№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тегін қызмет кімдерге көрсетіледі?

Тегін қызмет кімдерге көрсетіледі?

Мемлекет есебінен тегін көрсетілетін дәрігерлік қызмет түрлері екінің бірін қызықтыратыны кәміл. Осы себепті тұрғындарға тегін берілетін дәрі-дәрмектер мен медициналық қызмет түрлерін жан-жақты зерттеп, сараптамалық материалдың тақырыбы етіп алдық.

Алдымен аудандық емхананың бастапқы медициналық-санитарлық көмек ісі бойынша жауапты маманының есігін қағып, мақсатымызды түсіндірдік. Біздің сұраққа бас дәрігердің БМСК ісі бойынша орынбасары Ақмарал Арысбаева жауап берді:
-Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруы бар тұрғындар мен 18 жасқа дейінгі балалар, 3 жасқа дейінгі бала күтіміндегі аналардың барлығы аудандық емхана мен ауруханадан тегін ем ала алады. Солардың қатарында зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар, көп балалы аналар мен мүгедектігі бар азаматтардан сақтандыру талап етілмейді. Десек те өткен жылы жұмысқа жарамды, бірақ сақтандыруы болмаған тұлғалар жедел-жәрдеммен шұғыл келген жағдайларда тегін ем қабылдады, – дейді ол.
Ақмарал Жоламанқызының айтуынша, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 75-бұйрығына сәйкес берілетін тегін дәрілер тізбегі бар. Бірақ өз бетінше жеке дәрігерлерге ақылы қаралатын тұрғындар дәрігердің ұсынған дәрісін емханадан тегін ала алмайды. Емхана бұйрықта жоқ дәріні емделушіге тегін ұсына алмайды, осыны есте ұстаған жөн.

Тегін дәрі кімдерге тиесілі?

Бас дәрігердің БМСК ісі бойынша орынбасарының айтуынша, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 05.08.2021 ж. № 75 бұйрығына сәйкес аудандық емханада диспансерлік есепте тұратын азаматтарға тегін дәрілер рецепт арқылы босатылуда. Амбулаторлық кезеңде дәрілерді беру тегін, ал тізбе негізінде амбулаторлық-емханалық ұйымдарға бекітілген дәрігердің рецепті бойынша жүргізіледі. Демек, диспансерлік есепте тұрған, белгілі бір сырқат түрімен ауыратын науқастар амбулатория деңгейінде тегін дәрілермен қамтамасыз етіледі. Дәрілер кепілдендірілген тегін медициналық көмек және МӘМС пакеттері шеңберінде беріледі. Мәселен, қан қысымымен тіркеуде тұратын науқастарға қан қысымын қалпына түсіретін дәрілер берілсе, анемияға шалдыққан репродуктивті жастағы әйелдерге темір препараты беріледі. Ал, атеросклероз диагнозымен тіркеуде тұрған науқастарға антикоагулянтор тегін беріледі. Сондай-ақ мінез-құлқы мен психикасында ауытқушылықпен тіркеуде тұрған тұрғындар мен басқа да пациенттер тиісті дәрілермен тегін қамтамасыз етіледі.
Хош. Енді тегін дәріні нақты кімдер алатынына тоқталсақ. Аудандық емхананың провизоры Сайлау Түгелбайұлының сөзінше, амбулаториялық деңгейде тегін рецепт алу үшін науқас емханада тіркелген, диспансерлік есепте тұруы керек. Яғни, дәрі алушы кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне (КМИС) тіркелуі міндетті.
– Аудан бойынша өткен жылы 15253 диспансерлік есепте тұратын науқасқа 45516 рецепт жазылып, «Самұрық-Қазына» ЖШС-нің Біріккен фармацевтикалық ақпараттық жүйесі порталы арқылы 635 522 913,2 теңгені құрайтын дәрілік заттар босатылды. «ДЗҚАЖ» дәрілік заттармен қаматамасыз ету ақпараттық жүйесі бағдарламасы бойынша дәрі-дәрмектер әр айға бөлініп, диспансерлік есепте тұратын науқастарға рецепт арқылы босатылуда, – дейді Сайлау Артықов.
Провизордың мәліметінше, бірінші кезекте ересектер тобы бойынша психикалық жүйке аурулары, жүрек-қан тамырлары ауруы, созылмалы бронхит, пневмония, ағза мүшелерін ауыстырған науқастар, асқазанның ойық жарасы, бүйректің созылмалы жетіспеушілігіне, онкологиялық қатерлі ісік ауруларына, бауырдың созылмалы гепатит В, С түрлеріне, өкпенің демікпе науқасына, жүректің созылмалы жетіспеушілігіне, сүйек буын ауруларына және де гемотологиялық, неврологиялық ауру түрлеріне тегін дәрі-дәрмек беріледі.
– Соңғы 10 жылда қан қысымы жиі мазалап, емханаға келіп тексерілгенімде жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққаным белгілі болып тіркеуге алындым. Дәрігерлер уақтылы бақылап, қажет дәріні рецепт бойынша тегін беріп келеді. Міне, қатарынан 3 жыл эналаприл тобындағы «Корлон» сынды қан қысымын қалыпта ұстайтын дәрілерді тегін аламын, – дейді аудан тұрғыны Нұржамал Нұрланқызы.

