуат, М.Нәлі­баев ауылдарын газбен қамтамасыз ету мақсатында демеушілікпен жоба-сметалық құ­жат­тамасы әзірленуде. Нәтижесінде, 300 шақы­рым шамасында газ құбыры жүргізіліп, 8 елді мекеннің 11 400 халқы газ отынының игілігін көретін болады. Тек ауданның оңтүстігі мен сыр беткейіндегі 14 елді мекенді газдандыруда бір кедергі бар. Ол – «Бесарық АГТС» жобасының жоба-сметалық құжаттамасын қайта әзірлеу. Қайта әзірлеу құны 73 млн теңгеден асады. Автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы 3 млрд-тан аса теңгені қажет етеді, – дейді сала басшысы. «Бесарық АГТС» жобасының құрылысы оң шешімін тапқан жағдайда 19444 халық табиғи газды пайдаланатын болады. Бұл да алдағы уақыттың үлесінде.
– Өркениет көшіне ілесудің ең тиімді жолы әлеуметтік сала, оның ішінде инфрақұрылым екені сөзсіз. Бізде жол мен су мәселесі шешілуде, ал, өзге ауылдарда газ қосылып, бөркін аспанға атуда. Қызыға да, қызғана да қарап отырғанымыз рас. Жауапты басшылық осы мәселеге барынша назар аударып, біз де көгілдір отынның игілігін көрсек деген арман-тілегіміз бар, – дейді қыр мен сырдағы ағайын.
Түсінгеніміз, алдағы 2-3 жылда Жаңақорғандағы 13 ауыл газға толықтай қол жеткізіп, қатты отынның қара жұмысынан құтылатын болады.

Өндірістік кәсіпорындарды газдандыру


Жаңақорған 2015 жылы іске асқан «Қызылорда облысының 5 елді мекенін газдандыру» инвестициялық жобасына ендірілген алғашқы ауданның бірі. Аудан аумағындағы АГТС-тің қуаттылығы Жаңақорған кентіне іргелес жатқан орта және ірі өндірістік кәсіпорындар үшін қолжетімсіз. Осыған байланысты, «Шалкия Цинк ЛТД» АҚ арқылы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын «Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы қолданыстағы «Жаңақорған АГТС-ті жобалау қуаты 20 000 нм3/сағаттан 40 000 нм3/сағатқа дейін кеңейту» жобасы әзірленген.
– Мемлекеттік сатып алу жұмыстарын бастап кету үшін 2024 жылға республикалық бюджеттен 100 000,0 мың теңге қаржы қаралды. Құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін «Самұрық Қазына» АҚ қорынан қосымша 1 млрд теңге 2024 жылға бөлінуде. Автоматтандырылған газ тарату станциялары (АГРС) құрылысы жұмстары жүргізілуде, – дейді ол.
Сондай-ақ, Жаңақорған кентіне газ отыны келгелі бері кенттің аумағы кеңейіп мөлтек аудандарында тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде. Бұл аумақтарды газдандыру бойынша 1000-1200 жуық жер учаскесіне 1 ғана ШРП тиесілі болуы күзгі-қысқы мезгілде газ қысымының жетіспеуіне әкеліп соқтыруда. Осы проблемалық мәселелерді ескеріп қосымша газ реттеуіш пунктерін орнату ең өзекті мәселе.
Осы мақсатта Жаңақорған кентінің кеңейтілген аумақтарына кварталішілік газ тарату желілерінің құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Жоба бойынша газдандырылатын 4 мөлтек ауданға жүргізілетін газ құбырының ұзындығы 26,7 шақырым және 5 дана ШРП орнатылды. Жоба іске асқан уақытта Жаңақорған кентінің Саяжай, МАИ бекеті, Ипподром мөлтек аудандарының 5120-ға жуық халқы газ пайдаланатын болады. Қысқаша айтқанда, аудандағы газ жағдайы осылай реттеліп келеді.

Электр желілері жаңартылуда

Қазір энергия өндіретін жаңа нысандар салу үшін берілетін несие шарттарын қолайлы деп айта алмаймыз. Сондықтан Үкімет қаржы институттары арқылы ұзақ мерзімге арналған қолжетімді несие беру жолдарын ойластыруға тиіс. Президент осылай пәрмен берді. Яғни, инвесторға мүмкіндік беру керектігін алға тарты. Қазіргі қоғамды электр энергиясынсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан бұл мәселені уақыт оздырмай шешу өте маңызды. Белгілі болғандай, ауданның электр жүйесінің 70 пайыздан астамы әбден тозығы жетіп, жарамсызданған еді. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін қыруар шаруа атқарылуда.
– Электр желілердің тозуын төмендету мақсатында 2022-2023 жылдары жалпы құны 5,6 млрд теңгені құрайтын 19 жоба әзірленді. Жобаларға сәйкес, 624 шақырым электр желісінің құрылысы жүргізілуде. 113 дана жаңа қосалқы станциялар орнатылады. 2023 жылы мемлекеттік инвестициялар шеңберінде 3 жоба іске асырылды (Келінтөбе, Қожакент, Еңбек). Жобаларды іске асыруға бюджеттен 856,8 млн теңге қаралды. 2024 жылға 11 жобаға бюджеттен 2 657,9 млн теңге қаржы қаралып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қалған 5 жобаны қаржыландыру үшін Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылды, – деді бөлім басшысы Қ.Сапарбаев.
Бұған қоса, «Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қармасы» КММ-нің тапсырысымен құны 3,4 млрд теңгені құрайтын 1 жоба іске асырылуда. Жобаны іске асыру үшін бюджеттен 2022 жылы 898,8 млн теңге, 2023 жылы 1 175,7 млн теңге, 2024 жылға 1 173,7 млн теңге бөлінген. Жұмыс тиянақты, әрі сапалы аяқталса ауданның электр тарату жүйесінің тозу көрсеткіші 75 пайыздан 25 пайызға дейін төмендемек.
– Мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты, яғни тиісті жоспары болуы керек. Бұл – осы салаға «ұзақ мерзімге инвестиция тартудың» негізгі шарты. Алайда тұтынушыларға арналған тарифтің орынсыз өсуіне жол беруге болмайды. Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керек. Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе. Келесі жылдан бас­тап нақты ережелер енгізілуге тиіс. «Көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидатын басшылыққа алу қажет. Алайда тұтынушылар жеке монополистердің шырмауында жалғыз қалмауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә, жылдан-жылға барлық салада қымбатшылық байқалады. Бірақ, белгілі нормативі болуы тиіс. Бұл тұрғыда тұрғындарды да тыңдап көрдік.

– Қазір тіршілігімізді электр қуатынсыз елестету қиын болып кетті. Өйткені барлық жұмысымызды осы энергиямен байланыстырып қойғанбыз. Дегенмен нарықтық заманның қандай өзгерісі де ең әуелі қарапайым халықтың қалтасына түсіп, тұрмысына едәуір әсер ететінін ескеру керек. Онсызда қым­батшылық жайлаған заманда «жығылған үстіне жұдырық» болмай, керісінше тіршілік көздерін жеңіл­детуді ойлау қажет. Энергия қуатының тарифін көтеру қалтамызға көп салмақ түсетіні белгілі. Монополистер осы жағына көңіл бөлуі керек, – дейді аудан халқы.

Айтқанымыздай, тарифтерді көтеру туралы өтініштің қаншалықты негізді екенін табиғи монополияларды реттеу департаменті анықтайды. Яғни соңғы шешімді уәкілетті орган қабылдайды. Бізге сапалы қызмет керек, қалғанын көре жатармыз дейді көпшілік. Енді жоғарыда айтқандай жүргізіліп жатқан құрылыс бойынша да зерделеуді жөн көрдік. Жаңақорған ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі арқылы 2023-2024 жылдары 5 елді мекендердегі жүргізіліп жатқан электр желілерінің құрылысы бойынша анықтама берді.
«Әбдіғаппар елді мекеніндегі тұрғын үйлер секторының инженерлік-коммуникациялық инфра­құрылым құрылысы» жоба құны 258 111,167 мың теңге, жеңімпаз – «ЭЛЕКТРОРЕМОНТ» ЖШС. 2023 жылы басталған құрылыс жұмысының басында қазір темірбетонды бағаналар орнатылуда. Сала басшысы нысан ағымдағы жылдың желтоқсан айына пайдалануға беру жоспарлап отыр. Сол секілді М.Нәлібаев ауылының да құрылысы былтыр басталып, жыл соңына дейін берілуі керек.
– Қос ауылдан бөлек, Құттықожа, Манап және Сунақата елді мекеніндегі тұрғын үйлер секторы­ның инженерлік-комуникциялық инфрақұрылым құ­ры­лысының (электр желісі) жобалары жүргізілуде. Барлығының жеңімпазы бір мекеме. Жобалардың барлығы жылдың соңына дейін аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстары үнемі бақылауда болады. Тиісті жұмыстар атқарылуда, ең бастысы, жұмыстың сапалы жүргізілуінде, – деді бөлім басшысы Орман Ахметов.

Түйін. Мемлекет басшысы елдегі туризм саласын дамыту керектігін айтып, нақты межені алға тартты. Тіпті журналистер мен блогерлер арасында туризмді насихаттау үшін де байқаулар ұйымдастырылатынын білеміз. Бірақ өлке туризмінің дамуына кедергі келтіретін бірегей фактор осы инфрақұрылымның нашарлығы, бұл сала ауыл дамуына да басты кедергі. Ауыл дамымай, өркениет өрге баспайды, сондықтан инфрақұрылым саласы өңір өркендеуінің басты бағдары екенін бағамдауымыз керек.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
28 қыркүйек 2024 ж. 232 0