Тегін тізімде қандай дәрілер тегін беріледі?

Маман пікіріне сүйенсек, ашықтық пен жалпыға қолжетімділікке негізделген ғаламтор сайтында пациенттер өздерінің аймағында қажетті дәрі-дәрмектің бар-жоғын біле алады. Яғни, науқас «Самұрық Қазына-Фармация» сайтының арнайы құрылған бөліміне кіріп, бірыңғай дистрибьютор жүйесі арқылы тегін дәрі-дәрмектер мен тегін рецепт бойынша босататын дәріхана жайлы мәліметтерді таба алады.
– Қазір мемлекет тарапынан ел саулығына бағытталған медициналық көмек түрлері өте көп. Бірақ көп азамат осыны дұрыс түсінбейді. Саулығына жүйелі көңіл бөліп, қан талдауынан өтуге құлықсыз. Тіптен, жылына бір келетін өкпе ауруларының алдын алу мақсатындағы рентгендік тексерілуге келмейді. Содан соң жылжымалы рентгенмен көше аралап, енжар тұрғындарды еріксіз түсіруге тура келеді. Кісі ауырған жағдайда аймақтық дәрігерге барып, қан талдауынан бастап барлық медициналық тексеру түрлерінен өте алады. Қажет болған жағдайда ота тегін жасалады. Өзімізде жоқ көмектің түрін алуға облыс орталығына жолдамамен бара алады. Мәселен, 14-інші аймақта 1619 тұрғын бар. Оның 877-сі ересек болса, 742-сі бала, 232-сі әр түрлі диагнозбен есепте тұрады. Былтыр 35 сәби дүниеге келіп, оның барлығына Д3 дәрумені берілсе, диспансерлік науқастар уақтылы тегін дәрілермен қамтамасыз етілуде. Тіпті, кей жағдайда аймақтық мейірбикелер дәрілерді тұрғындардың үйіне жеткізіп береді, – дейді 14-аймақтың жалпы тәжірибелік дәрігері Нарқыз Қансейітова.

Бала саулығы – басты назарда

18 жасқа дейінгі балаларға ҚР Денсаулық Сақтау министрлігінің №75 бұйрығына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы дәрілік заттар тегін босатылады, сол сияқты жүктілік кезеңіндегі созылмалы қан жетіспеушілігіне байланысты ауру түрлеріне шалдыққан жүкті әйелдер тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Мәселен, жұтқыншақ қабынуы, бронхит, тонзилит ауруына шалдыққан 5 жасқа дейінгі балалар тегін дәрімен қамтамасыз етіледі. Ал 18 жасқа дейінгі балаларда пневмония мен темір тапшылығы анемиясы анықталса, оларға да мемлекет тарапынан тегін препараттар қарастырылады. Сонымен қатар, 1 жасқа дейінгі балалар рахит ауруын емдеуге арналған дәрілермен қамтылса, өмірінің алғашқы жылдарында қан ауруының түрлері, онкологиялық қатерлі ісік аурулары, психикалық аурулар, бүйрек ауруының ауыр түрлері, туа бітті жүрек аурулары, анасының іріңді-септикалық дертпен ауыруы, эндокриндік ауру түрлері, аллергияның ауыр түрлері, туберкулез­дің ашық түрі, сүт азаюының бастапқа формасы кездескен балаларға ана сүтін алмастырғыштар дәрігердің рұқсатымен тегін беріледі. Сонымен қоса бала асырап алған ана мен егіз сәбиге жүкті болған, оқу орнының күндізгі бөлімінің студенті немесе стационарлы бөлімде ем алып жүрген жас ананың нәрестесіне тегін қосымша сүттер беріледі. Сондай-ақ балада сүт жетіспеушілігі расталып, галактоземия, фенилкетонурия, «кленовый сироп» аурулары анықталса тегін дәрілер берілетін болады.

Тегін дәрігерлік қызмет туралы не білеміз?

Медициналық сақтандыруы бар немесе сақтан­дырусыз қаралуға жататын жеңілдіктерді иелену­ге құқы бар Қазақстанның кез-келген азаматы медициналық қызмет түрлерін ақысыз алады. Азаматтар өзінің тұрғылықты мекен жайы бойынша тіркелген емхана дәрігеріне қаралып, тегін ем алуға құқылы. Сонымен қатар әр адам өз денсаулығының жанашыры ретінде саналы түрде жылына екі рет дәрігердің қаралуынан өтуі керек. Жыл сайын скринингтік тексерілуден өтіп отыру әр адамның өзі үшін өте маңызды. Мәселен, біздің аудандық емханада дәрігер жолдамасымен рентгенге түсу, түрлі қан талдаулары, УЗИ аппараты мен компьютерлік томографияда (КТ) тексерілу, қажет болған жағдайда ота жасату тегін жүргізіледі.
-Бізге қандай да бір шағыммен келген науқасты алдымен толық тексеруден өткізіп, қан талдауларын жасатамыз. Кейде облыс орталықтары «INVIVO», «Олимп» сияқты қан талдау зертханасының нәтижесін сұратады. Ол жаққа да науқасты жолдамамен тегін өтуге жібереміз. Қуантатыны, биыл орталық емханаға сол жеке клиникалардағыдай заманауи қан талдау аппараты келді. Мамандар жаңа аппаратты игеру бойынша біліктіліктен өтті. Алдағы уақытта анализдің барлық түрлері өз емханамызда жасалатын болады, - дейді Ақмарал Жоламанқызы.
Жоғарыда ота түрлері де тегін жасалатынын айттық. Енді нақты қандай оталардың ауданда жасалатынын шолып өтейік.
-Науқасқа жоспарлы ота жасату үшін МӘМС болуы қажет және мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнет жасындағы кісілер тегін жоспарлы ота жасата алады. Аудандық ауруханада өт тас ауруы кезінде өт қалтасынан тасты алу, шап жарығына, кіндік жарығына, іштің вентральды жарығына, варикоцеле, тері қабатының қатерсіз түзілістері, аталық бездің су шемені және де тағы да басқа диагноздарына байланысты оталар жасалады. Сонымен қоса облыстық және республикалық орталықтарда өт тас ауруына, іштің вентральды жарықтары (грыжа), бауырдың эхинококкты кисталарын алу, проктолог кеңесінен кейін асқынған геморройларға, тік ішек жыланкөзіне оталар тегін жасалады. Тамырлар хирургінің кеңесінен кейін аяқ тамырларының вари­козды кеңеюі, аяқ тамырларының бітелуі диаг­нозына байланысты да тегін оталар қарастырылған. Ал жедел оталар, яғни жедел-жәрдеммен ауырып келген науқасқа сақтандырусыз жасала береді. Мысалы, жедел аппендицит, сүйек сынықтары, тағы да басқа жағдаймен науқас кенеттен түскенде шұғыл операциялар медсақтандырусыз жасалады, – дейді аудандық емхананың хирургі Самат Қанайбеков.
Иә, хирургиялық ота түрлерінің жағдайы осындай. Бұдан өзге тегін жасалатын ота түрлері өте көп. Мәселен, облыс орталықтарында кардиологиялық, тірек-қимыл жүйесіне травматологиялық және тағы басқа ота түрлері де тегін жасалады.
Мәліметтерге сүйенсек, Азия елдерінде өзге құрлықтармен салыстырғанда түрлі буын аурулары мен ұршықтың жетілмеуі көп тараған. Бұған экологиялық ахуал себеп болса керек. Бұл сөзімізді №4 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының Орта хирургиялық бөлімінің меңгерушісі Мейрамбек Жұмағұлов та қуаттады.
– Өзім жұмыс жасайтын ауруханада 1 жылда 2500-ден аса ота буынға жасалады. Біздің ауруханаға Қазақстанның түпкір-түкпірінен ота жасатуға келетін науқастар порталға тізіледі. Жаңақорған ауданынан келетін науқастар арасында көбіне тізе мен жамбас буындарының зақымдануы көп кездеседі. Медицинада оны артроз дейді. Бұл дерттің пайда болуының себебі көп. Басты орында экологиялық жағдай мен дұрыс тамақтанбау мәселесі өзекті. Майлы, тұзды тамақты көп тұтынған адам толып, артық салмақ тізеге, жамбас буындарына түседі. Осыдан сүйектің бетіндегі шеміршегі желініп ауыра бастайды. Бұл ауру І,ІІ.ІІІ,ІV дәрежелі болып бөлінеді. Науқастың жағдайы үшінші және төртінші дәрежесіне өтіп кетсе ота жасалады. Науқастың буындарын жасанды буынға, яғни титаннан жасалған протездерге ауыстырамыз. Титанды протездер адамның денесіне бейімделген, өлшеміне байланысты қойылады, – дейді ол.
Хирургтің айтуынша, елдің әрбір тұрғыны жоспар­лы операцияларды өз қалауымен Қазақ­станның кез-келген ауруханасына, өзі қалаған дәрігеріне жасата алады. Ол міндетті медициналық сақтандыру арқылы квотамен жүзеге асады.
Мейрамбек Оңғарұлының қызметіне жүгініп, емін алған азаматтар ел ішінде де аз емес екенін айттық. Соның бірі Жәмила Қадырова апамыз:
– Шамамен 10 жылдай балтырым сыздап, жамбас сүйегім мазалап көп жерге бардым. Дертіме дауа іздеп бармаған жерім қалмады. Соңында ота жасатуға бел будым. Аудандық емханадан дәрігердің рұқсатымен квота алып таңдауым мен Алматы қаласындағы №4 ауруханасына келіп орналастым. Операцияны дәрігер Мейрамбек Жұмағұлов жасады. Адамгершілігі мол, нағыз қазақтың азаматы, антына адал абзал жан екен. Ауруханаға кіргеннен емдік шараларын жасап, аяғымнан тік тұрып жү­ріп кеткенше бақылауында ұстады. Дәрігерлердің барлығы осы азаматтай болса ғой, – дейді ол ағынан жарыла.

Медициналық сақтандырылмасаңыз не болады?

Ешқандай осал топқа жатпайтын, қол-аяғы сау азамат медициналық сақтандыруға мән бермеген жағдайда түрлі дәрігерлік тегін жәрдемнен де қағылады. Сондықтан ертелі-кеш медициналық тексерістен кедергісіз өткіңіз келсе, саналы түрде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жарнасын жүйелі құйып отырудан шет қалмауыңыз керек. Оны төлеудің бірнеше тәсілі бар.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтыған түрлі сала азаматтары екі әдіспен медициналық сақтандыруды төлесе болады. Кәсібін заңдастырған, жеке кәсіпкерлігі бар тұрғындар айына 5950 теңге МӘМС төлейді. Ал, түрлі кәсіппен айналысатын, бірақ кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтар айына 4250 теңге МӘМС төлеуі керек. Бұл төлемдерді кез-келген екінші деңгейлі банктер арқылы төлей алады. Яғни, үйден шықпай-ақ қолындағы смартфонмен төлесе де болады. Екі төлем жасаудың айырмашылығы жеке кәсіпкерлігі бар адамдар өткен айларды төлей алса, өзін жұмыспен қамтыған дербес төлеушілер алдағы айларды да, яғни 1 жылдың төлемін бірден төлеп қойса болады. Сол кезде аталмыш азаматтар жоспарлы түрде ем қабылдай алады, – дейді аудандық емхананың ұйымдастыру және әдістемелік бөлімінің маманы Бауыржан Мұзафаров.
Бауыржан Қосанұлының айтуынша, емханаға немесе ауруханаға шұғыл науқастанып түскен азаматтардың тегін ем алуына мүмкіндік қарастырылған. Мұндай науқастардың шығыны МӘМС аясындағы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі арқылы төленеді.
– Өткен жылы табан астынан мазам қашып, жедел-жәрдеммен ауруханаға түстім. Дәрігерлер «аппендицит» диагнозын қойып шұғыл ота жасады. Жұмыссыз болғандықтан ешқандай жарна төлемеген едім, бірақ аудандық ауруханадан тегін ем алып шықтым. Сол кезде мамандар алдағы уақытта емханадан жоспарлы ем алуым үшін медициналық сақтандыру төлеуім керектігін түсіндірді. Қазір дербес төлеуші ретінде айма-ай төлеп жүрмін, – дейді кент тұрғыны Жандос Көпжасаров.

P.S.: Сараптамадан саралағанымыз, мемлекет қазынасындағы қаржының елдегі барлық азаматты дәрімен қамтамасыз етуге мүмкіндігі аз. Ол түсінікті де. Себебі, дәрінің басым бөлігі шет елдерден келетіні әмбеге аян. Түйгеніміз, егер сақтандыруыңыз жоқ болса, сақтық шараларынан да қағыласыз. Өйткені сақтандырусыз ағзаңыздың жай-күйін алдын ала тексерте алмайсыз. Денсаулығыңыз алдымен өзіңіз­ге аманат. Сондықтан медициналық сақтандыруды төлеу – саулығыңыздың кепілі деп біліңіз. Осы ретте, батпандап кіретін аурудың мысқалдап шығатынын да естен шығармаған абзал.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
30 наурыз 2024 ж. 380 0